Comic Con Astana-да жасанды интеллектпен жасалған арт-фильм таныстырылды

Comic Con Astana-да жасанды интеллектпен жасалған арт-фильм таныстырылды

Көктем Қарқын
Фото: Comic Con Astana

Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінде қазақтың көшпелі мәдениеті мен футуристік эстетиканы ұштастырған Tengrida: Cyber Steppe арт-фильмі көпшілікке таныстырылды.

Фестиваль аясында көрермендерге алғаш рет фильмнің үш минуттық AI-анимациялық эпизоды – V акт «Арена» көрсетілді. Бұл үзінді авторлар қалыптастырған жаңа фантастикалық әлемнің алғашқы тарауларының бірі.

Тенгрида кім?

Фильмнің басты кейіпкері – Тенгрида есімді жас қыз. Ол техно-кландар билеген болашақ әлемде әділдікті қалпына келтіру үшін кибераренаға шығады.

Оқиға адам жадын технология біртіндеп ығыстырып, ал шындықтың өзі қоғам үшін кедергіге айналған кезеңде өрбиді. Көпшілік үшін қатыгез жекпе-жек ойын-сауыққа айналған кибераренада Тенгрида мықты жауынгер Қанжармен кездеседі.

Фото: Comic Con Astana

Алайда кейіпкердің мақсаты қарсыласын жеңу ғана емес. Оның негізгі күресі – адамдарға шындықты қайта көруге мүмкіндік беру. Тенгрида көрермендердің көзіндегі таңғыштарды шешіп, нағыз күштің кек алуда емес, әділдікті қалпына келтіруде екенін көрсетеді.

Жобаның негізгі идеясы «Ақиқат пен әділдік – егіз» деген тұжырыммен беріледі.

Косплейден арт-фильмге дейін

Tengrida: Cyber Steppe идеясының және Тенгрида кейіпкерінің авторы – Алматыдан шыққан косплеер Аружан Жүнісова, Aruvibez лақап атымен танымал.

Ол 2025 жылы Comic Con Astana фестивалінде Тенгриданың авторлық образын алғаш рет таныстырған. Қазақтың ұлттық нақыштарын футуристік эстетикамен үйлестірген образ бірден көрермендер мен БАҚ назарын аударды.

Бастапқыда байқауға арналған косплей образы кейін толыққанды авторлық әлемнің негізіне айналды. Бүгінде Тенгрида – бір ғана косплей кейіпкері емес, өз тарихы мен визуалды әлемі қалыптасқан шығармашылық жобаның басты тұлғасы. Ол Comic Con Astana фестивалінің амбассадорына да айналды.

Аружан Жунусова Тенгрида идеясын жасау кезінде шабытты міндетті түрде шетелдік мәдениеттерден іздеудің қажеті жоқ екенін түсінгенін айтады. Автордың ойынша, қазақ мәдениеті мен Ұлы даланың тарихы заманауи фантастикалық әлем жасауға жеткілікті материал бере алады.

Фото: Comic Con Astana

«Біз мәдениетті негізге аламыз»

Жоба авторлары Tengrida: Cyber Steppe діни немесе рухани дәстүрді баяндауға бағытталмағанын атап өтеді.

Біздің фильм – қазақтың көшпелі мәдениеті мен эстетикасынан нәр алған авторлық фантастика. Бұл тәңіршілдікті діни немесе рухани дәстүр ретінде баяндайтын туынды емес. Тенгрида – кейіпкердің есімі. Ал жобаның өзі – арт-фильм. Біз сенімді емес, мәдениетті негізге аламыз, – дейді жоба авторлары.

Фильмді Аружан Жунусовамен бірге жетекші режиссер Әлішер Советкан, режиссер Камила Макат, продюсер Руслан Жемков және бірлескен продюсер Ержан Жунусов әзірлеген.

Фото: Comic Con Astana

Жасанды интеллект қолданылған

Жобаның тағы бір ерекшелігі – оны әзірлеу кезінде жасанды интеллект технологияларының қолданылуы.

Авторлар AI құралдарын көркем бейнелерді қалыптастыруға пайдаланған. Бұл технологиялар шығармашылық идеяны визуализациялауға және дәстүрлі мәдени элементтерді ғылыми фантастика мен киберпанк эстетикасымен біріктіруге мүмкіндік берген.

Яғни жоба технологияны тек техникалық құрал ретінде емес, жаңа көркем тіл қалыптастырудың бір тәсілі ретінде қарастырады.

Comic Con Astana-да көрсетілген үш минуттық эпизодтың соңы әдейі ашық қалдырылған. Бұл авторларға Tengrida әлемін алдағы уақытта кеңейтіп, жаңа оқиғалар мен кейіпкерлер қосуға мүмкіндік береді.

Фото: Comic Con Astana

Жоба қайда жалғасады?

Tengrida: Cyber Steppe жобасының келесі кезеңі – 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада өтетін Astana AI Film Festival фестиваліне қатысу.

Бұл алаң кино, анимация және жасанды интеллект технологияларын ұштастыратын авторлардың жобаларын таныстыруға бағытталған. Осылайша Comic Con Astana-да алғаш таныстырылған Tengrida әлемі енді басқа халықаралық аудиторияға да жол тартпақ.

Айта кетейік, Comic Con Astana 2026 фестивалі 6-9 тамыз аралығында елордада өтті. Биыл байқауға әлемнің 20-дан астам елінен қатысушылар келіп, финалға 64 косплеер өтті.

Бас жүлдені ресейлік косплеер Frau_Haku иеленді. Ол Baldur’s Gate 3 ойынындағы Лаэзель кейіпкерінің образын ұсынып, 4,5 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.

Оқи отырыңыз

{