Чемпиондар лигасы: соңғы секундтардағы гол «Қайратқа» жеңіс әкелді

Чемпиондар лигасы: соңғы секундтардағы гол «Қайратқа» жеңіс әкелді

Аян Қайырбаев
Фото: «Қайрат» ФК

Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында өз алаңында Черногорияның «Сутьеска» командасын 2:1 есебімен жеңді. Алматылық клуб екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолды бірінші іріктеу кезеңінен бастады.

Еске салсақ, өткен маусымда «Қайрат» іріктеуден сәтті өтіп, Еуропа футболының алпауыт клубтарына қарсы ойнауға мүмкіндік алған еді.

«Қайраттың» негізгі құрамы келесідей болды. Қақпашы: Темірлан Анарбеков. Алаң ойыншылары: Еркін Тапалов, Александр Мартынович, Лукас Африко, Луиш Мата, Дамир Қасабұлат, Яакко Оксанен, Александр Мрынский, Ойва Юккола, Жоржиньо, Марк Гуаль.

1-таймның 33-минутында «Қайрат» есеп ашуға жақын болды. Алайда Жоржиньо соққан голды төреші VAR жүйесі арқылы эпизодты қарап, офсайдқа байланысты есепке алған жоқ. Жалпы алғашқы таймда алаң иелері басымдық танытып, допқа иелік ету көрсеткіші 68 пайызды құраса, қонақтарда бұл көрсеткіш 32 пайыз болды.

Екі команда да қарсылас қақпасына үш реттен соққы жасағанымен, алғашқы таймда есеп ашылған жоқ.

Үзілістен кейін «Қайраттың» бас бапкері бірнеше ауысу жасады. Александр Мартынович, Дамир Қасабұлат және Еркін Тапаловтың орнына Широбоков, Эдмилсон және Туяқбаев алаңға шықты.

Ойынның 75-минутында «Қайрат» есеп ашты. Қорғаушы Лукас Африко айып алаңындағы әріптесінің пасынан кейін допты қақпаға дәл бағыттады. Алайда кездесудің 90-минутында қонақтар таразы басын теңестірді. Марко Мвалевич қапталдан берілген пастан кейін допты қақпаның жоғарғы бұрышына тоғытты.

Бірақ төреші қосқан уақытта, нақтырақ айтқанда 90+3-минутта, «Қайрат» жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырды. Исмаил Бекболат айып алаңына дәл пас шығарды, ал Марк Гуаль оны сәтті аяқтап, жеңіс голын соқты. Осылайша матч «Қайраттың» 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Қарымта кездесу Черногорияның Никшич қаласында 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні, Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де өтеді.

Оқи отырыңыз

{