Чемпион заңнан жоғары ма? Қазақстандық спортшыларға қатысты даулы оқиғалар

Чемпион заңнан жоғары ма? Қазақстандық спортшыларға қатысты даулы оқиғалар

Амангүл Тілейқызы
Фото: El.kz коллажы

Спортшының басты бағасы – жеңісі. Алайда соңғы жылдары кейбір қазақстандық чемпиондардың есімі спорттық жетістіктерімен емес, түрлі даулы оқиғалармен жиі атала бастады. Данияр Елеусіновке қатысты сот шешімі бұл мәселені тағы да қоғам талқысына шығарды. Заң алдында бәрі тең бе? Танымал спортшылардың жауапкершілігі қай деңгейде болуы керек? El.kz тілшісі соңғы жылдары қоғам назарын аудартқан спортшыларға қатысты оқиғаларға шолу жасады.

Данияр Елеусінов

Күні кеше Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы бұл тақырыпты тағы да күн тәртібіне шығарды. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты боксшыны мас күйінде көлік басқарғаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды.

Сот материалдарына сәйкес, ол бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болған. Спортшы өз кінәсін толық мойындады. Бұл соңғы уақытта қоғам назарын аударған жалғыз жағдай емес.

Қазақстандық боксшы соңғы жылдары тек спорттағы жетістіктерімен ғана емес, кәсіби мансабына қатысты түрлі даулармен де жаңалықтарға шықты. Ол бірнеше рет промоутерлерімен келіспеушілікке тап болып, ұзақ уақыт рингке шықпады. Сонымен қатар ұлттық құрама жұмысына қатысты айтқан пікірлері де қоғамда қызу талқыланды.

Теміртас Жүсіпов

2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің есімі де биыл қоғам назарын аударған оқиғаның біріне байланысты аталды. Оған жұбайына дене жарақатын келтірді деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Фото: ҰОК

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тергеу аяқталмайынша қандай да бір қорытынды жасауға болмайтынын мәлімдеп, қоғамды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.

Ал спортшының өзі жанжал болғанын растағанымен, оқиғаның өз нұсқасын айтып, әйелге қол көтеруге болмайтынын түсінетінін жеткізді. Іс бойынша түпкілікті сот шешімі әлі шыққан жоқ.

Шавкат Рахмонов

Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың өзі ешқандай құқықтық жауапкершілікке тартылған жоқ. Дегенмен оның бұрынғы жұбайының әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы қоғамда кеңінен талқыланды. Онда балалардың тәрбиесі мен әкелік жауапкершілік мәселесі көтерілген.

Фото: shavkatrakhmonov94

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырғанымен, құқықтық тұрғыдан ешқандай айып тағылған жоқ. 

Жәнібек Әлімханұлы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылы тағы бір даулы жағдайдың ортасында қалды. Ол орта салмақтағы International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.

IBF-тің ресми мәліметінше, мұндай шешім боксшының чемпиондық титулын белгіленген мерзімде қорғай алмауына байланысты қабылданған. Оның алдында Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасынан мельдоний анықталған болатын.

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы жүргізген тексеріс нәтижесінде аталған препараттың спортшы тарапынан шұғыл медициналық ем қабылдау кезінде қолданылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 31 мамырына дейін уақытша шеттетілді.

Фото: janibek_alimkhanuly

Жәнібек Әлімханұлына қатысты шеттету мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін белгіленген. Осыған байланысты ол 2026 жылғы 4 шілдеге дейін өтуі тиіс міндетті чемпиондық кездесуіне қатыса алмады.

Осыған байланысты жекпе-жек кейінге шегерілді. Кейін спортшының өтінішімен екінші сынама да тексеріліп, алғашқы нәтиже расталды.

Соған қарамастан Жәнібек Әлімханұлының командасы мен Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы тағылған айыппен келіспейтіндерін мәлімдеп, спортшының құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастырып жатқанын хабарлады.

Заң алдында бәрі тең болуы керек

Спорт сарапшысы, заңгер Марғұлан Ермағанбетұлының пікірінше, спортшының атағы немесе қоғамдағы беделі заң талаптарын өзгертпеуі тиіс.

Біз әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Оның басты қағидаты – заң үстемдігі. Сондықтан кім болса да, қандай атағы немесе мәртебесі болса да, заң алдында бәрі бірдей болуы керек. Тек заң үстемдігі болған кезде ғана әділетті қоғам қалыптасады, – дейді.

Сарапшының сөзінше, Олимпиада чемпиондары – еліміздің мақтанышы. Қазақстанда мұндай спортшылар көп емес. Олар мемлекеттік туды халықаралық жарыстарда көтеріп, ел абыройын асқақтатты. Сондықтан олардың еңбегін бағалап, құрмет көрсету – қалыпты жағдай. Бірақ бұл ешкімнің заңнан жоғары тұрғанын білдірмейді.

Фото: Марғұлан Ермағанбетұлының жеке парақшасынан 

Керісінше, танымал спортшылар қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі қажет. Өйткені жастар оларды үлгі тұтады. Олар тек спорттағы жетістігімен емес, өмірдегі іс-әрекетімен де өнеге болуы керек. Егер заң бәріне бірдей қолданылса, бұл басқа азаматтарға да сабақ болады. Қоғам дәл осыны күтеді. Ешкімнің атағы немесе мәртебесі құқықтық жауапкершіліктен босатпауы тиіс, – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, олар жастарға үлгі болатын тұлғалар. Мемлекет те, қоғам да оларды ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дұрыс өмір салтын насихаттау бағытында үлгі ретінде қабылдайды. Сондықтан олардың әрбір әрекеті көпшіліктің назарында болады.

Данияр Елеусіновке қатысты қабылданған шешімді заң талаптарына сай қабылданған қалыпты әрі әділ шешім деп есептеймін. Мұндай жағдайлар ешкімнің заңнан жоғары еместігін көрсетіп қана қоймай, өзгелерге де сабақ болуы керек. Құқықтық мемлекетте атақ пен мәртебеге емес, заңға сүйену – басты қағида, – деді Марғұлан Ермағанбетұлы.

Оқи отырыңыз

{