«Челси» Дастан Сәтпаевтың «Бернли» сапында ойнауына рұқсат бермеді

«Челси» Дастан Сәтпаевтың «Бернли» сапында ойнауына рұқсат бермеді

Айзат Айдарқызы
Фото: «Бернли» ФК

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англияның Чемпионшипінде өнер көрсететін «Бернли» клубының «Чарльтон Атлетикке» қарсы ойынына қатысқан жоқ. Бұған футболшының келісімшарты тиесілі «Челси» клубының шешімі себеп болған. Бұл туралы британдық журналист Мэтт Скрафтон хабарлады.

«Бернли» бапкері жағдайды түсіндірді

«Бернли» мен «Чарльтон Атлетик» арасындағы кездесуге жарияланған құрамда Дастан Сәтпаевтың болмауы жанкүйерлердің назарын аударды. Қазақстандық футболшы негізгі құрамға ғана емес, қосалқы ойыншылар тізіміне де енгізілмеген.

Кездесуден кейін «Бернли» бас бапкері Ники Хайен журналистерге Сәтпаевтың не себепті алаңға шықпағанын түсіндірді. Оның айтуынша, лондондық «Челси» қазақстандық футболшының осы матчқа қатысуына рұқсат бермеген.

«Челси» оның ойнауына рұқсат бермеді. Бұған футболшының бұған дейін алған ауыр жарақаты себеп болды. Қазір оның жүктемесін екі клубтың медициналық штабы бірлесіп бақылап отыр. Алайда бізге Дастанның бүгінгі матчқа қатыса алмайтынын айтты, – деді Ники Хайен.

Бапкер бұл жағдайдың көңіл көншітпейтінін де жасырмады. Оның сөзінше, Дастанның алаңға шығуы команданың шабуылдағы мүмкіндігін арттырады.

Уотфордқа» қарсы кездесуде оның ойынға қосылғанын көрдіңіздер. Дастан шабуылға қосымша қауіп төндіре алады. Ол басқа ойыншылардан ерекшеленеді, командаға жылдамдық, техникалық шеберлік және шабуылдағы таңдау мүмкіндігін береді, – деп атап өтті маман.

Соған қарамастан, Хайен футболшының денсаулығына қатысты шешім клубтар арасындағы келісімнің бір бөлігі екенін мойындады.

Сәтбаев неге ұзақ уақыт алаңға шықпады?

Еске салайық, Дастан Сәтпаев 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы кездесуде жарақат алған еді. Соның салдарынан ол біраз уақыт футболдан тыс қалды. Қазақстандық шабуылшы 11 қазанда «Уотфордқа» қарсы матчта алаңға қайта оралып, командасының 4:0 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.

Алайда жарақатына байланысты Сәтпаев Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы төрт кездесуіне қатыса алмады.

Қазір 18 жастағы футболшы «Бернли» сапында маусым соңына дейін жалға ойнап жүр. Оның негізгі келісімшарты лондондық «Челсиге» тиесілі. Ағылшын клубы қазақстандық ойыншыны 2025 жылғы ақпанда Алматының «Қайратынан» сатып алу жөнінде келісімге келген.

Дастан әзірге «Бернли» сапында бес матч өткізіп, гол соққан жоқ. Дегенмен «Челсидің» маусым алдындағы жолдастық кездесуінде гол соққан еді.

«Бернли» мен «Чарльтон Атлетик» арасындағы матч 2:2 есебімен аяқталды. Алаң иелері негізгі уақытқа қосылған алтыншы минутта гол жіберіп алып, жеңісті уысынан шығарып алды.

Оқи отырыңыз

{