Жаңалықтар

«Человек в маске»: ғалым бетперде киген азаматтың кім екенін айтты

02.06.2026 12:40
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Алаштанушы ғалым, публицист Сұлтан-Хан Аққұлы бетперде киіп қайырымдылық жасап жүрген жұмбақ азаматқа қатысты өз болжамын айтты. Оның пікірінше, көпшілік арасында қызу талқыланып жүрген бұл адам әнші Димаш Құдайберген болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қара бетперде киіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жүрген азаматтың видеолары жиі таралуда. Ол ауыр дертке шалдыққан балаларға қаржылай қолдау көрсетіп, баспанасыз отбасыларға үй алып беріп, қиналған азаматтардың мәселесін шешуге атсалысып келеді. Алайда көпшілікті қызықтыратын басты сұрақ – оның кім екені.

Бетіне бетперде, басына бас киім киген ұзын бойлы адам кім? Жұрттың бәрі оның кім екенін іштей біледі. Қандай керемет үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Мен де кім екенін іштей сеземін. Қазақтың Құдайберген Димашы деп ойлаймын. Немесе Димаштың атынан халыққа көмектесіп жүрген жақын досы. Ең қызығы, жұрттың бәрі осылай ойлайды. Қателессем де қатты ашуланбаймын, – дейді Сұлтан-Хан Аққұлы «Adal ADAM» YouTube арнасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жұмбақ адам ортамыздан шыққан қазақтың қаракөз азаматы. Халқына сондай жанашырлықпен көмектесіп, қарақан басын ойлаған байларға үлгі болар іс атқарып жүр. Қазір осындай азаматтар көбейіп жатыр.

Қоғам пікірі қандай?

Алайда ғалымның бұл пікірі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Кейбір желі қолданушылары оның болжамымен келіссе, енді бір бөлігі бетперде киген адамның Димаш емес екенін алға тартуда.

Айдос есімді қолданушы:

Бұл Димаш емес. Оралдан шыққан азамат, – деп жазды.

Ал Димаштың жанкүйері Белла:

Қайдағы Димаш? Даусы мүлде басқа ғой, бәрің кереңсіңдер ме? Оның Димашқа жұмыс істейтініне сенуге болады, бірақ өзі Димаш емес! Димаш та қайырымдылықпен айналысады және оны еш жерде жарнамаламайды. Уақыт көрсетеді, бетперде киген адамның кім екенін, – деп пікір қалдырды.

Құпия тұлға феномені

Қара бетперде киген азаматтың нақты кім екені әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оның өзі де жеке басын жарияламауға тырысады. Қоғам мұны қайырымдылық мәдениетін қалыптастырудың ерекше тәсілі ретінде бағалайды. Өйткені мұндай жағдайда назар көмекті көрсеткен адамның атына емес, жасалған игі іске ауады.

Қазақ қоғамында қайырымдылық көбіне демеушінің аты-жөнімен қатар жүретіні белгілі. Ал бетперде киген азамат керісінше, танымал болудан бас тартып, көмектің өзін алдыңғы орынға қойғандай әсер қалдырады. Бұл оның әлеуметтік желідегі танымалдығын одан әрі арттырды.

Оқи отырыңыз