08.05.2026
10:00
378

ChatGPT дәуіріндегі білім: педагогтер өзгеріске бейімделе ала ма?

Қазір оқушылар кез келген ақпаратты ChatGPT арқылы жылдам таба алады. Нейрожелілер үй тапсырмасын орындаудан бастап, жаңа тақырыпты түсіндіруге дейін көмектесіп жүр. Соның әсерінен білім беру жүйесі де жаңа технологияларға бейімделе бастады.

Жасанды интеллект білім саласын қалай өзгертіп жатыр?

Соңғы жылдары ChatGPT, Midjourney секілді платформалардың қарқынды дамуы білім беру жүйесіне де әсер ете бастады. Бұрын мұғалім ақпараттың негізгі көзі саналса, қазір оқушы кез келген сұрақтың жауабын бірнеше секундта ала алады.

Әлемдік EdTech нарығына қатысты болжамдар да осыны көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, білім беру технологиялары нарығы 2030 жылға дейін жыл сайын шамамен 36 пайызға өсіп отырады.

ChatGPT-ге тыйым салу мәселені шешпейді

Кей елдерде оқу орындары жасанды интеллектіні қолдануға шектеу қоюға тырысып жатыр. Мысалы, Франциядағы беделді оқу орындарының бірі – Institute of Political Studies ChatGPT қолдануды плагиат пен академиялық алаяқтыққа теңеп, арнайы тыйым енгізген.

Осындай бастама Ресейдің кей жоғары оқу орындарында да көтерілген. Алайда, сарапшылар пікірінше, мұндай шектеулер нәтиже бермейді. Себебі қандай да бір сервиске тосқауыл қойылған сәтте-ақ, интернетте оны айналып өтудің жолдары таралып кетеді.

Ал Қазақстанда ChatGPT-ке ресми түрде тыйым салынбаған. Керісінше, мемлекет жасанды интеллектіні білім беру мен цифрландыру саласына енгізуге қызығушылық танытып отыр.

Мәселен, биыл Қазақстандағы 165 мың мұғалімге ChatGPT Edu жүйесін тегін қолдану мүмкіндігі берілетіні хабарланды. Жоба OpenAI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Ескі білім беру жүйесі жаңа буынға сай ма?

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі дәстүрлі білім беру моделі біртіндеп ескіріп барады. Себебі бәріне бірдей тапсырма беріп, оны стандартты тестпен бағалау бұрынғыдай тиімді болмай қалған.

Әсіресе мектептерде бұл мәселе анық байқалады. Мұғалімдердің көбі жаңа цифрлық құралдарды енгізуге сақ қарайды. Әсіресе тәжірибесі мол педагогтердің арасында өзгеріске қарсылық жиі кездеседі.

Мұның соңы қоғамдағы жаңа теңсіздікке алып келуі мүмкін дейді мамандар. Бұрын «цифрлық теңсіздік» интернетке қолжетімділікпен өлшенсе, енді айырмашылық жасанды интеллектіні тиімді пайдалана алатындар мен пайдалана алмайтындардың арасында қалыптасуы ықтимал.

Болашақта мұғалімнің рөлі қандай болады?

Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастырады деген пікір жиі айтылады. Бірақ сарапшылар бұған келіспейді.

Керісінше, педагогтің рөлі өзгереді. Болашақта мұғалім тек ақпарат жеткізуші емес, оқушының қабілетін ашатын, бағыт-бағдар беретін креативті тәлімгерге айналады.

Яғни басты назар баға қоюға емес, оқушының ойлау қабілетіне, анализ жасауына, шығармашылығына және қызығушылығына аударылады.

ChatGPT мұғалімнің жұмысын қалай жеңілдетеді?

Бүгінде көптеген ұстаз ChatGPT-ді күнделікті жұмысында қолдана бастады. Оның көмегімен:

– жазба жұмыстарын тез тексеруге;
– тапсырмалар дайындауға;
– үлкен мәтіндерді қысқаша мазмұндауға;
– әртүрлі деңгейдегі оқушыларға арналған жеке тапсырмалар құрастыруға;
– презентация мәтіндерін әзірлеуге болады.

Мысалы, тіл үйрету орталықтары нейрожеліні оқушылардың грамматикасын ғана емес, мәтіннің мазмұнын бағалау үшін де пайдаланып жатыр.

Сонымен қатар бірнеше нейрожеліні қатар қолдану арқылы иллюстрация, графика, диаграмма және интерактивті материал жасау мүмкіндігі де артып келеді.

Жаңа технологияны сабаққа қалай енгізуге болады?

Сарапшылар ең алдымен өзгерістен қорықпауға кеңес береді. Себебі жасанды интеллект оқу жүйесіне енді және оны тоқтату мүмкін емес.

Мамандар педагогтерге:

– нейрожелілердің негізгі функцияларын үйренуді;
– оқу процесінде тәжірибе жасап көруді;
– әріптестер арасында тәжірибе алмасуды;
– жаңа технологияларды сабаққа біртіндеп енгізуді ұсынады.

Алдағы уақытта бұл тақырып білім саласындағы негізгі мәселелердің біріне айналуы мүмкін. Сарапшылар болжамынша, нейрожеліні оқытуға арналған арнайы курстар көбейіп, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары да өзгереді.