Жаңалықтар

Changan-ның жаңа моделі: Қытай гибрид көліктерге неге басымдық беріп жатыр?

25.05.2026 11:49
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Қытайлық Changan Automobile танымал CS75 Plus кроссовері мен Eado седанының гибридті нұсқаларын ресми түрде ұсынды. Жаңа CS75 Plus BlueCore HEV және Eado HEV модельдері Қазақстанда бензинді нұсқада сатылып жүрген көліктердің жаңартылған гибридті үлгісі саналады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Жанармай шығыны азая ма?

Екі көлік те BlueCore HEV гибрид платформасымен жабдықталған. Жүйеде іштен жанатын қозғалтқыш электромотормен және 1,7 кВт⋅сағ көлеміндегі шағын батареямен бірге жұмыс істейді. Компания бұл технология арқылы жанармай шығынын азайтып, қозғалтқыш тиімділігін арттыруды көздейді.

Eado HEV седанына 72 кВт қуат беретін 1,5 литрлік атмосфералық мотор мен 160 кВт электрқозғалтқыш орнатылған. Өндіруші мәліметінше, көліктің қала ішіндегі орташа шығыны 100 шақырымға небәрі 2,98 литрді құрайды.

Ал CS75 Plus HEV моделінде 110 кВт қуаттағы 1,5 литрлік турбоқозғалтқыш пен 180 кВт электрмоторы қолданылады. Гибрид жүйесіндегі электрқозғалтқыш минутына 20 мың айналымға дейін жұмыс істей алады.

Үш экран және DeepSeek негізіндегі жүйе

CS75 Plus HEV салонында бірден үш дисплей орналасқан. Олардың қатарында 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі, 14,6 дюймдік орталық мультимедиа экраны және жолаушыға арналған 12,3 дюймдік жеке дисплей бар.

Eado HEV интерьері қарапайымдау болғанымен, орталық экран көлемі сақталған.

Фото: ЖИ

Екі модель де TianShu OS операциялық жүйесімен жабдықталған. Жүйе DeepSeek негізіндегі дауыстық басқаруды қолдайды. Сонымен қатар жүргізушіге арналған трассалық көмекшілер, автоматты тұраққа қою функциясы және энергияны рекуперациялау технологиясы қарастырылған.

Қытай неге гибрид технологияға күш салып жатыр?

Соңғы жылдары Қытай автонарығында гибридті технологияларға қызығушылық күрт артты. Автоөндірушілер жанармай үнемдеу мен экологиялық тиімділікті басты бағыттардың біріне айналдырған. Осыған дейін Changan жаңа буындағы BlueCore гибрид қозғалтқыштарын таныстырып, олардың пайдалы әсер коэффициенті 44%-дан асатынын мәлімдеген еді.

Соған қарамастан брендтің Қытайдағы сатылым көрсеткіші төмендеп отыр. China EV DataTracker дерегіне сәйкес, 2026 жылдың сәуірінде компания ішкі нарықта 30,6 мың көлік сатқан. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 51%-ға аз.

Айта кетейік, 2026 жылдың мамыр айының басында Қазақстан нарығында Changan Eado Plus бюджеттік седаны сатылымға шыққан болатын. Бұған дейін қазақстандық БАҚ-та Changan CS75 Plus моделінің құмдағы сынағы туралы да ақпарат тараған еді.

Оқи отырыңыз