Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні

29 Қазан 2023, 00:00 1052

Бүгін, 29 қазан Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апатқа байланысты өңірге арнайы барып, өрттен қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туыстарына көңіл айтты.

Сондай-ақ Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын мәлімдеді.

Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ Президент «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы  Жалпыұлттық аза тұту туралы Жарлыққа қол қойды.

Ұлттық аза тұту күні ел аумағы бойынша мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телерадиода ойын-сауық бағдарламалар мен жарнама беру тоқтатылады.

Еске сала кетейік, 28 қазанда сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 33 кеншінің денесі табылды. Қалған 13 адам әлі іздестіріліп жатыр. 

Берік Арманов
Бөлісу: