Бүгін Испания мен Бельгия жартылай финал жолдамасын сарапқа салады

Бүгін Испания мен Бельгия жартылай финал жолдамасын сарапқа салады

Аян Қайырбаев
Фото: © Maja Hitij - FIFA / Contributor / FIFA / Gettyimages.ru

Бүгін сағат 23:50-де АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалындағы ең тартысты кездесулердің бірі өтеді. Испания құрамасы Бельгиямен кездесіп, жартылай финалдың соңгі жолдамасын сарапқа салады. Бұл матчтың жеңімпазы 14 шілдеде Далласта Франция құрамасымен финалға берілетін жолдама үшін ойнайды.

Алдағы кездесу турнирдегі ең мықты қорғаныс пен ең нәтижелі шабуылдардың бірінің текетіресі болмақ. Испания осы уақытқа дейін бес матчта бірде-бір гол жібермей, чемпионаттағы ең сенімді қорғаныс иесі атанды. Қақпашы Унаи Симон қосымша уақыттарды қоса есептегенде 10 сағаттан астам уақыт бойы өз қақпасын голдан аман сақтап келеді.

Луис де ла Фуэнте шәкірттері дәстүрлі допқа иелік ету стиліне сүйенеді. Команданың ойынын ортада Родри ұйымдастырса, Педри мен Дани Ольмо қарсылас қорғанысын кеңейтіп, доп жоғалтқан сәтте бірден жоғары қысымға көшеді.

Испанияның басты үміттерінің бірі – 18 жастағы Ламин Ямаль. Жас талант турнирде әзірге бір ғана гол соққанымен, әр кездесуде қауіпті шабуылдардың ұйытқысы болып жүр. Ал шабуыл шебінде ең нәтижелі ойыншы – төрт голдың авторы Микель Оярсабаль.

Дегенмен испандықтардың шабуыл шебі мінсіз деп айту қиын. Команда Кабо-Верде қорғанысын бұза алмай қиналса, Португалияны тек матчтың соңғы бөлігінде ғана жеңе алды.

Бельгия болса бұл әлем чемпионатында өзінің жарқын шабуылымен көзге түсіп отыр. Бес ойында 13 гол соққан «Қызыл әзәзілдердің» көрсеткіші бойынша тек Франция (16 гол) мен Аргентина (14 гол) ғана алда тұр.

Фото: Jamie Squire / Getty Images

Руди Гарсия баптайтын құраманың негізгі қаруы – жылдам қарсы шабуылдар. Шарль де Кетеларе мен Жереми Доку жылдамдығымен ерекшеленсе, тәжірибелі Кевин де Брюйне әлі де жоғары деңгейдегі ойынын көрсетіп, шабуылшыларды дәл пастармен қамтамасыз етіп келеді. Ал Ромелу Лукаку қарсылас қорғаушылары үшін басты қауіптің бірі саналады.

Алайда бельгиялықтар маңызды кездесуге шығынмен келіп отыр. Жартылай қорғаушы Амаду Онана жарақатына байланысты алаңға шыға алмайды. Сондықтан де Брюйне, Юри Тилеманс және Ханс Ванакен Испанияның Родри–Педри–Ольмо үштігінің қарқынын тоқтатуға тырысады. Егер бұл міндет орындалса, Бельгия өзінің қауіпті қарсы шабуылдарын ұйымдастыруға мүмкіндік алады.

Екі құрама соңғы рет 2016 жылы жолдастық кездесуде кездескен болатын. Сол матчта Испания 2:0 есебімен жеңіске жеткен. Содан бері испандар құрамасын түбегейлі жаңартса, қазіргі Бельгия сапында сол кездесуге қатысқан бірнеше тәжірибелі футболшы әлі де өнер көрсетіп жүр.

Испанияның сенімді қорғанысы мен Бельгияның қуатты шабуылы түйісетін бұл кездесу ширек финалдың ең қызықты матчтарының бірі болғалы тұр. Жеңіске жеткен команда әлем чемпионатының жартылай финалында Франциямен кездесіп, финал жолдамасын сарапқа салады.

Бұған дейін Франция құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алған еді.

Оқи отырыңыз

{