Буэнос-Айрестегі соңғы би: Аргентина Мессиді қалай шығарып салды?

Буэнос-Айрестегі соңғы би: Аргентина Мессиді қалай шығарып салды?

Айзат Айдарқызы
Фото: x.com/AFASeleccionEN©

6 қазан күні Месси ертегіге бергісіз халықаралық мансабын аяқтады. Футболмен тыныстайтын ел ортақ ұлын барынша сән-салтанатпен шығарып салды. Күні бұрын Буэнос-Айресте Fan Fest ұйымдастырылып, көгала түске боялған көшелерге миллиондаған жанкүйер жиналды. Автобуспен Монументал стадионына бара жатқан Месси осынша құрметті көріп, көзіне жас алды. 

Ортақ ұлға құрмет

Иә,  мыңдаған жанкүйер Аргентина құрамасының автобусын Эсейсадан «Монументаль» стадионына дейін шығарып салды. Халықтың қарасы көп болғаны соншалық, бұл көрініс 2022 жылғы әлем чемпионатын еске түсірді.  Жанкүйерлер қолдарына Аргентина туын, Мессидің 10-нөмірлі жейдесін, плакаттар мен баннерлерін ұстап, ұлттық құраманың автобусын бірнеше шақырым бойы сүйемелдеді. Автобустың ішінде отырған Месси бұл көрініске бейжай қала алмады. Ол стадионға бара жатқан жолда көзіне жас алды. 

Буэнос-Айрестің өзінде арнайы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылып, «Монументаль» маңындағы бірнеше көше жабылды. Ал AFA ұйымдастырған «Gracias, Leo» Fan Fest-і түсте басталып, түн ортасына дейін жалғасты. Онда музыка, ойындар мен интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. 

Қарсыласы да құры қол келген жоқ

«Монументальға» Мессидің отбасы ғана емес, футбол әлемінің және Аргентинаның белгілі тұлғалары келді. Трибунадан Мессидің бұрынғы серіктестері Анхель Ди Мария, Максимилиано Родригес, Леандро Паредес, Тьяго Альмада, 1986 жылғы әлем чемпионы Эктор «Негро» Энрике, бұрынғы қақпашы Луис Ислас көрінді. 

Мессидің қазіргі клубы «Интер Майами» иелерінің бірі Дэвид Бекхэм де арнайы Буэнос-Айреске ұшып келді. Сонымен қатар стадионда Франция құрамасының бұрынғы шабуылшысы әрі аргентиналық тамыры бар Давид Трезеге болды. Музыка әлемінен Чарли Гарсия мен Тини Стоссель көзге түсті. 

Ал Мессидің ең жақын досының бірі Неймар стадионда болмаса да, қоштасу күні оған арнайы жазба арнады. Бразилиялық жұлдыз «Аргентина ғана емес, бүкіл әлем сенің футболға жасағаның үшін саған алғыс айтуы керек» деген мағынада жүрекжарды тілегін жазды. 

«Монументаль» және Месси

Стадионға 85 мыңнан астам адам жиналды. Кей дереккөздер көрермен санын 90 мыңға жуық деп көрсетеді. Матч басталар алдында алаңға үлкен Аргентина құрамасының жейдесі жайылды. Оның үстінде Мессидің әйгілі 10-нөмірі мен «Рақмет» деген жазу бар. 

Месси алаңға үш ұлы – Тьяго, Матео және Чиромен бірге шықты. Трибунада оның әйелі Антонела Роккуццо мен анасы Селия Чуккиттини отырды. Ұлттық әнұран орындалған сәтте Месси тағы да көз жасына ерік берді.

Әнұранды Мальвин соғысының ардагері Фабио Сантана орындағаны да ерекше әсер сыйлады. Оның жанында «Las Malvinas son argentinas» – «Мальвин аралдары – Аргентинаға тиесілі» деген жазуы бар үлкен баннер тұрды. Бұл – Аргентина футболшылары 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны жеңгеннен кейін көтерген символдық баннер еді. 

10 нөмірдегі қаһарман

Матч басталғаннан кейін 10-минутта төреші ойынды тоқтатты. 10-нөмірлі Мессиге құрмет ретінде «Монументальдағы» 85 мыңнан астам жанкүйер бір минут бойы қошемет көрсетті. Месси қолын көтеріп, халыққа алғысын білдірді. Бенин құрамасы да құрмет көрсетті. Олар бұл кештің жай ғана кезекті жолдастық кездесу емес екенін түсінді. Матч алдында Бенин капитаны Мессиге команданың атынан естелік мүсінше мен хат табыстады. 

Ал ойын соңында Бенин футболшылары Мессидің қасына келіп, онымен суретке түсуге тырысты. Бұл көрініс Мессидің әлемдік футболдағы мәртебесін тағы бір көрсетті.

Соңғы матч: бір гол, екі ассист

Матчтың өзі Аргентина үшін 3:0 есебіндегі жеңіспен аяқталды.  Месси берген әдемі пастан кейін Николас Отаменди алғашқы голды соқты. Нико Пас та Месси берген ассистен қақпа торын тулатты. Былай қарасаңыз, қос голдың символикалық мәні бар. Өйткені Месси Аргентина құрамасына алғаш шақыртылған жылдары 18 және 19 нөмірлі жейдемен алаңға шыққан. Ал ұлттық құрамадағы соңғы ойынында Месси берген пастан гол соққан Отаменди – 18, Нико пас 19 нөмірде ойнайды. 

Ал 71-минутта Аргентина пенальти алды. Допты Мессидің өзі орындап, есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл – оның ұлттық құрамадағы соңғы голы ретінде тіркелді. Ойын соңында Месси төрешіден естелікке қызыл мен сары қағазды сұрап алды. Мұнда да мән бар. Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында алғашқы ойынын Венгрияға қарсы өткізіп, қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған-ды. 

Қоштасу рәсімі үлкен шоуға айналды

Ойын аяқталғанымен, «Монументаль» тойлауды жалғастырды. AFA матч алдында бірнеше музыкалық қойылым дайындаған. Сахнаға Ун Поко де Руидо, Себастьян Мендоса, Роман эль Орихиналь, Санти Каиро, Ку Локура және Дамас Гратис шықты. Үзілісте Los Fundamentalistas del Aire Acondicionado тобының гитарисі Гаспар Венегас  өнер көрсетті.

Ал матч аяқталғаннан кейін кешті Соледад Пасторутти мен Улисес Буэно жалғастырды. Әсіресе, Пасторуттидің орындауындағы Мессиге арналған ән ойыншының көңілінен шығып, даңқты ойыншы көзіне жас алды. Аргентиналықтар аңыз ойыншысына футболдан бөлек, музыкадан да рақат сыйлауға тырысты. 

Музыкалық мерекені одан сайын ұлықтағандай аспанда «Лео, рақмет!» деген үлкен жазу пайда болды. Мұның бәрі қала билігі ұйымдастырған дрон шоу болатын. Ары қарай мыңдаған дрон «Монументальдың» үстінде Аргентина футболына, Мессиге қатысты символика  жасады. Дрон-шоудың артынан Аргентина астанасындағы биік ғимараттар көгала түске боялды. 

Ең әсерлісі, аспанда Аргентина құрамасының үш рет әлем чемпионы атанғанын (1978,1986,2022) білдіретін үш жұлдыз жарқырады.

Месси не деді?

Мұндай шоу Мессиге сөзсіз ұнады, білем. Сән-салтанат аяқталғанша барынша көз жасын жасыруға, босамауға тырысты. Командаласы Энцо Фернандестің егіліп жылағаны көптің есінде қалды. Соңында Месси сөз алып, туған еліне, жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді. Лионель бас-аяғы 9 минут сөз сөйледі. Осындай ерекше сәтте алдымен әкесін еске алғанын, эмоцияға берілгенін айтты. Артынша ұлттық құрамада өткен ұмытылмас жылдарына тоқталды. 

«Осы жейдені киіп ұлттық құраманың намысын қорғағаныма мақтанамын. Құрама үшін барымды салдым, ең қиын кезеңде де аяқтан тұруға тырыстым. Жанкүйерлерім мені әрқашан қолдап, сүйіспеншілікке бөледі. Қай жерде ойнасақ та, өз алаңымызда жүргендей болдық», – деді ол.

Месси бірге ойнаған футболшыларға да алғыс білдіріп, мұндай сайыпқырандармен кез келген қарсыласпен күресуге дайын болғанын жеткізді.

«Мен мұндай жерден кеткім келмейді. Сендерді жақсы көремін және сендерді сағынатын боламын. Аргентиналық екенімді мақтан тұтамын. Көп рақмет», – деді ол. 

Сөз соңында оның ұлы Тьяго жылап, әкесін құшақтады. Антонела Роккуццо да көз жасын жасыра алмады. 

Аргентина атты бір белес

Месси Аргентина құрамасындағы жолын 2005 жылғы 17 тамызда Будапештте Венгрияға қарсы матчтан бастады. Дебюті өте қысқа болды. Алаңға екінші таймда шыққан жас Месси бірнеше секундтан кейін қызыл қағаз алды.

Мессидің ұлттық құрамадағы финалдық көрсеткіштері:

Осы көрсеткіштермен ол Аргентина құрамасының тарихындағы ең көп матч өткізген және ең көп гол соққан футболшы болып қала береді.  Ұлттық құрамадағы жетістіктерін жастар құрамасы мен Олимпиаданы қоса есептегенде, Мессидің Аргентинамен алты ірі халықаралық титулы бар.

Жастар және Олимпиада:

Негізгі құрамамен:

Месси Аргентинамен алты әлем чемпионатына қатысты: 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 және 2026. Әлем чемпионаттарында ол 34 матч өткізіп, 21 гол соқты. Үш рет финалға шығып, (2014, 2022, 2026) 2022 жылы қатарда өткен әлем біріншілігінде чемпион атанды. 

2026 жылғы әлем чемпионатында 39 жастағы Месси 8 гол және 4 ассист тіркеді. Сонымен қатар ол әлем чемпионатында гол соққан ең жасы үлкен аргентиналық футболшы атанды. Копа Америкада Месси 39 матч өткізіп, 14 гол соқты. Ол турнирдің жеті басылымына қатысып, бес финалға шықты. 2021 және 2024 жылдары Аргентина чемпион атанды. Ал әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Месси 72 матчта 36 гол соқты және Оңтүстік Америка іріктеуіндегі ең үздік сұрмерген атанды. 

Оқи отырыңыз

{