Бразилия елшілігі шақырған: 15 жастағы қазақ қызы қалай дипломаттардың назарына ілікті?

Бразилия елшілігі шақырған: 15 жастағы қазақ қызы қалай дипломаттардың назарына ілікті?

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz коллажы

15 жасында «Жер елшілері» қозғалысына жетекшілік етіп, шетелдік елшіліктермен және халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жүрген Айгерім Жиенбек – қоғамдық өмірге ерте араласқан белсенді жастардың бірі. Астаналық оқушы осы уақытқа дейін ондаған экологиялық бастаманы жүзеге асыруға, халықаралық кездесулер мен әлеуметтік жобаларды ұйымдастыруға атсалысқан. Ол болашақта дипломат болып, Қазақстанды әлемге танытуды армандайды. Жас көшбасшы El.kz интернет-басылымына берген сұхбатында қоғамдық қызметке қалай келгенін, қыздарға қатысты стереотиптерді, жастардың мүмкіндіктерін және болашақ жоспарын айтып берді.

«Бұрын өзіме не береді деп ойласам, қазір өзгелерге қандай пайдам тиеді деп ойлаймын»

Айгерім Жиенбек – Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы. Соңғы екі жылда ол қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, экология, жастар дипломатиясы, халықаралық ынтымақтастық және білім беру бағытындағы жобалармен айналысып келеді.

Қазір ол 500-ден астам қазақстандық жасты біріктіретін «Жер елшілері» (Earth Ambassadors) қозғалысының президенті. Алайда Айгерім қоғамдық қызметке алғаш келгенде үлкен ұйымды басқарып, халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысамын деп ойламаған.

Фото: Айгерім Жиенбектің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, бәрі өзін дамытуға деген қарапайым қызығушылықтан басталған. Мектептен тыс жаңа орта тауып, түрлі жобаларға қатысып, тәжірибе жинағысы келген. Бір күні құрбысының ұсынысымен «Жер елшілері» қозғалысы туралы біліп, өз мүмкіндігін сынап көруге шешім қабылдаған.

Алғашында қоғамдық жұмысқа өзімді дамыту, жаңа тәжірибе жинау үшін келдім. Бұрын «Бұл маған не береді?» деп ойласам, уақыт өте келе «Мен өзгелерге қандай пайда тигізе аламын?» деген сұрақ пайда болды. Бір іс-шараны ұйымдастырып, оның нәтижесін көргенде, жүздеген адамның ортақ идеяға біріге алатынын түсінесің. Сол кезде бұл жұмыстың тек сертификат немесе портфолио үшін жасалмайтынын сезіндім, – дейді Айгерім.

Бүгінде ол басқаратын қозғалыс тек экологиялық акциялармен шектелмейді. Жастар дипломатиясы, білім беру, медиа, халықаралық ынтымақтастық және әлеуметтік бастамалар да ұйым жұмысының маңызды бөлігіне айналған.

«Жер елшілері» қозғалысы 2014 жылдан бері жұмыс істейтін «Тұрақты даму» Жер қорының аясында құрылған. 2023 жылы қор жанынан жастарды біріктіретін жеке платформа қалыптастыру бастамасы көтерілген. Қозғалыстың жетекшісі әрі тәлімгері – Бесен Алан Балтабайұлы.

Айгерімнің сөзінше, ұйымның негізгі мақсаты жастарды дайын іс-шараларға қатыстыру ғана емес, олардың өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру.

Біз үшін «Жер елшісі» деген тек ағаш отырғызатын адам емес. Ол – өз қаласына, еліне және қоғамға жауапкершілікпен қарайтын жас көшбасшы. Жастарға «Біздің іс-шарамызға келіңіз» дегеннен гөрі, «Сіз қандай мәселені шешкіңіз келеді және оны бірге қалай жүзеге асыра аламыз?» деген ұстаным жақын, – дейді ол.

Қозғалысқа қосылғысы келетін жастар ұйымның әлеуметтік желідегі парақшасына хабарласа алады. Әр қатысушы қызығушылығына қарай экология, дипломатия, медиа немесе ұйымдастыру жұмыстарына араласады.

Президентпен бірге ағаш еккен күн

Жас белсендінің қоғамдық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – экология. Айгерім осы уақытқа дейін шетелдік елшіліктермен, халықаралық ұйымдармен және отандық компаниялармен бірлесіп, 50-ден астам ағаш егу акциясын ұйымдастыруға атсалысқан.

Серіктестер қатарында Канада елшілігі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы кеңсесі, «ҚазМұнайГаз», «Қазақмыс» және басқа да ұйымдар бар.

Алайда Айгерім мұндай іс-шаралардың сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ұйымдастыру жұмысы күрделі екенін айтады. Әуелі ағаш егілетін аумақ анықталып, мектеп әкімшілігімен және серіктестермен келісім жасалады. Топырақтың жарамдылығы, көшеттің түрі және кейінгі күтімі де назардан тыс қалмауы керек.

Фото: Айгерім Жиенбектің жеке мұрағатынан

Көпшілік ағаш егуді бір күндік іс-шара деп ойлауы мүмкін. Себебі кейде адамдар жиналып, көшет егіп, суретке түсіп кете береді. Бірақ біз үшін ең маңыздысы – сол ағаштың кейін өсіп шығуы. Бірнеше жылдан соң мектеп оқушылары өзіміз еккен ағаштың көлеңкесінде демалып отырса, еңбегіміздің шынайы нәтижесі сол болады, – дейді ол.

Айгерімнің есінде ерекше сақталған сәттердің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан ағаш егу іс-шарасы. Бұған дейін Мемлекет басшысының сөздерін теледидардан тыңдап жүрген оқушы сол күні мемлекет басшысын жақыннан көріп, табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілік туралы пікірін тікелей тыңдауға мүмкіндік алған.

Іс-шара барысында ол министрлермен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен де пікір алмасқан.

Сол күні үлкен өзгерістер тек жоғары деңгейдегі шешімдерден басталмайтынын түсіндім. Президент те, министр де, мектеп оқушысы да ағаш еге алады. Табиғатты қорғау – белгілі бір адамның немесе ұйымның ғана міндеті емес. Бұл – қоғамның әр мүшесіне ортақ жауапкершілік, – дейді жас белсенді.

Экологиялық бастамалардан бөлек, Айгерім жастарды әлеуметтік мәселелерге назар аударуға шақыратын жобаларды да ұйымдастырып жүр.

Соның бірі – Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп өткізілген ауқымды флешмоб. Оған 300-ге жуық оқушы қатысып, «Таза Қазақстан» деген кескіндеме қалыптастырған. Биыл бұл бастама жалғасын тауып, қатысушылар «Заң мен тәртіп» деген жазу жасаған.

Айгерім мұндай жобалардың басты ерекшелігі жастарды жай тыңдаушы емес, қоғамдық бастаманың тікелей қатысушысына айналдыруда екенін атап өтті.

Бразилия елшілігі жас оқушыны кездесуге шақырған

Айгерімнің қызығушылығы экологиямен ғана шектелмейді. Ол халықаралық қатынастар мен дипломатия саласына да ерекше көңіл бөледі. Қазір шетелдік елшіліктермен байланыс орнатып, түрлі кездесулер мен бірлескен жобаларға қатысып жүр. Дегенмен алғашқы кезде дипломатиялық өкілдікке хат жазудың өзі оған үлкен жауапкершілік болып көрінген.

Жас белсендінің халықаралық байланыс орнатудағы алғашқы есте қаларлық тәжірибелерінің бірі Бразилия елшілігімен байланысты.

Фото: Айгерім Жиенбектің жеке мұрағатынан

Айгерім бір кездері Бразилия мәдениетіне қызығып, шағын португал тілі мен мәдениеті клубын жүргізген. Клуб қатысушылары португал тілін үйреніп, Бразилия туралы фильмдер көріп, сол елдің мәдениетімен танысқан. Кейін Бразилия елшілігінің өкілдері оның әлеуметтік желідегі белсенділігін байқап, кездесуге өздері шақырған.

Бұл кездесу маған халықаралық байланыс орнату үшін міндетті түрде үлкен лауазым немесе көпжылдық тәжірибе қажет емес екенін көрсетті. Ең бастысы – нақты идеяң болуы, оны дұрыс жеткізе білу және сенім қалыптастыру. Қазір дипломатиялық өкілдермен сөйлесу бұрынғыдай қиын емес. Бірақ әрбір жаңа кездесу мен үшін жаңа тәжірибе, – дейді Айгерім.

Оның айтуынша, дипломаттармен кездесулер болашақ мамандығына деген көзқарасын да өзгерткен.

Бұрын дипломат дегенде көпшілік алдында еркін сөйлейтін, ресми келіссөз жүргізетін адамды елестетсе, қазір бұл мамандықтың әлдеқайда терең екенін түсінген.

Дипломатияда жақсы сөйлеу ғана емес, тыңдай білу де маңызды. Дұрыс сұрақ қою, өзге адамның ұстанымын түсіну, оның мәдениетін құрметтеу және ортақ мүдде табу қажет. Мен кездескен дипломаттардың мамандыққа келу жолдары да әртүрлі. Бірі халықаралық құқықтан, енді бірі экономика немесе саясаттану саласынан келген. Бұл маған дипломатияға апаратын жалғыз жол жоқ екенін түсіндірді, – дейді ол.

Айгерім қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Қазір қытай тілін үйреніп жүр. Оның пікірінше, шет тілдерін білу халықаралық ортада жұмыс істеуге ғана емес, өзге халықтардың мәдениетін тереңірек түсінуге көмектеседі.

Жас көшбасшы тіл арқылы адамдар арасында сенім қалыптастыруға болатынын айтады. Тіпті өзге адамның ана тілінде айтылған бірнеше сөздің өзі ресми әңгімеден әсерлі болуы мүмкін.

«Сен қызсың ғой»: жас көшбасшы қоғамдағы стереотиптерді сынады

Айгерім үшін маңызды тақырыптардың бірі – қыздардың құқығы мен гендерлік теңдік. Ол бұл мәселені тек халықаралық жиындарда талқыланатын тақырып емес, күнделікті өмірде кездесетін құбылыс деп есептейді.

Жас белсендінің айтуынша, кейде қоғамдағы қалыптасқан түсініктер қыздардың өз қабілетін көрсетуіне кедергі келтіреді.

«Сен қызсың ғой», «Қыз балаға бұлай жасау жараспайды», «Бұл сала қыздарға арналмаған» деген сөздерді мен де бірнеше рет естідім. Бір қарағанда жай ғана сөз сияқты көрінеді. Бірақ қыз бала мұндай пікірді кішкентайынан ести берсе, уақыт өте келе өз мүмкіндігіне өзі шектеу қоя бастауы мүмкін, – дейді ол.

Айгерімнің пікірінше, қоғам қыз балаларға кейде бір-біріне қайшы талаптар қояды. Қоғам олардың білімді, белсенді болғанын қалайды, бірақ өз ойын батыл айтып, үлкен мақсат қойғанын әрдайым қолдай бермейді.

Фото: Айгерім Жиенбектің жеке мұрағатынан

Әсіресе саясат, мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар және көшбасшылық салаларында әйелдердің кәсіби қабілетінен бұрын жынысына немесе сыртқы келбетіне назар аударатын жағдайлар кездесетінін айтады. Өзі де қоғамдық жұмыс барысында атқарып жүрген қызметіне қатысы жоқ пікірлер естіген.

Мен үшін гендерлік теңдік әйелдер мен ерлерді бір-біріне қарсы қою емес. Бұл – адамның қабілетін жынысына қарап емес, біліміне, еңбегіне және кәсібилігіне қарап бағалау. Болашақта қыз бала мамандық таңдағанда «Бұл қыздарға арналған сала ма?» деп емес, «Мен осы саланы жақсы көремін бе, мұнда жетістікке жете аламын ба?» деп ойлағанын қалаймын, – дейді Айгерім.

Ол қыздарға мүмкіндік берумен қатар, сол мүмкіндікті пайдалануға сенім қалыптастыратын орта қажет деп санайды. Бұл ретте білім беру, тәлімгерлік қолдау, қауіпсіз орта және әйел көшбасшылардың үлгісі маңызды.

Мектеп пен қоғамдық жұмысты қалай қатар алып жүр?

Қоғамдық жобаларға белсенді араласып, халықаралық кездесулер ұйымдастырып жүрген Айгерім мектептегі сабағын да назардан тыс қалдырмайды. Дегенмен оқу мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру оңай емес екенін жасырмайды.

Оның күнделікті уақыты сабаққа дайындалуға, түрлі кездесулерге қатысуға және жобаларды ұйымдастыруға жұмсалады. Кейде күтпеген шаруалар шығып, алдын ала құрған жоспарын өзгертуге тура келеді. Соған қарамастан, ол әр күнін тиімді өткізуге тырысады.

Қоғамдық жұмыс маған бос уақытты күтіп отырмай, оны өзің табу керек екенін үйретті. Кейде мектептен кейін бірнеше сағат сабақ оқып, содан соң жобалармен айналысамын. Жолда келе жатып хаттарға жауап беретін, үзіліс кезінде ұйымдастыру мәселелерін шешетін кездер де болады. Бірақ қанша жұмысым болса да, білім бірінші орында тұруы керек. Өйткені болашақтағы барлық мүмкіндіктің негізі – сапалы білім, – дейді ол.

Айгерімнің мектептегі сүйікті пәндері – Қазақстан тарихы мен ағылшын тілі. Оның пікірінше, өз елін халықаралық деңгейде танытқысы келетін адам ең алдымен туған жерінің тарихын терең білуі қажет. Ал ағылшын тілін меңгеру шетелдік мамандармен байланыс орнатып, халықаралық жобаларға қатысуға жол ашады.

Болашағын дипломатия және халықаралық қатынастар саласымен байланыстыратын Айгерімді әйелдер дипломатиясы, халықаралық қауіпсіздік, экология және жаңа технологиялардың қоғамға әсері ерекше қызықтырады.

«Жастарға мүмкіндік бар, бірақ ақпарат жетіспейді»

Айгерімнің айтуынша, бүгінде қазақстандық жастардың білім алып, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік көп. Интернет пен халықаралық бағдарламалардың арқасында мектеп оқушыларының өзі шетелдік жобаларға қатысып, түрлі елдің жастарымен тәжірибе алмаса алады. Алайда мұндай мүмкіндіктер туралы ақпарат барлық жасқа бірдей жете бермейді.

Мәселен, Астана мен Алматыдағы оқушылар халықаралық бағдарламалар, конференциялар мен байқаулар туралы жиі естиді. Ал ауылдық жерлерде немесе шағын қалаларда тұратын талантты жастар осындай мүмкіндіктерден хабарсыз қалуы мүмкін.

Фото: Айгерім Жиенбектің жеке мұрағатынан

Меніңше, мәселе мүмкіндіктің жоқтығында емес, сол мүмкіндіктер туралы ақпараттың бәріне бірдей жетпеуінде. Сондықтан жастарға ең алдымен тең мүмкіндік қажет. Сондай-ақ оларға бағыт-бағдар беретін тәлімгерлер керек. Кейде жас адамның жақсы идеясы болғанымен, оны қалай жүзеге асыруды, кімнен көмек сұрауды білмейді. Ең бастысы – жастарға сенім арту қажет. Оларға тек «Болашақта елді дамытасыңдар» деп айта беру жеткіліксіз. Қазірдің өзінде жауапкершілік жүктеп, маңызды шешімдер қабылдауға қатыстыру керек. Өйткені жастар – тек болашақ емес, бүгінгі қоғамның да толыққанды мүшесі, – дейді Айгерім.

Жас белсенді мұндай ұстанымды өз жұмысында да басшылыққа алады. Қазір ол 28-29 қазанда өтетін халықаралық экологиялық конференцияны ұйымдастыруға атсалысып жүр.

Аталған жиында мемлекеттік органдардың, шетелдік елшіліктердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдерінің, сарапшылар мен жастар көшбасшыларының басын қосу жоспарланған. Қатысушылар экология мен тұрақты даму мәселелерін талқылап, өзара тәжірибе алмасады.

Конференцияның алғашқы күні негізгі мәселелерді талқылауға арналса, екінші күні тәжірибелік сабақтар мен білім беру іс-шаралары өтеді.

Айгерім ұйымдастырушылардың бірі ретінде конференция бағдарламасын әзірлеуге, баяндамашылармен және дипломатиялық өкілдермен байланыс орнатуға, сондай-ақ ұйымдастыру тобының жұмысын үйлестіруге жауапты.

Оның айтуынша, мұндай ауқымды іс-шараны өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірде шетелдік дипломаттармен келіссөз жүргізсе, енді бірде ұйымдастыру барысында туындаған мәселелерді шешуге тура келеді. Соған қарамастан, Айгерім бұл жұмысты тәжірибе жинап, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдаудың жақсы мүмкіндігі деп санайды.

«Үлкен жетістік кішкентай қадамнан басталады»

Айгерім өз қатарластарына алғашқы қадам жасаудан қорықпауға кеңес береді. Оның айтуынша, жастар кейде өзіне сенімсіздік танытып, белгілі бір іске кірісуді кейінге қалдырады. Бірі ағылшын тілін жетік меңгерген соң жоба бастағысы келсе, енді бірі жеткілікті тәжірибе жинағаннан кейін ғана халықаралық бағдарламаларға қатысуды ойлайды. Алайда жас белсенді тәжірибе жинаудың ең тиімді жолы – әрекет ету деп есептейді.

Фото: Айгерім Жиенбектің жеке мұрағатынан

Мен де қоғамдық жұмысқа алғаш араласқанда бүгінгідей тәжірибем болған жоқ. Ресми хатты қалай жазу керегін толық білмедім, дипломаттармен алғаш сөйлескенде толқыдым. Бірақ әр қадам маған жаңа нәрсе үйретті. Сондықтан қатарластарыма бәріне дайын болғанша күтіп отырмауға кеңес беремін, – дейді ол.

Айгерімнің пікірінше, қандай да бір бастама бірден қолдау таппаса, одан бас тартудың қажеті жоқ. Керісінше, әр сәтсіздіктен сабақ алып, алға ұмтылу маңызды.

Он ұйымға хат жазсаңыз, тоғызы жауап бермеуі мүмкін. Бірақ сол бір жауап өміріңізді өзгертіп жіберуі ықтимал. Сондай-ақ өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Әлеуметтік желіде адамдардың көбіне жетістігін ғана көреміз. Ал оның артында қаншама еңбек, қателік пен сәтсіздік жатқанын біле бермейміз. Мен үшін жетістік – өзгелерден озып шығу емес, кеше қолыңнан келмеген істі бүгін орындай алу, – дейді Айгерім.

«Қазақстанды әлемге танытатын дипломат болғым келеді»

Айгерім болашағын дипломатия және халықаралық қатынастар саласымен байланыстырады. Алайда ол үшін дипломат болу – жоғары лауазымға қол жеткізу ғана емес, ел мүддесін халықаралық деңгейде қорғап, маңызды мәселелердің шешілуіне үлес қосу.

Жас белсендінің айтуынша, бүгінде дипломатия тек мемлекеттер арасындағы ресми кездесулер мен келіссөздерден тұрмайды. Климаттың өзгеруі, жасанды интеллект, цифрлық қауіпсіздік, су ресурстары мен гендерлік теңдік мәселелері де халықаралық қатынастардың маңызды бөлігіне айналған. Сондықтан Айгерім болашақта осы бағыттар бойынша білімін тереңдетіп, халықаралық тәжірибе жинауды көздейді.

Қазір әлем жылдам өзгеріп жатыр. Соған байланысты дипломаттарға қойылатын талаптар да артып келеді. Мен Қазақстанның мүддесін халықаралық деңгейде қорғай алатын, елімізді лайықты таныстыратын маман болғым келеді. Әрине, 15 жасымда болашақта нақты қандай қызмет атқаратынымды айта алмаймын. Бірақ қай салада жүрсем де, Қазақстанды әлемге танытып, қоғамға пайдамды тигізгім келетінін анық білемін, – дейді Айгерім.

Жас көшбасшы алдағы уақытта білімін жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинауды және бастаған жобаларын дамытуды көздейді. Оның пікірінше, үлкен жетістікке жету үшін жас мөлшері емес, адамның ынтасы мен табандылығы маңызды.

Оқи отырыңыз

{