БҚО-дағы құтқарушы: «Біз өз жұмысымызды ерлік санамаймыз»

4 Сәуір, 12:00 1873

Елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. Осы бір аласапыран кезеңде құтқарушылар күн-түн демей күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Олардың бірі халықты эвакуациялап, қауіпсіз аймаққа жеткізу жұмыстарына жұмылдырылса, енді бірі ауылдағы мал басын аман алып қалуда барынша күш-жігерін төгуде. Келесі бірі су тасқыны салдары мен алдын алу шараларын атқарып жүр. Олар өзгенің өміріне араша түсу үшін өз жанын шүберекке түйіп, қауіпті аймақтарға бірінші боп жететін бүгінгі күннің батырлары. Солардың бірі – Бауыржан Давлетов.

26 жастағы құтқарушы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы су тасқынымен күресу жұмыстарының басы-қасында жүр. Өзі Бөрлі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бас маман боп жұмыс істейді. Соңғы 5 жылдан бері  қауіп пен қатерге толы салада өз міндетін аса жауапкершілікпен атқарып жүрген құтқарушы. Алайда жас жігіт өз жұмысын ешқандай да ерлікке баламайды. Өзінің міндеті деп санайды.

Осы ретте біз төтенше жағдай жарияланған өңірдегі құтқарушы Бауыржан Давлетовтің өзімен тілдесіп, аймақтағы қазіргі ахуал мен жалпы құтқару жұмыстары туралы сұрап білдік.

El.kz: Бауыржан Сәлімжанұлы, алдымен өзіңіз туралы аз-кем мағлұмат бере кетіңізші... Бұл салаға қалай келдіңіз?

Бауыржан Давлетов: Мен осы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында 1997 жылдың 16 қарашасында дүниеге келгенмін. 11 сыныпты бітірген соң сол кездегі Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтына оқуға түстім. Аталған оқу орнында «Өрт қауіпсіздігі инспекторы» мамандығы бойынша білім алдым. Қолыма диплом алған соң Бөрлі аудандық төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа тұрдым. Қазіргі таңда сол бөлімде бас маман боп жұмыс істеймін.

El.kz: Жалпы облыстағы, соның ішінде Бөрлі ауданындағы қазіргі ахуал қандай?

Бауыржан Давлетов: Ауданда су басу қаупі әлі де төмендеген жоқ. Қазір өзендегі су деңгейі бірқалыпты болғанымен, тәуліктің кей сағаттарында су деңгейінің көтерілуі анықталуда. Оның бәрі ауа температурасының жоғарылауына байланысты. Яғни, күндізгі уақытта күн жылынады, кешке төмен түседі дегендей. Соңғы мәлімет бойынша бізде күндіз ауа температурасы +17 градусқа дейін көтерілді. Далада қалған қар еріп, өзенге құйылып жатыр. Сондықтан біз әлі де күшейтілген режимде жұмыс істеудеміз.

El.kz: Жалпы су тасқынының қаупі туралы хабарды қашан естіңіздер? Хабарды ала салысымен қандай жұмыстар жүргізілді?

Бауыржан Давлетов: Негізі көктем мезгілі келе салысымен еріген қар суынан өзендерде су деңгейі көтеріліп, су тасу қаупі болатыны туралы жыл сайын хабар беріледі. Биылғы су тасқынына қарсы шараларды айтсақ, дайындық жұмыстарын біз былтыр күзден бастадық. Алдын ала жоспар құрылды. Олардың орындалуын қадағалау бойынша бағыт-бағдарламалар берілді. Биыл наурыздың 19-ынан бастап бізде ауа температурасы жылынып, қардың қарқынды еруі басталды. Оның алдында синоптиктер тарапынан күн қатты жылынуы ықтимал деген хабарлама алғанбыз. Сол сәттен бастап су тасқыны болуы мүмкін деген болжаммен жоғары дайындықта тұрдық. Наурыздың 24-інде ауданымызға үлкен су келіп, оның салдары бірінші болып біздің Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласына келіп жетті. Бұл жерге тек күн жылынып, қардың еруі емес, оған қоса толассыз жауған жауын-шашынның да әсері болды. 24-інен 25-сіне қараған түні ауданда өте көп мөлшерде жауын-шашын болды.

Наурыздың 24-і күні мен қасымдағы өзге де құтқарушылармен бірге «Қызылтау», «Строитель – 3» ықшам аудандарына жұмылдырылдық. Сонымен қатар үй аулаларына, су басу қаупі бар аумақтарға қап-қап құм, инертті заттарды тасу жұмыстарымен жүрдік. Халыққа да дер кезіне ескерту беріліп, құтқару жұмыстарды атқардық. Кейін Бесағаш ауылдық округіне қауіп төнді деген хабар жетіп, сонда бардық. Ол жақта әр үйге кіріп тұрғындарды эвакуациялап, кейін ұсақ, ірі қара малды қауіпсіз аймаққа айдау жұмыстарын жүргіздік. Инертті заттарды төсеу, су сору жұмыстары жалғасты. Ол жақта үш күндей жүрдік-ау шамасы. Кейін Пугачев, Аралтау ауылдық округтерінде тиісті жұмыстарды атқардық.

Бесағаштан қайтып, қазіргі уақытта Ақсай қаласындағы «Строитель – 3» ықшам ауданында су басу қаупі бар үйлердің аулаларында су сору жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізде Шыңғырлау деген өзен бар. Сол өзен Бөрлі ауданы арқылы өтеді. Биыл сол өзен бойындағы ауылдардың аулаларын су басты. 

(Фото: құтқарушының жеке мұрағаты)

El.kz: Ауданда нақты қанша тұрғын эвакуацияланды?

Бауыржан Давлетов: Шынымды айтсам, нақты санын білмейді екенмін. Мұндай қиын сәтте біз статистикаға қарап, нақты санын анықтап отыра алмаймыз. Құтқарушылар – аты айтып тұрғандай, құтқару жұмыстарын жүргізеді. Эвакуацияланған адам саны туралы ақпаратты әкімдіктегілер айта жатар.

El.kz: Су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу барысында есіңізде қалып қойған және өзіңіз үшін қиынға соққан сәтті айтып бере аласыз ба?

Бауыржан Давлетов: Тек мен емес, кез келген құтқарушы үшін әрбір сәт ерекше сәтімен есте қалады деп ойлаймын. Бірақ оны ерлік санамаймыз. Себебі ол - біздің міндетіміз. Әртүрлі жағдайлар кездесті. Ересектерді, балаларды су басқан аумақтан көтеріп алып шыққан кездер болды. Қатты қорқып қалған халыққа психологиялық тұрғыда басу айтатын, «Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады» деп демеу болған сәттер де кездесті. Көздері мөлдіреп, бойларын үрей басқан, әлі тілі шықпаан сәбилерді де құтқардық. Соның ішінде «Сторитель – 3» ықшам ауданындағы құтқару жұмыстарын айтқым келіп отыр. «Ауданға үлкен су келді, үйлер су астында қалуы мүмкін» деген хабарды естіген тұрғындар қатты қорқып, үреймен отырды. Барлығына дер кезінде бардық десем болады. Көмек дер кезінде көрсетілді. Қазір шүкір, тұрғындар үйлерінде тұрып жатыр. Қазір мені көрсе, құдды бір туысын көргендей қуанып, қарсы алып жатады. Негізі Ақсайдағы дәл осы ықшам ауданда су басу қаупі басым болды.  

Біз тек тұрғындарды емес, мал басын да қауіпсіз аймаққа шығарып жатамыз. Бір қарт кісі бар. Зейнеткер өзі қауіпсіз аймаққа шығып үлгерген. Қорада малы қалып қойған. Қасымдағы әріптесім екеуміз бұзауларды біртіндеп жерге жығып, аяқтарын байладық. Сиырлары артынан ертіп, сыртқа шығардық. Кейін атшанамен қыр жаққа айдап әкеттік. Ол жақта су басу қаупі өте жоғары болатын. Ағыс енді күшін ала бастаған. Біз дер кезінде барып үлгерген екенбіз.

El.kz: Көз алдыңызда су астында қалған үйлер құлап немесе суға мал батып кеткен сәттер болды ма?

Бауыржан Давлетов: Өтірік айтпай-ақ қояйын, биыл көз алдымда үй құлап, қираған сәттер болмады. Үйге топан су кіріп, оны техникалармен шығарып үлгере алмай жатқан кездер болған шығар. Себебі алғашқы күндері аздап ауыр болды. Төрт түліктің де суға ағып жатқанын көрмедім.

El.kz: Су тасқынының қаупі қашанға дейін созылады? Болжам бар ма? Себебі халық әлі де үрейде отыр...  

Бауыржан Давлетов: Болжам жасау үшін алдымен өзендердегі су деңгейі төмендеуі керек. Мәселен, былтыр бізде су тасқынының қаупі наурыздың 10-ынан басталып, 23-іне дейін созылды. Шамамен екі апта болды. Жоғарыда айтып өткенімдей, биыл жауын көп мөлшерде жауды. Күн кенеттен жылып кетті. Су көп болған соң тиісінше қауіп уақыты да ұзара береді. Бұл жерде бірнеше фактор әсер етіп тұр ғой. Тіпті алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын қарап отыруға бізде уақыт жоқ.  Сондықтан нақты болжамды айта алмаймын.

El.kz: Қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырсыздар. Соңғы рет үйіңізге қашан бардыңыз?

Бауыржан Давлетов: Төтенше жағдай жарияланғандықтан таңертең жұмысқа барып, кешке қайту деген жоқ. Бекітілген аумақта тиісті деңгейде жұмыстарды атқарып болған соң ғана демаламыз. Кейде сол жерде тамақтанамыз, сол жерде мызғып та аламыз. Шынымды айтсам, ата-анам, бауырларым менің бұл жұмыс режиміме үйреніп қалған (күліп).

(Фото: құтқарушының жеке мұрағаты)

El.kz: Жалпы құтқарушылардың жұмысы топтық жұмыс екенін білеміз. Ауызбіршілік қажет. Дегенмен кей сәттерде бір-бірлеріңізді дұрыс түсінбей қалып жататын сәттер бола ма?

Бауыржан Давлетов: Бәріміздің атқарып отырған жұмысымыз бен міндетіміз бір. Ол – құтқару, апаттың салдарымен күресу және апаттың алдын алу. Сондықтан әркім тиісті бағыт-бағдар бойынша өзіне жүктелген жұмысты атқарады. Түсініспеушілік, сөзге келіп қалу деген мүлдем болмаған. Бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз десем де болады.

El.kz: Жалпы осы 5 жылдық еңбек өтіліңізде қандай қиын сәттерге тап болдыңыз?

Бауыржан Давлетов: Қандай да бір төтенше жағдай орын алса, бізді сол жаққа жібереді. Бізге жыл бойына тыным жоқ. Мәселен, көктемде су тасқыны болса, қыста қар көшкіні болып, жолда тұрып қалған көліктерге көмекке шығамыз. Осыдан 1-2 жыл бұрын шекара қасында 50 шақты көлік қар құрсауында қалып қойғаны бар. Шақырту бойынша дереу сонда жетіп, тіпті қолға күрек алып, тазалаған кезіміз болды. Ал жазда шомылу маусымы, жаздың соңында дала, орман өрті деген сияқты... Қысқасы, 24/7 кез келген шақыртуға дайын тұрамыз ғой.

El.kz: Осыдан бірнеше күн бұрын БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке барған құтқарушыға тұрғындардың бірі пышақ сұғып алған екен. Естуіңіз бар ма?

Бауыржан Давлетов: Иә, ол оқиға туралы естідім. Біздің облыста болған екен. Бірақ қай ауданда болғанын, ол құтқарушының қазіргі жағдайы туралы хабарсызбын. Шынымды айтсам, дәл қазіргі сәтте ұялы телефон ақтарып, жаңалық қарап отыруға уақытымыз да жоқ.

El.kz: Жалпы өзіңіз осындай оқыс оқиғаларға тап болғансыз ба?

Бауыржан Давлетов: Су тасқыны кезінде болған емес. Ал басқа кездерде тура пышақ жарақаты болмаса да жалпы кейде кездесіп тұрады. Мәселен, шомылу маусымында біз бөлім қызметкерлерімен бірге жыл сайын демалыс орындарына барып, табиғатқа шыққан азаматтарға суға бату қаупінен сақтану шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Кейбіреулері біздің бұл ескерту шараларымызды елегісі келмейді. Кейде ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отырған азаматтар не істеп, не қойғандарын білмей, өзімізге тап беретін сәттер боп тұрады.   

El.kz: Шыныңызды айтыңызшы, кейде неге осы саланы таңдадым екен деп өкінген сәтіңіз болды ма? Не дегенмен құтқарушы болу аса жауапкершілікті талап ететін ауыр қызмет. Оның үстіне үйден жиі жырақта жүруге тура келеді...

Бауыржан Давлетов: Адам болған соң эмоционалды тұрғыда шаршауың мүмкін. Бірақ бір күндік демалыстан соң оны ұмытып кетесің. Ал неге бұл мамандықты таңдадым деген сиықты өкіну мүлдем болған емес. Жұмысым өзіме ұнайды.  

(Фото: құтқарушының жеке мұрағаты)

El.kz: Апат айтып келмейтіні анық. Дегенмен су тасқыны кезінде халық бірінші кезекте нені білгені абзал? Құтқарушы ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

Бауыржан Давлетов: Су тасқыны болу қаупі бар деген хабарды ести сала бірінші кезекте үй ішіндегі барлық бағалы мүлікті мейлінше биік жерге қойып, жарық, электрлі газ, су жүйелерін өшіру қажет. Сонымен қатар құжаттарды, ақша, бағалы заттарды өзімен бірге алып, эвакуациялауға дайын болған жөн. Қауіпсіз аймақта туыстары тұратын болса және тұрғындардың жеке көліктері бар болса, мейлінше сонда жеткені абзал. Ал өздігінен қауіпсіз аймаққа жете алмайтын болса, құтқарушыларды күткені дұрыс. Егер эвакуациялау шараларына үлгермей, үйде қалып қойса, 114 немесе 101 нөмірлеріне хабарласып, көмек күту керек. Бұл аралықта су көтеріліп жатса, мейлінші биік жерде тұру қажет. Осы ретте айта кететін бір жайт, қаншама дабыл қағылып жатса да оны елемей, алаңсыз отыруға тағы болмайды. Оның соңы қиын жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Өйткені адам өмірі бірінші кезекте өз қолында. Төтенше жағдайлар қызметкерлері барлығына бірдей дер кезінде жетіп үлгермеуі мүмкін. Осыны ескерген жөн.  

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз елене берсін!

Редакциядан: Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде су тасқынына байланысты жағдай тұрақты күрделі және бақылауда. Су тасқыны салдарын жою және авариялық-құтқару жұмыстары  жалғасуда. 3 сәуірдегі жағдай бойынша 4 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оның екі мыңы кәмелет жасына толмаған балалар. Эвакуациялық пунктерде 1 мыңнан астам адам орналасқан. Қалған 3853 адам туыстарының үйін паналап отыр. Облыс бойынша барлығы 804 773 текше метр еріген су сорылып, 170 749 инертті қап төселген. 

Жансая Ақбала
Бөлісу: