13.04.2026
17:53
136
Жаңалықтар

Болашақта адамдар төрт сағат қана ұйықтай ма?

Біз ұйқыны адам өмірінің міндетті бөлігі деп қабылдаймыз. Күніне кемінде сегіз сағат ұйықтау – денсаулықтың басты шарты деген түсінік қалыптасқан. Ал ұйқың қанбаса, оның салдары шаршауға, қателіктерге және түрлі сырқатқа алып келеді деп есептейміз.

Ғалымдар мәліметінше, әлемде тәулігіне небәрі 4-6 сағат ұйықтаса да, өзін сергек сезінетін, жұмысқа деген қабілеттілігін жоғалтпайтын әрі денсаулығында ешқандай ауытқу байқалмайтын адамдар тобы болады, бірақ олардың саны өте аз. Мамандар мұндай адамдарды «аз ұйықтайтындар» деп атайды.

Бұл феномен қалай түсіндіріледі?

Зерттеулер қорытындысы бойынша, бұл – әдет немесе ерік-жігердің нәтижесі емес, генетикалық ерекшелік. Соңғы жылдары ғалымдар ұйқы ұзақтығына әсер ететін бірнеше генді анықтаған. Солардың бірі мидағы сергектікке жауап беретін орексин гормонымен байланысты. Қысқа ұйықтайтын адамдарда бұл жүйе басқаша жұмыс істейді және аз ұйқымен-ақ белсенді болуға мүмкіндік береді.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелер де осыны дәлелдей түсті: ұқсас генетикалық өзгерістер ұйқы уақытын қысқартқанымен, когнитивті қабілеттерге кері әсер етпеген. Бұл құбылыстың туа біткен ерекшелік екенін айқындай түседі.

Ғылым қайда бағыт алып барады?

Бұл тақырыпқа қызығушылық артқан сайын ғалымдар батыл болжамдар жасай бастады. Соның бірі – мұндай қабілетті жасанды түрде қалыптастыру мүмкіндігі. Бұл жерде CRISPR технологиясы жиі аталады. Гендерді дәл өзгертуге мүмкіндік беретін бұл әдіс бүгінде тұқым қуалайтын ауруларды емдеуде қолданылып жүр.

Былайша айтқанда, егер «аз ұйқыға» жауап беретін гендердің бәрі толық анықталса, оларды өзгерту арқылы адам аз ұйқымен де қалыпты өмір сүре алады. Алайда іс жүзінде бұл өте күрделі процесс. Себебі әңгіме бір ғана ген туралы емес, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе жайында болып отыр.

Қоғам қалай өзгереді?

Мұндай технология жүзеге асқан жағдайда, тек медицина емес, бүкіл қоғам өзгеше бағытта дамуы мүмкін. Адамдарға аз ұйқы жеткілікті болса, бос уақыт көбейеді. Бұл уақыт жұмысқа жұмсала ма, әлде демалыс пен өзін дамытуға арналa ма – бұл да ашық сұрақ.

Қазірдің өзінде ұйқы тапшылығы заманауи қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Мысалы, АҚШ тұрғындарының үштен бірі ұсынылған ұйқы мөлшерін сақтамайды. Ал ғалымдар «аз ұйықтайтындарды» бұл жүйеден тыс ерекше топ деп қарастырады.