Бір кездері адамзаттың басты мәселесі аштық болса, бүгінгі қоғам артық тамақтанудың салдарымен күресіп жатыр. Қазір дүкен сөрелері толы, тағам түрі көбейген, бірақ сонымен бірге семіздік, диабет және дұрыс тамақтанбауға байланысты аурулар да артты. Ғалымдар адам ағзасы тұрақты тоқшылыққа толық бейімделмегенін айтады. Ендеше, адамзаттың тамақтану мәдениеті қалай өзгерді және болашақта біз не жейміз?
Адам неге өзін шектей алмайды
Ұзақ уақыт бойы адамзаттың басты қорқынышы аш қалу болды. Сондықтан тоқшылық пен молшылық әрдайым қауіпсіз өмірдің белгісі саналды. Алайда қазіргі қоғам дәл осы молшылықтың кері әсерін сезіне бастады.
Мамандардың айтуынша, адамдар әлі күнге дейін тағамды «қор жинау» психологиясымен қабылдайды. Көпшілік үшін асқа шектеу қою немесе диета ұстау психологиялық тұрғыдан ауыр қабылданады. Себебі адам санасында «тамақ бар болса – өмір қауіпсіз» деген түсінік қалыптасқан.
Бүгінде көптеген елдерде семіздік, диабет және дұрыс тамақтанбауға байланысты аурулар көбейіп келеді. Ғалымдар мұны адам ағзасының табиғи түрде тұрақты молшылыққа бейімделмегенімен байланыстырады. Бұрын адамдар маусымға қарай әртүрлі тамақ жеп, кей кезеңдерде ашығуға да мәжбүр болған. Ал қазіргі таңда тағам жыл он екі ай қолжетімді.
Оқи отырыңыз:
Адам рационы қалай өзгерді
Зерттеушілердің айтуынша, шамамен 8-10 мың жыл бұрын адамзат өмірінде үлкен өзгеріс болды. Аңшылық пен терімшілік дәуірінен кейін адамдар егіншілікке көшіп, өздері өсірген өнімдерді тұтына бастады. Осы кезеңде дәнді дақылдар мен өсімдік майлары рационның маңызды бөлігіне айналды.
Кейін мал шаруашылығы дамып, адамдар сүт өнімдерін көптеп пайдалана бастады. Бірақ мұнда қызық биологиялық ерекшелік бар. Көптеген сүтқоректілер секілді адам да бала кезінде сүтті оңай қорытады, ал есейген сайын бұл қабілет әлсірейді. Соған қарамастан, уақыт өте кейбір халықтарда сүтті қорыта алатын генетикалық ерекшелік қалыптасқан.
Ғалымдард пікірінше, бұл – адамның тамақтану ерекшелігіне қарай эволюциялық бейімделуінің бір мысалы.
Бұрын адамдар қалай тамақтанған
Дәстүрлі қоғамда адамдардың тамақтануы маусымға тікелей байланысты болды. Жазда жаңа өнімдер жесе, қыста кептірілген немесе сақталған азықтарды пайдаланған. Ал көктемде азық азайып, ашығу кезеңі жиі кездескен.
Яғни адам ағзасы ғасырлар бойы тұрақты тоқшылыққа емес, мезгіл-мезгіл тапшылыққа бейімделіп келген. Сол себепті қазіргі үздіксіз тағам молшылығы денсаулыққа күтпеген салдарын әкелуі мүмкін.
Ғалымдар ежелгі адамдардың не жегенін қалай анықтайды
Қазіргі ғылым көне адамдардың тамақтану рационын бұрынғыдан да дәл зерттей алады. Археологтар ежелгі тұрақтардан табылған жануар сүйектерін, өсімдік қалдықтарын және ыдыстардағы күйе іздерін зерттеу арқылы сол кезеңдегі ас мәзірін анықтайды.
Молекулалық биология, биохимия және палеогенетика салаларындағы жаңа технологиялар бұл зерттеулерді одан әрі тереңдеткен. Мысалы, ежелгі ыдыстардағы күйген қалдықтарға спектрлік талдау жүргізу арқылы оның ішінде қандай тағам дайындалғанын анықтауға болады.
Ал сүйек тіндеріне жасалатын изотоптық талдау адамның қандай тағамды көбірек тұтынғанын көрсетеді. Осылайша ғалымдар мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың рационын қалпына келтіріп жатыр.
Болашақта табиғи тағам азая ма
Соңғы жылдары зертханалық жағдайда өсірілетін ет, жасанды ақуыз және технологиялық тағам түрлері жиі талқылана бастады. Ғалымдар болашақта азық-түлік өндірісі толықтай жоғары технологияға сүйенуі мүмкін екенін айтады.
Алайда мамандар мұндай тағамдардың адам ағзасына ұзақ мерзімде қалай әсер ететіні әлі толық зерттелмегенін ескертеді. Себебі табиғи тағам құрамында тек ақуыз, май немесе көмірсу ғана емес, ағзаға қажет көптеген микроэлементтер бар.
Сонымен қатар адамның ағзасындағы пайдалы микроағзалардың тепе-теңдігі де тамақтануға тікелей байланысты. Сондықтан арнайы есеппен дайындалған технологиялық тағамдар адам денесіне қажетті дүниенің бәрін толық бере ала ма, жоқ па – бұл әзірге нақты дәлелденбеген.
Адамзат азықты бұрын қалай сақтаған
Қазір көпшілікке ерекше көрінетін ұнтақ тағамдардың өзі адамзат үшін жаңалық емес. Ғалымдардың айтуынша, ежелгі дәуірлерде адамдар азықты ұзақ сақтау үшін оны кептіріп, ұнтақ күйінде пайдаланған. Мысалы, балық ұны, дән ұны немесе жаңғақ ұнтағы ыстық суға араластырылып, тез дайындалатын тағам ретінде қолданылған.
Мұндай асты ағза жеңіл қорытады. Сондықтан қазіргі ұнтақ тағамдар – бұрыннан келе жатқан тағам сақтау тәсілінің бүгінгі заманға бейімделген түрі.
Адамзат табиғи тағамға қайта орала ма
Сарапшылардың айтуынша, болашақта адамзат бір мезетте екі мәселемен бетпе-бет келуі мүмкін. Әлемнің бір бөлігінде адамдар аштықпен күрессе, енді бір жерде артық тамақтанудың зардабы күшеюі ықтимал. Технология дамыған сайын тағам түрі де көбейе береді.
Бәлкім, алдағы уақытта адамдар зертханада өсірілген етті жиі тұтынатын шығар. Ал кейбірі, керісінше, табиғи әрі қарапайым тағамға қайта оралуы мүмкін. Қалай болғанда да, тамақ тек қарын тойдыру үшін емес, адамзаттың тарихымен, мәдениетімен және өмір салтымен тығыз байланысты дүние болып қала береді.