Жаңалықтар

Блефаропластика жасатамын деп көзінен айырылды

04.06.2026 16:40
Айзат Айдарқызы
Фото: smotriclinic.ru

Шымкент қаласының тұрғыны блефаропластика жасатамын деп бір көзінен айырылып қалды. Осы іске қатысты сот үкімі шықты. Ақпаратқа сәйкес, ота жасаған әйел өзін білікті маман ретінде таныстырған.

Оқиға қалай болған?

Шынтуайтында, пластикалық хирургтың мемдициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болмаған. Ол пациентке төменгі қабағын көтеретін операция жасап беретінін айтып, 100 мың теңге алады. Бұдан бұрын осы пациентке құлақ пішінін түзететін операция жасайды. 

Сотта жәбірленуші оқиғаны бастан аяқ баяндап береді. Алғашында ол хирургтың біліктілігіне күмәнданып, диплом мен сертификатын сұрайды. Маман өзінің жоғары медициналық білімі бар хирург екеніне сендіреді. Артынша пациент ота жасатуға келісім береді. Бірақ 2025 жылдың шілдесінде қайта операция жасатып, салдарынан ота орны асқынып кетеді. Операция кезінде көзі ісініп, көп мөлшерде қан кетеді. Соған қарамастан хирург пациентін үйіне жіберіп, ісіктің қайтатынын айтады. 

Арада 10 күн өткенде әйелдің жағдай тіпті нашарлайды. Сол жақтағы көз жанары сөнеді. Сөйтіп, пациент дәрігерге шағымданғанда 100 теңге өтемақы төлейді. Артынша жәбірленуші жағдайды полицияға хабарлайды.

Қандай жаза тағайындалды?

 Медициналық бақылау органдары тексеру барысында айыпталушының медициналық лицензиясы мен тиісті сертификаттарының жоқ екенін анықтады. Сот оны кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үш жыл бойы медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырғаны тағы бар. Алайда сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны орындауды бір жыл кейінге қалдырды. Моральдық зиян тигізіп, емделуге кеткен шығындарды өтеу туралы шешім шығарды. 

Оқи отырыңыз