Біз тарихқа келгенде көбіне эмоцияға беріліп кетеміз – Тоқаев

15 Наурыз, 15:48 338

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты бұрмалап, ұлт көсемдерін салыстырып, бір-біріне қарсы қоятындарды сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент тарихқа шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауды, яғни ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуы керектігін тілге тиек етті. Осы орайда зиялы қауым өкілдерін еліміздің бірлігін нығайтуға атсалысуға шақырды.

Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұсақ әңгіменің бәрін жиып, жастарға дұрыс үлгі көрсетуді міндеттеді.

Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек, - деді Тоқаев.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: