«Биылға дым жоқ». Жыры бітпейтін Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жол азабы

19 Шілде 2023, 17:50 8117

Астанаға жақын орналасқан еліміздің орталығындағы екі облыстың арасындағы жолдың азабын жолаушылар жақсы біледі. Бірақ жылда «келесі жыл» деген бітпейтін уәде бар. Өйткені биыл да бұл жол жөнделмейтін көрінеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесуде өңірдегі жолдарға қатысты тапсырма берген болатын. Президент «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы аса маңызды екенін атап өтті. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді деген.

Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет, - деп атап өткен болатын Тоқаев.

Оқи отрыңыз:

Бірақ президенттің тапсырмасын уақытында орындауға екі облыстың әкімі де дәл қазір қауқарсыз болып тұр. Өңір тұрғындарын толғандыратын басты екі жол – «Жезқазған - Қызылорда» және «Жезқазған - Қарағанды» республикалық маңызы бар трассалардың құрылысы биыл басталмайды екен. Мұны ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында  Ұлытау облысы жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Жомарт Бегаев айтыпты.

Ол Жезқазған – Қызылорда» жолының 208 шақырымы Ұлытау облысына тиесілі деп отыр. Оған былтырғы жылы «Азия Даму» банкінен 90 миллиард теңге көлемінде ақша бөлінген. Тиісті конкурс өткізіліп, Қытай елінің құрылыс компаниясы ұтқан болатын. Алайда, жол құрылысына қажетті материалдардың құны күрт өсіп кеткендіктен, фирма келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан деп отыр.

 Сондықтан бұл ірі жоба қайтадан түзетуге жіберіліп, барлық өзгерістер ескерілген соң, құны 40 миллиард теңгеге дейін өсіп, 130 миллиард теңгеге жетті. Бастапы жобаға сай бұл 208 шақырым жол 4 учаскеге бөлініп, әр мердігерге 52 шақырымнан берілуі тиіс еді. Алайда, «Азия даму банкінің» талабы басқаша болғандықтан, конкурсқа қазақстандық мердігерлер түсе алмайтын болды. Сондықтан, қазақстандық мердігерлер байқауға қатысу мүмкіндігін алу үшін 4 учаске тағы бөлініп, 8 учаске болды, - дейді Жомарт Бегаев.

Ол банктің талабына сай, конкурс екі кезеңмен өтеді деп отыр. Талаптардың бірі – мердігер компанияның жылдық айналымы бірнеше миллиард теңге болуы тиіс. Бізде ондай айналымы бар фирмалар болмағандықтан, конкурсқа қытайлар, түріктер және арабтар қатысуы мүмкін екенін айтты.

 Алайда жуырда комитет төрағасы келгенде айтып өткендей, биыл конкурстық рәсімдерді аяқтап, мердігерлерін анықтасақ, соның өзі жақсы. Жұмыс биыл басталмайды. Нақты жұмыс, егер барлық конкурстық рәсімдер қалыпты өтсе, тек көктемде басталады. Онда да күн райына байланысты сәуір-мамыр айларында басталады. Оның өзі тек конкурс қорытындысы уақытында шығып, еш кедергі болмаса ғана. Бұл келесі жылы байқау процедураларына уақыт кетіріп алмай, бірден жөндеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді, - дейді басқарма басшысы.

 Қызылорда–Жезқазған көлік жолы жөнделсе логистикалық жағынан тиімді орналасқан. Бұл жол Астана қаласына тікелей шығатындықтан, оңтүстік пен солтүстік облыстар жолаушылары да осы жолмен қатынайды. Аталған өңірлердің көпшілігінде мұнай, көмір өнімдері шығатын болғандықтан, ауыр жүк көліктері жиі жүреді. Бұған қоса экономикалық тұрғыдан, әсіресе, орталық облыстар арасындағы байланысты нығайтуда маңызы зор. Бірақ осыған келгенде шенділер қауқарсыз. Неге екені үнемі кейінге шегеріле береді. Қызылордадан Астанаға дейін жол сырғып жатса, көкөніс таситын камаздардың да саны көбейер еді.

«Қазавтожол» ұлттық компа­ниясының дерегінше, тасжолдың жалпы ұзындығы 427 шақырымды құрайды. Оның 219-ы Қызылорда аумағына тиесілі болса, 208 шақыры­мы Ұлытау облысының аумағында орналасқан.

Тек Қызылорда жағы ғана қозғалған. Олар Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 мил­лион доллар тұратын келісімге қол қойып, жұмысты бастап кетті. Ал Ұлытау облысы жоғарыда айтқандай келесі жылға қалып отыр. Жергілікті халық ақыл жол салып берсе де, разы. Бастысы, қазіргі жол азабынан құтылғысы келеді.

Көктемде Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың өзі Ұлытау облысына барып қайтты. Премьер-министр де «Жезқазған – Қызылорда» жолын іске қосу Ұлытау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретінін еске салып өтті. Тіпті, биыл алғашқы 65 шақырымы іске қосылуы керек деген. Алайда басқарма басшысының жауабы жоғарыдай.

Әлихан Смайылов Жезқазған-Қарағанды жолының мәселесін қосымша пысықтаймыз. Оның да көзін тауып, қолға алуымыз керек деген. Әзірге ешкімнің қолға алмай тұрғаны өкінішті...

Статистикаға сүйенсек, елімізде жол-көлік оқиғасы көбейген. Мысалы, биыл қаңтар–мамыр айларында  елімізде 5,2 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға артық.

Бұл ретте жол-көлік оқиғалары кезіндегі өлім-жітімнің ең нашар көрсеткіші Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тіркелген. Оның себебі түсінікті, дәл осы екі облыста жолдардың сапасы өте төмен. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы жолдар туралы жазғанбыз.

Алмас Абылай
Бөлісу: