Білім

Биыл 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады: соңғы қоңырау қалай өтеді

25.05.2026 09:40
Көктем Қарқын
Фото: egemen.kz

Биыл ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы - 11-сынып түлектері.

Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер. Ал 11-сыныпты үздік бітіруге 18 мыңға жуық түлек үміт артып отыр. Қазір еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді.

Соңғы қоңырау қалай өтеді?

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда 217 заманауи мектеп пайдалануға берілген. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бүгінде бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, шамамен 16 мың педагог жұмыс істейді.

Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім - Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Іс-шара барысында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен есте қалған сәттері талқыланады. Сонымен қатар «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтары, білім мен ғылымға құрмет және инновациялық ойлауды дамыту мәселелері қамтылады. Оқушыларға жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.

Ақша жинауға тыйым салынған

Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен құжатына сәйкес мектеп бітіру іс-шараларын мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынған.

Сондай-ақ ата-аналардан немесе оқушылардан ақша жинауға, сыйлықтар талап етуге және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға жол берілмейді. Аттестаттар мен дипломдарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында өткізіледі.

Министрлік мәліметінше, бұл шаралар мектеп бітіру кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.

Оқи отырыңыз