Бірден пилинг жасауға болмайды: жаздан кейінгі тері күтіміндегі басты қателіктер

Бірден пилинг жасауға болмайды: жаздан кейінгі тері күтіміндегі басты қателіктер

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Жаз аяқталғаннан кейін терінің құрғауы, сезімтал болып кетуі немесе беттегі пигментті дақтардың бұрынғыдан анық көрінуі жиі кездеседі. Мұндайда бірден пилинг жасатып, қышқылдар мен ретинол қолдануды бастау керек пе? Әлде алдымен теріні қалпына келтірген дұрыс па? Жаздан кейінгі күтімнің негізгі қағидаларын дерматокосметолог Гүлдана Акишева түсіндірді.

Гүлдана Акишева – дерматовенеролог, дерматокосметолог, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі. Тері, шаш және тырнақ ауруларын диагностикалау және емдеумен айналысады. Клиникалық тәжірибесімен қатар, ғылыми-зерттеу және білім беру бағытында да жұмыс істейді. Әсіресе сирек кездесетін дерматологиялық ауруларға ерекше қызығушылық танытады.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Жаз теріде қандай із қалдырады?

Күзге қарай теріде байқалатын өзгерістердің бірнеше себебі бар. Күн сәулесінен бөлек, жазғы ыстық, жел, құрғақ ауа, кондиционер, бассейндегі хлорланған және теңіздің тұзды суы да терінің жағдайына әсер етуі мүмкін.

Жаздан кейін теріде құрғақтық, сезімталдықтың жоғарылауы, реңнің біркелкі болмауы, пигментация және ұсақ әжімдердің айқынырақ көрінуі жиі байқалады. Бұған ультракүлгін сәулелер, жоғары температура, құрғақ ауа, жел, хлорланған немесе тұзды су, кондиционер әсер етуі мүмкін. Әсіресе ультракүлгін сәуле терінің қорғаныс барьеріне әсер етіп, меланин түзілуін күшейтеді, – дейді Гүлдана Нұрғалиқызы.

Маманның айтуынша, жеңіл құрғақтық пен пигментацияны дұрыс күтім арқылы түзетуге болады. Бірақ терідегі кей өзгерістерді косметикалық мәселе деп қабылдап, елемей жүруге болмайды.

Егер жаңа пигментті түзіліс немесе қал пайда болса, не бұрынғы қалдың көлемі, пішіні, түсі немесе құрылымы өзгерсе, дерматологқа қаралған дұрыс. Сондай-ақ ұзаққа созылған қышу, қабыршақтану, қабыну, қан кету немесе жазылмайтын жара болса, оны тек косметикалық мәселе деп қабылдауға болмайды, – деп ескертеді маман.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Алдымен пилинг емес, терінің қорғаныс қабатын қалпына келтіру керек

Жаз аяқталғаннан кейін пигментті дақтарды кетіріп, теріні тегістеу үшін бірден белсенді күтімге көшетіндер бар. Алайда Гүлдана Акишева мұны жиі кездесетін қателіктің бірі деп атайды.

Жаздан кейінгі күтімнің басты мақсаты – терінің қорғаныс барьерін қалпына келтіру. Жиі кездесетін қателік – пигментацияны немесе тері текстурасын тез жақсартуға тырысып, бірден қышқылдар, скрабтар немесе пилингтер қолдану. Егер тері құрғақ, тартылған немесе сезімтал болса, күтімді қарапайым ұстаған дұрыс. Яғни жұмсақ тазарту, тұрақты ылғалдандыру және күнделікті күннен қорғану керек, – дейді дерматокосметолог.

Бұл кезеңде ылғалдандыратын құралдардың құрамына да назар аударуға болады. Маман церамидтер, глицерин, гиалурон қышқылы мен пантенол терінің ылғалын сақтап, қорғаныс барьерін қалпына келтіруге көмектесетінін айтады. Күз келді екен деп косметикалық сөрені түгел жаңартудың да қажеті жоқ.

Күтімді терінің қазіргі жағдайына қарай бейімдеген дұрыс. Егер тері құрғап немесе сезімтал болса, жұмсақ тазартқыш пен нәрлендіретін ылғалдандырғыш таңдауға болады. Ал белсенді ингредиенттердің көп болуы жақсы нәтиже береді деген сөз емес. Күтім әр адамның тері типі мен нақты мәселесіне қарай таңдалуы керек, – дейді ол.

Жаз бітті деп SPF-тен бас тартуға болмайды

Күннен қорғайтын құралды тек жазғы күтімнің бір бөлігі деп қабылдау дұрыс емес. Әсіресе пигментациямен күресіп жүрген немесе белсенді компоненттерді пайдаланатын адамдар үшін күннен қорғану маңызды.

«Жаз аяқталғанымен, SPF қолдануды тоқтатуға болмайды. Кең спектрлі SPF 30–50 әсіресе пигментациясы бар және қышқылдар қолданатын адамдар үшін маңызды. Маусымға қарамастан өзгермейтін бір нәрсе бар – бұл фотопротекция, яғни күннен қорғану. SPF жыл бойы тері күтімінің маңызды бөлігі болып қала береді», – деп атап өтті Гүлдана Нұрғалиқызы.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Пигментті дақтар неліктен күзде анық көрінеді?

Жаздан кейін кей адамның бетінде бұрын болмағандай көрінетін қоңыр дақтар пайда болады. Бірақ олардың барлығы жазда жаңадан пайда болды дегенді білдірмейді. Ультракүлгін сәуленің әсерінен бұрыннан бар пигментация да айқынырақ көрінуі мүмкін.

Ультракүлгін сәулелер меланоциттерді белсендіреді және меланин түзілуін арттырады. Сондықтан бұрыннан бар пигментация күшейіп, байқалмай жүрген дақтар айқынырақ көрінуі мүмкін, – деп түсіндіреді маман.

Дегенмен пигментацияның бәріне бірдей күтім қолдануға болмайды. Секпіл, күн лентиголары, қабынудан кейінгі гиперпигментация және мелазманың сыртқы көрінісі ұқсас болғанымен, олармен күресу тәсілі әртүрлі болуы мүмкін.

Сондықтан алдымен пигментацияның түрін анықтау маңызды. Көп жағдайда тұрақты фотопротекция мен дұрыс таңдалған сыртқы ем арқылы пигментацияны айтарлықтай азайтуға болады. Диагнозға байланысты азелаин қышқылы, ретинол, С дәрумені, ниацинамид және басқа да компоненттер ұсынылуы мүмкін, – дейді дерматокосметолог.

Кей жағдайда химиялық пилинг, IPL немесе лазерлік процедуралар да қолданылады. Бірақ мұндай процедураны өз бетінше таңдамай, нақты диагноз бен терінің жағдайын ескерген жөн.

«Ең бастысы – агрессивті ем пигментацияны керісінше күшейтуі мүмкін. Тітіркену мен қабыну қабынудан кейінгі гиперпигментацияға әкелуі ықтимал», – деп ескертеді маман.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Күзде ретинол мен қышқылдарды бірден бастау керек пе?

Күз белсенді компоненттерді күтімге енгізуге қолайлы болғанымен, қыркүйек басталды екен деп бірден ретинол мен қышқылдарға көшудің қажеті жоқ.

Егер теріде қызару, ашыту, қабыршақтану немесе сезімталдық сақталса, алдымен терінің қорғаныс барьерін қалпына келтіру қажет. Тері тұрақтанғаннан кейін белсенді ингредиенттерді біртіндеп енгізуге болады, – дейді Гүлдана Нұрғалиқызы.

Оның айтуынша, ең жиі кездесетін қателіктің бірі – бірнеше белсенді өнімді бір мезетте қолдану.

Мысалы қышқыл, ретинол, скраб, бірнеше сарысу және пилингті бір уақытта пайдалану. Тері күтімінде «көп болса – жақсы» қағидасы жұмыс істемейді. Шамадан тыс қабыршақтандыру тері барьерін зақымдап, құрғақтыққа, тітіркенуге және пигментацияның күшеюіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бір уақытта бір белсенді ингредиенттен бастап, терінің реакциясына қарай қолдану жиілігін біртіндеп арттырған дұрыс, – дейді маман.

Ретинол немесе қышқылдар күтімге қосылса, күннен қорғану да қатар жүруі керек.

Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева

Қай кезде косметика жеткіліксіз?

Кейде адам терідегі өзгерісті жаңа креммен немесе сарысумен түзетуге тырысып жүре береді. Алайда ұзақ уақыт кетпейтін немесе өзгеріп жатқан белгілер болса, оның себебін анықтау маңызды.

Жаңа қал немесе пигментті түзіліс пайда болса, немесе бұрыннан бар қалдың пішіні, түсі, көлемі не сыртқы көрінісі өзгерсе, міндетті түрде маманға көрсеткен жөн. Сондай-ақ ұзаққа созылған қышу, қан кету, жаралану, қабыну, айқын қабыршақтану немесе жазылмайтын түзіліс болса, дерматологқа жүгіну қажет, – дейді Гүлдана Акишева.

Тұрақты қызару, ашыту, қайта-қайта шығатын бөртпе немесе жұмсақ күтімге қарамастан басылмайтын қабыну да маманға қаралуға себеп болуы мүмкін.

Ең маңыздысы – терідегі кез келген мәселе косметикалық проблема емес. Кейде пигментация, құрғақтық, акне немесе тітіркену сияқты көрінетін өзгерістердің артында дерматологиялық ауру жатуы мүмкін. Сондықтан терідегі өзгеріс ұзақ сақталса, үдей түссе немесе қандай да бір симптоммен қатар жүрсе, косметикалық құралдарды өз бетіңізше қолдана бергеннен гөрі, дерматологқа қаралып, нақты себебін анықтаған дұрыс, – деп кеңес берді дерматолог маман.

Демек, жаздан кейін теріні қалпына келтіру міндетті түрде күрделі процедуралардан басталмайды. Ең әуелі оның қазіргі жағдайын бағалап, қорғаныс барьерін қалпына келтіру, ылғалдандыру және күннен қорғау маңызды. Ал пигментацияға арналған белсенді компоненттер мен процедураларға тері қалыпқа келгеннен кейін, қажетіне қарай көшкен дұрыс.

Оқи отырыңыз

{