15.05.2026
12:40
134
Жаңалықтар

«Бір үйде тұрсақ та, алыстап кеттік»: психолог бақытты отбасының қандай болатынына тоқталды

Қазір әлеуметтік желіде ең көп қаралатын дүниенің бірі – отбасы туралы контент. Бірі әкесімен әзілдесіп видео түсіреді, енді бірі енесімен қарым-қатынасын көрсетеді, ал кей жұптар мыңдаған адамға «идеал отбасы» болып көрінеді.

Соңғы жылдары дәл осындай отбасылық контент арқылы көпшілікке танылған блогерлер де көбейді. Желіде «Елдос Колобок» атымен танылған Елдос Қадырханов отбасы мен туыстық байланысты әзіл арқылы жеткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оның видеоларынан бауырлар арасындағы сыйластық пен ата-анаға деген құрмет жиі көрінеді.

@eldos_kalabok

Ал Арман мен Карина жұбы қазіргі жастар үшін үлгілі жас отбасының символына айналды деуге болады. Үш баланы тәрбиелеп отырған жұптың видеолары көпшілікке отбасы жылуының қарапайым сәттерден басталатынын көрсетіп жүр. Әкесімен бірге контент түсіретін Нұргелді Кердеш пен енесімен қарым-қатынасы арқылы көпке үлгі болған блогер Әлия Әлиева да отбасы тақырыбына жаңа көзқарас қалыптастырған жандардың қатарында.

Дегенмен әлеуметтік желідегі әдемі көріністің ар жағында қазіргі отбасының өзекті мәселелері де аз емес. Неліктен бір шаңырақ астында тұрып, бір-бірінен алыстап кеткен адамдар көбейді? Неге ата-ана мен бала арасындағы байланыс әлсіреп барады? Қазіргі жастар отбасынан не күтеді? Осы сұрақтар төңірегінде психолог Серікгүл Сәли пікір білдірді. Маманның айтуынша, қазіргі жастардың отбасына деген көзқарасы бұрынғы буыннан мүлде өзгеше.

Бұрынғы буын үшін отбасыны сақтап қалу, шыдау, төзу бірінші орында тұрды. Олар үшін «мен бақытты болуым керек» деген ұғым аса маңызды болмады. Ал қазіргі жастар әрқайсысы өзінің бақытты болғанын қалайды. Қазіргі отбасының басты ерекшелігі де осында, – дейді психолог.

Расымен, бүгінде жастар тек бір шаңырақ астында өмір сүруді емес, эмоционалды жақындықты, түсіністікті, қолдауды күтеді. Сондықтан қазіргі неке бұрынғыдай тек әлеуметтік міндет емес, екі адамның ішкі үйлесіміне негізделген қарым-қатынасқа айналып келеді. Психолог әлеуметтік желідегі «идеал отбасы» образы адамдарға қысым тудыруы мүмкін екенін де айтады. Оның сөзінше, көпшілік әлеуметтік желідегі қысқа сәттерді шынайы өмірмен шатастырып алады.

Адамдар басқа отбасының өміріндегі әдемі сәттерді ғана көреді де, соны толық шындық ретінде қабылдайды. Содан кейін өз өмірімен салыстырады. Бұл автоматты түрде адамның өзіне көңілі толмауына, отбасындағы қарым-қатынасқа қысым түсіруіне әкеледі, – дейді Серікгүл Сәли.

Алайда маман әлеуметтік желінің пайдалы жағы да бар екенін айтады. Егер блогерлер тек мінсіз көріністі емес, қиындықтарды қалай бірге еңсеретінін, түсініспеушілікті қалай шешетінін көрсетсе, бұл қоғамға оң әсер етеді. Қазір қоғамда жиі айтылатын сөздің бірі – «бір үйде тұрсақ та, алыстап кеттік». Психолог мұны қазіргі өмір салтымен байланыстырады.

Бұрын адамдар шағын үйлерде бірге өмір сүрді. Бір бөлмеде бірнеше адам отырып, бір-бірімен көбірек сөйлесетін. Қазір әркімнің өз бөлмесі, өз кеңістігі бар. Бұл эмоционалды жақындықтың формасын өзгертті. Бірақ біз сол өзгеріске әлі толық бейімделіп үлгермедік, – дейді маман.

ЖИ

Шынында да, бүгінде бір дастархан басында отырып, телефонға үңіліп отыратын отбасылар көбейді. Әңгіме азайды. Бір-бірін тыңдау сиреді. Психологтың айтуынша, отбасындағы қарапайым ортақ ас ішу дәстүрінің өзі – қарым-қатынасты жақындататын маңызды құрал.

Дастархан басында бірге отырып әңгімелесу өте маңызды. Бірақ ол жерде салыстыру, кемсіту, мораль оқу болмауы керек. Отбасылық қарым-қатынасқа байланысты да білім қажет, – дейді ол.

Маман қазіргі балалар мен ата-аналардың арасының алыстауын да заман өзгерісімен байланыстырады. Оның пікірінше, бүгінгі ата-аналардың көпшілігі әлі де өз балалығымен қазіргі ұрпақты салыстырады.

Қазіргі балаларды тек ата-ана тәрбиелемейді, оларды ғаламтор да тәрбиелеп жатыр. Сондықтан олар бұрынғы балаларға қарағанда әлдеқайда ақпаратты, көп нәрсені түсінеді. Ал кей ата-аналар әлі де «біздің кезде…» деп салыстырады. Бұл баланың қабылдауына кері әсер етеді, – дейді психолог.

Отбасындағы ең күрделі тақырыптардың бірі – ене мен келін арасындағы қарым-қатынас. Серікгүл Сәли бұл мәселеде екі тараптың да ішкі ұстанымы маңызды екенін айтады.

Көп жағдайда мәселе үлкендердің жастардың арасына араласуынан туындайды. Ал келін енесін тәжірибелі адам ретінде қабылдауы керек. Ене де келінді қарсылас емес, ұлының таңдауы ретінде қабылдауы қажет, – дейді ол.

Психологтың сөзінше, қазіргі қазақстандық отбасыларға ең көп жетіспейтін нәрсе – бір-бірінің бақыты үшін өмір сүру.

Қазір адамдар өз бақытына көбірек мән береді. Бірақ кейде жұбыңның бақытын бірінші орынға қоя білу де маңызды. Сонымен қатар шыдамдылық, ұстамдылық, жауапкершілік жетіспейді, – дейді маман.

Ал мықты отбасының басты белгісі қандай? Психолог бұл сұраққа да ерекше жауап берді.

Мықты отбасының белгісі – өзімен жұмыс істейтін ата-ана. Қазіргі заманда интеллект, эмоция, сана маңызды рөлге шықты. Бір-бірін жақсы көріп, сыйлайтын әке мен ана бар жерде ғана психологиялық тұрғыдан сау бала өседі, – дейді Серікгүл Сәли.

Маман махаббат туралы да қызық пікір айтты. Оның сөзінше, сезім уақыт өте өзгеріп отырады.

Махаббат мәңгі бір күйде тұрмайды. Уақыт өте келе ол сыйластыққа, түсіністікке, жанашырлыққа, құрметке айналуы керек. Отбасы тек махаббатпен ғана тұрмайды, – дейді ол.

Қазір қоғамда «отбасы институты әлсіреп бара жатыр» деген пікір жиі айтылады. Бірақ психолог бұл тұжырыммен толық келіспейді.

Бізде бұрынғы отбасылық модель бұзылды. Ал жаңасы әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Қазір қоғам сол өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатыр, – дейді маман.

Шынында, бүгінгі отбасы бұрынғыдай емес. Қоғам өзгерді, адамдардың құндылығы өзгерді, қарым-қатынас формасы да өзгерді. Бірақ қандай заман болса да, отбасының негізі өзгермейді. Ол – сыйластық, түсіністік және бір-біріне деген жанашырлық. Ал әлеуметтік желідегі әдемі видеолардың көп қаралуы да адамдардың дәл осы жылылықты аңсайтынын көрсетсе керек.