Жер шарының айналу жылдамдығы біртіндеп баяулап келеді. Соның салдарынан тәулік уақыты аз да болсын ұзарып келеді. Ғалымдар бұл құбылыстың себептерін және оның болашақта адамзатқа қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, Жердің айналу жылдамдығы миллиондаған жыл бойы баяулап келеді және бұл үдеріс әлі де жүздеген миллион жылға созылуы мүмкін. Оның басты себебі – Айдың гравитациялық әсерінен туындайтын толқындық үйкеліс.
Оқи отырыңыз:
Айдың тартылыс күші мұхиттарда тасу-қайту құбылысын тудырады. Осы толқындар Жердің айналуына белгілі бір деңгейде кедергі жасап, планетаның баяулауына әкеледі. Ал сонымен қатар Ай біртіндеп Жерден алыстап барады.
Қазіргі есептеулер бойынша, тәуліктің ұзақтығы әрбір 100 жыл сайын шамамен 1,7 миллисекундқа артып отырады. Егер бұл үрдіс сақталса, шамамен 200 миллион жылдан кейін Жердегі бір тәулік 24 емес, 25 сағатқа тең болады.
Жердің айналу жылдамдығына басқа да факторлар әсер етеді. Мысалы, планетаның ішкі құрылымындағы өзгерістер – сыртқы ядродағы балқыған темірдің қозғалысы мен мантиядағы баяу ағындар Жер массасының қайта бөлінуіне ықпал етеді. Сондай-ақ мұздықтардың еруі немесе ұлғаюы құрлық пен мұхит арасындағы салмақ тепе-теңдігін өзгертеді. Атмосферадағы алып ауа массаларының қозғалысы да үйкеліс пен қысым арқылы тәуліктік айналыс жылдамдығына уақытша әсер етуі мүмкін.
Осындай факторлардың ұзақ геологиялық уақыт аясындағы жиынтық әсері тәуліктің біртіндеп ұзаруына алып келді. Мәселен, динозаврлар дәуірінде Жердегі бір күн қазіргіге қарағанда қысқа болып, шамамен 23 сағатқа созылған.
Ғалымдардың айтуынша, тәуліктің 25 сағатқа ұзаруы уақытты есептеу жүйелерінің барлығын қайта қарауды талап етер еді. Алайда ең үлкен мәселе – тірі ағзалардың биологиялық сағатының, яғни циркадтық ырғақтың бұзылуы.
Адамды қоса алғанда, жер бетіндегі тірі организмдердің басым бөлігі 24 сағаттық табиғи ырғаққа бейімделген. Бұл жүйе ұйқы мен сергектік режимін, гормондардың бөлінуін және көптеген маңызды физиологиялық үдерістерді реттейді. Оның бұзылуы ағза жұмысына айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін.
Қазірдің өзінде түнгі ауысыммен жұмыс істеу, жиі ұшып-қону немесе тұрақсыз күн тәртібі циркадтық ырғақты бұзып, зат алмасу, психикалық және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыратыны белгілі. Ал егер Жердегі тәулік айтарлықтай ұзарса, тірі ағзалардың жаңа жағдайға бейімделуі тек ұзақ әрі күрделі эволюциялық процесс арқылы ғана мүмкін болар еді.
Осылайша, Жердің айналу жылдамдығының баяулауы – табиғи әрі тоқтатуға келмейтін құбылыс. Алайда оның нақты салдарын адамзат тек өте алыс болашақта ғана сезінуі ықтимал.
Бұған дейін жаз бен қыстың ұзақтығы неге әртүрлі сезілетіні туралы жазғанбыз. Сонымен қатар ғалымдар Жер 24 сағаттық айналымды толық аяқтамағанын мәлімдеген. Ал қазақстандықтар өз уақытын қалай жұмсайтынымен мына сілтеме арқылы таныс болыңыздар. Демалыс күндерін қалай тиімді өткізуге болатыны жайлы мақала мына сілтемеде.