10.05.2026
09:12
193
Жаңалықтар

«Бір шаңыраққа сыйған мейірім»: көп баланы бауырына басқан аналар

Ананың мейірімін ештеңемен өлшеу мүмкін емес. Кейбіреулер бір баланы тәрбиелеудің өзі үлкен жауапкершілік екенін айтса, кейбір қазақстандық аналар ондаған жетімді бауырына басып, тұтас бір әулеттің ұйытқысына айналып отыр. Қазақстанда 10 мамыр күні аталып өтетін Аналар күні қарсаңында өзгенің баласын өгейсітпей, әрқайсына ана бола білген ерекше отбасылар туралы баяндаймыз.

55 бала тәрбиелеп отырған Шукуровтар отбасы

Қостанай облысы Лисаковск қаласында тұратын Рустам Шукуров пен Муаззама Мансұрова бүгінде Қазақстандағы ең үлкен отбасылардың біріне айналған. Олардың ресми түрде 55 баласы бар. Оның үшеуі – өздерінің туған балалары болса, қалғаны балалар үйінен асырап алынған.

Бұл отбасының ерекшелігі – балалардың түрлі ұлттан болуы. Бір шаңырақ астында қазақ, орыс, украин, неміс, сыған, поляк, әзербайжан, белорус, корей, татар ұлттарының балалары өсіп жатыр.

Үлкен әулет Лисаковскідегі көпқабатты үйдің тұтас бір қабатын алып тұрады. Пәтерлер біріктіріліп, кең әрі жарық үйге айналған. Үйдің кіреберісіндегі ондаған аяқкиім мен күн сайын сатып алынатын 20-28 бөлке нан бұл отбасының ауқымын аңғартады.

Рустам пен Муаззама алғашында небәрі екі-үш қыз асырап алуды ойлаған. Бірақ 2017 жылы балалар үйіне барған кезде бәрі өзгеріпті.

tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қызымыз жалғызсырамасын деп екі-үш қыз аламыз дегенбіз. Бірақ жұбайым балалар үйінен жеті баламен шықты. Алғашқы күндері таң атқанша ұйықтамадық. Кейін бәріне үйрендік, – дейді Рустам Шукуров.

Уақыт өте келе балалардың саны арта берген. Бірде олар бірден 11 баланы асырап алса, кей уақытта үш ай ішінде 19 баланы отбасына қабылдаған.

Ерлі-зайыптылар балалардың денсаулығы немесе өмірбаянына қарамайтынын айтады.

Құжаттағы диагнозға қарамаймыз. Кей балалардың тағдыры өте ауыр. Бірі иттің үйшігінде өмір сүрген, енді бірінің ата-анасы қылмыс жасаған. Бір мүмкіндігі шектеулі баланы алғаннан кейін қорқынышымыз жоғалды. Кейін ДЦП диагнозы бар қызды екі бауырымен бірге асырап алдық. Балаларды бір-бірінен бөлуге болмайды ғой, – дейді көпбалалы әке.

Шукуровтар мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөледі. Олардың айтуынша, мұндай балалар балалар үйінде көбіне қоғамнан оқшау қалып қояды. Бүгінде отбасындағы 41 бала әлі үйде тұрады. Қалғандары жоғары оқу орындарында білім алып жатыр немесе өз отбасыларын құрған.

Жетесовтер отбасының тағдыры

Ақтөбелік Өмірхан мен Амангүл Жетесовтердің шаңырағында бүгінде 28 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 24-і – балалар үйінен асырап алынған балалар.

Өмірхан Жетесовтің өзі де қиын тағдырды бастан өткерген. Ол алты жасында анасынан айырылып, өгей ана тәрбиесін көрген. Балалық шағының көп бөлігі интернатта өткен.

Интернатта жүріп өстім. Мал бағып жүріп жыр жаттайтынмын. Өнерге солай келдім, – дейді ол.

Өнер жолындағы сапарлардың бірінде Өмірхан мен жұбайы Ақтөбедегі балалар үйіне концерт қоюға барады. Сол жерде кішкентай бір бала келіп, «әке» деп құшақтай кеткен.

Өзімнің үш қызым, бір ұлым бар еді. Жалғыз ұлыма серік болсын деп бір ұл асырап алдық, – дейді отағасы.

Кейін сол баланың жанындағы кішкентай қызды да бауырына басады. Себебі қызды шетел азаматтары асырап алмақ болғанын естігенде намысы оянған.

жеке мұрағат 

Осылайша бір бала деп басталған игі іс үлкен отбасына айналады. Кейін тағы бір 13 жастағы қыз «маған да әпке болуға рұқсат беріңіздерші» деп хат жазып, Жетесовтер оны да асырап алады.

Өмірхан мен Амангүлдің айтуынша, алғашқы кезде қорқыныш болған. Тіпті туыстары да қарсы пікір білдірген.

Бірақ балалар бауыр етімізге айналып кетті, – дейді олар.

Кейін олар тағы сегіз баланы асырап алып, балалардан «Шашу» ансамблін құрады. Бүгінде бұл өнерлі ұжым түрлі байқауларда жүлде алып жүр. Жетесовтер отбасы балаларды өнерге баулудың маңызын ерекше айтады.

Көпбалалы әке күнделікті өмірде такси жүргізушісі болып еңбек етеді, арасында асабалықпен айналысады. Ал Амангүл шығармашылық саласында ұзақ жыл жұмыс істеген. Олар мемлекеттен бөлінетін қаржының барлық қажеттілікке жетпейтінін жасырмады.

Нүсіповтер: Жетім балаларды көргенде жүрегіміз ауыратын

Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева 19 бала тәрбиелеп отыр. Оның 12-сі – асырап алынған балалар. Гүлнұр алғаш ана атанған күннен бастап жетім балалар туралы ойлағанын айтады.

Перзентханада тастанды балаларды көріп, жүрегім ауыратын. Кішкентай сәбиді қалай тастап кетуге болады деп ойлайтынмын, – дейді ол.

Алғашында жолдасы мұндай шешімге дайын болмаған. Бірақ уақыт өте келе ерлі-зайыптылар жетім балаларға қамқор болуды бірге қолға алған.

ашық дереккөз

Бүгінде олардың шаңырағында ұлты әртүрлі балалар тәрбиеленіп жатыр. Асхат Нүсіпов балаларын ешкімнен кем қылмау үшін екі жұмысты қатар атқарады.

Жанар Байжулдинова: Баланың ұлтына қарамадым

Заңгер мамандығын меңгерген Жанар Байжулдинова бүгінде 12 баланы қамқорлығына алған ана ретінде танылған. Оның өміріндегі үлкен өзгеріс кенже ұлы Даниал дүниеге келгеннен кейін басталған. Дәрігерлер балаға церебралдық паралич (ДЦП) пен эпилепсия диагнозын қойған.

Сол кезде жетім балаларды асырап алсам, Алла алдында сауап болып, ұлымның дертіне шипа болар деп ойладым, – дейді Жанар.

Балалар үйіне алғаш барған кезде оған орыс ұлтынан төрт айлық Елизавета есімді қызды көрсетеді. Кейбір адамдар қазақ баласын алуға кеңес бергенімен, Жанар өз уәдесінен таймаған.

коллаж Ел кз

Бала таңдағанда ұлтына қарамадым. Дарияны үйге алып келген соң Даниалдың талмасы тоқтады, – дейді ол.

Кейін қызы Аружан тағы бір қыз асырап алуды ұсынған. Осылайша отбасы біртіндеп кеңейіп, 12 балаға дейін жеткен. Қазір олардың бесеуі Жанармен бірге тұрады. Қалған балалардың кейбірі туған ата-анасына қайтарылған, енді бірі туыстарының қолына өткен.

Бұл отбасылардың тағдыры әртүрлі болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ қасиет бар – мейірім мен жауапкершілік. Олар жетім баланы аяушылықпен емес, толыққанды отбасы мүшесі ретінде қабылдайды.