Жаңалықтар

Бір келісі 1850 теңге: киік еті нарыққа шығарылған соң не өзгереді

12.06.2026 14:13
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақстан билігі киік өнімдерін тиімді пайдаланудың жаңа тетіктерін қарастырып жатыр. Бір жағынан, киік етін мемлекеттік сатып алу жүйесіне кеңінен енгізу жоспарланса, екінші жағынан, киік мүйізін халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігі талқылануда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

Мемлекеттік сатып алудағы жаңа өнім

Қазірдің өзінде киік өнімдерінің түрлері кеңейген. Бұған дейін мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай номенклатуралық анықтамалығында тек киік етінен жасалған консервілер ғана көрсетілсе, енді оған салқындатылған және мұздатылған тұтас және жартылай ұшалар да енгізілген.

Киік етін мемлекеттік мекемелердің қажеттілігіне пайдалану бюджет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Себебі оның бағасы сиыр және қой етіне қарағанда төмен.

Киік еті қазір қайда сатылады?

Бүгінде киік еті тек ішкі нарықта сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өнім Қазақстанның 13 өңірінде, соның ішінде Астана мен Алматы қалаларында сауда орындары мен арнайы пункттер арқылы нарықтық бағамен өткізіледі.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында биыл қаңтар айында киік етін өңдеу басталған. Қаңтар-ақпан аралығында 120 тонна шикізаттан 850 мың банка консерві өндірілген. Салмағы 325 грамм болатын бір банка консервінің бағасы 824 теңгені құрайды. Бұл бір килограмм өнімнің құны кемінде 1850 теңге деген сөз.

Алайда мемлекеттік органдар әзірге сатылған ет көлемі, түскен табыс және қоймадағы қорлар туралы нақты ақпарат жариялаған жоқ.

Өнімді өткізудің жаңа жолдары іздестірілуде

2025 жылы киік етін өңдеуге ел бойынша 30 кәсіпорын тартылған. Ал 2026 жылы киік санын реттеу шаралары жүргізілмеген.

Соған қарамастан мемлекет өнімді өткізудің жаңа жолдарын іздестіруде. Сауда министрлігі сауда желілерімен және базарлармен келіссөздер жүргізіп, киік етін сату мәселесін талқылаған.

Алдағы кезеңде халықаралық нарыққа шығуы мүмкін негізгі өнім – киік мүйізі.

Былтыр қарашада Қазақстан жабайы жануарлар мен өсімдіктердің жойылып кету қаупі төнген түрлерінің халықаралық саудасы туралы CITES конвенциясынан киік мүйіздерін халықаралық саудаға шығаруға рұқсат алған. Рұқсат үш жылға берілген және жалпы көлемі 30 тоннамен шектелген.

Бұл шешім 2026 жылғы 5 наурыздан бастап күшіне енді. Дегенмен Қазақстанға тек мемлекеттік қорда сақталған бүтін мүйіздерді ғана сатуға рұқсат берілген. Оның үстіне әр мүйіз арнайы таңбаланып, цифрлық бақылау жүйесі арқылы қадағалануы тиіс. Қазір осы өнімді сатудың нақты механизмі әзірленіп жатыр.

El.kz

Қазақстанда қанша киік бар?

Киік өнімдерін нарыққа шығару мәселесінің күн тәртібіне шығуына популяция санының күрт өсуі де себеп болып отыр.

Соңғы ресми деректер бойынша, 2025 жылы Қазақстандағы киік саны 3,9 миллион басқа жеткен. Оның ішінде 2,3 миллионы Орал популяциясына, 1,6 миллионы Бетпақдала популяциясына, ал 78 мыңы Үстірт популяциясына тиесілі.

Сол жылы киік санын реттеу аясында ет өңдеу кәсіпорындарына 3,9 мың тоннадан астам ұша жеткізілген.

2026 жылы киік санын реттеу мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Қазір бұл тақырып ғылыми ұйымдардың зерттеуінде және мемлекеттік органдардың талқылауында.

Ғалымдардың қорытындысынан кейін билік киік популяциясын басқаруға қатысты шешім қабылдайды. Ал әзірге Қазақстан киікті қорғау мен оның өнімдерін экономикалық айналымға енгізу арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысып отыр.

Оқи отырыңыз