Көктем келгенде қазақ даласы қызылды-жасылды гүлге оранады. Әсіресе қызғалдақ гүлдеген маусымда табиғат аясында серуендеп, гүл теріп жүрген адамдарды жиі көреміз. Алайда әдемілікке қызығып, бейқам жұлып алған бір тал гүлдің соңы қомақты айыппұлға ұласуы мүмкін екенін көпшілік біле бермейді.
Кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде «қызғалдақ жұлғандарға миллиондап айыппұл салынады», «бақбақ жұлуға болмайды» деген ақпараттар жиі таралып жүр. Бұл жай ғана қорқыту емес. Қазақстанда Қызыл кітапқа енген сирек өсімдіктерді жұлу, зақымдау немесе жинау заңмен тыйым салынған. Кей жағдайда мұндай әрекет үшін 13 миллион теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер арнайы қорғауға алынған. Олар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қазіргі уақытта Қызыл кітапта өсімдіктердің 300-ден астам түрі бар. Олардың арасында елге кеңінен таныс гүлдер де кездеседі.
Ең көп қорғалатын өсімдіктердің бірі – жабайы қызғалдақтар. Қазақстан қызғалдақтың тарихи отаны саналады. Ғалымдардың айтуынша, әлемдегі көптеген мәдени қызғалдақ түрлері дәл қазақ даласындағы жабайы қызғалдақтан тараған. Сондықтан елімізде қызғалдақтың сирек түрлерін ерекше қорғауға алады. Олардың қатарында Грейг, Борщов, Альберт, Кауфман қызғалдағы секілді түрлер бар. Бұл гүлдер көбіне Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында өседі.
Қызғалдақтан бөлек, шолпанкебіс, сібір қандығы, құртқашаштың кей түрлері, бұйра лалагүл, меруертгүл, лапыз, Алтай торсылдағы, қар дәуаяғы сияқты сирек өсімдіктер де қорғауға алынған. Бұл гүлдердің көбі таулы аймақтарда немесе табиғи қоры аз өңірлерде кездеседі.
Бұдан басқа мамыргүлді (сиреньді) рұқсатсыз жұлу да заң бұзушылық болып саналады. Қала аумағындағы гүлдерді зақымдағаны үшін жеке тұлғаларға шамамен 216 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Соңғы уақытта қоғамда көп талқыланған тақырыптың бірі бақбақ мәселесі болды. Әлеуметтік желілерде «бақбақ жұлғандарға 13 миллион теңге айыппұл салынады» деген ақпарат кең тарады. Бірақ мамандар бұл жерде кәдімгі бақбақ емес, Қызыл кітапқа енген сирек түрлер – Виталий бақбағы мен көк-сағыз бақбағы туралы айтылып жатқанын түсіндірді. Яғни аулада өсіп тұрған қарапайым бақбақты жұлу заң бұзушылық болып саналмайды. Дегенмен сирек өсімдіктерді ажырата білу қиын болғандықтан, белгісіз гүлдерді жұлмаған дұрыс.
Қазақстанда сирек өсімдіктерді қорғау «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңмен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен және Қылмыстық кодекстің 339-бабымен реттеледі.
Заң бойынша Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді:
Мұндай әрекеттер үшін 3000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 12,9-13 миллион теңге болады. Кей жағдайда қоғамдық жұмысқа тарту, түзеу жұмыстары немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.
Ең маңыздысы – айыппұл әрбір гүл үшін жеке есептелуі ықтимал. Сондықтан бірнеше өсімдікті жұлу айыппұл көлемін бірнеше есе арттыруы мүмкін.
Мұндай оқиғалар қоғамда жиі талқыланып жүр. 2021 жылы Түркістан облысында қызғалдақ жұлған тұрғынға қатысты іс әлеуметтік желіде кең тарады. Ал 2025 жылы Грейг қызғалдағына байланысты тағы бір видео резонанс тудырып, құқық қорғау органдары тексеру жүргізген еді. 2026 жылы бақбақ төңірегіндегі ақпараттар халық арасында экологиялық заңдарға деген қызығушылықты күшейтті.
Мамандардың айтуынша, сирек өсімдіктердің кейбірі табиғатта өте баяу көбейеді. Кей гүлдердің қайта гүлдеуі үшін бірнеше жыл қажет. Ал кей түрлер тек белгілі бір өңірде ғана өседі. Егер оларды адамдар жаппай жұла берсе, өсімдік біржола жойылып кетуі мүмкін.
Сондықтан көктем сайын қорықтар мен ұлттық парктерде бақылау күшейтіледі. Әсіресе Ақсу-Жабағылы, Қатон-Қарағай, Іле-Алатауы, Алтын-Емел сияқты ерекше қорғалатын аумақтарда рейдтер жиі өткізіледі.
Экологтар табиғатқа жанашырлық танытудың ең дұрыс жолы – гүлді жұлып әкету емес, оны табиғатта қалдырып, суретке түсіру екенін айтады. Себебі бір тал гүл – тұтас экожүйенің бір бөлшегі. Ол жәндіктерге қорек болады, тұқым таратады, табиғаттың тепе-теңдігін сақтайды.
Табиғаттың сұлулығын сақтап қалу – тек мамандардың емес, әр адамның ортақ міндеті. Бір сәттік әуестікпен жұлынған гүл табиғатқа орны толмас зиян келтіруі мүмкін.