Бір бүйрекпен өмір сүруге бола ма? Нефролог маңызды кеңес берді

Бір бүйрекпен өмір сүруге бола ма? Нефролог маңызды кеңес берді

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Адам екі бүйрексіз өмір сүре алмайды деген түсінік бар. Алайда медицинада бір бүйрекпен де толыққанды өмір сүріп жүрген адамдар аз емес. Бірі дүниеге келгенде-ақ бір бүйрегімен туса, енді бірі жарақат немесе ауру салдарынан бүйрегінен айырылады.

Тіпті кейбір адамдар жақын туысына өмір сыйлау үшін бір бүйрегін донор ретінде береді. Бірақ бір бүйрекпен өмір сүру денсаулыққа мүлде қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда нені ескеру керек? Бір бүйрегі бар адам спортпен айналысып, бала көтере ала ма?

Нефролог Эльмира Наурызбаеваның айтуынша, егер адамның қалған бүйрегі сау болса, ол екі бүйрегі бар адамдар сияқты қалыпты өмір сүре алады. Себебі адам ағзасы жаңа жағдайға бейімделуге қабілетті.

Бір бүйрек екі бүйректің қызметін атқарады

Маманның сөзінше, кейбір адамдар өзінде бір ғана бүйрек бар екенін ұзақ уақыт бойы білмеуі мүмкін. Олар басқа себеппен медициналық тексеруден өткенде ғана мұны кездейсоқ анықтайды. Ал енді біреулер бүйрегінен жарақат немесе ауру салдарынан айырылса, кейбірі жақын туысына донор болады.

Егер қалған бүйрек сау болса, адам екі бүйрегі бар адамдардан кем емес өмір сүре алады. Адам ағзасы өте бейімделгіш келеді. Бір бүйректен айырылғаннан кейін қалған бүйрек екі бүйректің қызметін қатар атқаруға бейімделеді. Оның көлемі ұлғайып, қызметтік мүмкіндігі артады, – дейді нефролог Эльмира Наурызбаева.

Бір бүйрегі бар әйелдер де ана бола алады. Яғни бүйрек қызметі қалыпты болса, жүктілікке тікелей тыйым жоқ. Дегенмен маман бала көтеруді жоспарлаған әйелдерге алдын ала нефрологқа қаралып, бүйректің жағдайын бағалатуға кеңес береді. Себебі жүктілік кезінде ағзаға түсетін салмақ артып, бүйректің жұмысына қосымша күш түсуі мүмкін.

Бір бүйрегі бар адамдар нені ескеруі керек?

Бір бүйрекпен өмір сүретін адамдардың күнделікті тұрмысында ерекше шектеулер көп емес. Дегенмен қалған мүшені барынша қорғау маңызды. Әсіресе жарақат алу қаупі жоғары спорт түрлеріне сақтықпен қараған жөн.

Мысалы, бокс, күрес секілді спорт түрлерінде бүйрекке соққы тию қаупі бар. Сондықтан мұндай жаттығулармен айналысатын адамдар қорғаныс құралдарын пайдалануы керек.

Сонымен қатар бүйрек мазаламаса да, жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өтіп тұрған дұрыс. Салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану және күнделікті қозғалысты көбейту де маңызды, – дейді нефролог.

Маман бір бүйрегі бар адамдарға тағамдағы тұз мөлшерін шектеуге кеңес береді. Өйткені тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымының жоғарылауына әсер етіп, бүйрекке қосымша салмақ түсіруі мүмкін.

4800 адам бүйрек трансплантациясын күтуде

Бүйрек трансплантациясы – созылмалы бүйрек ауруының соңғы сатысында қолданылатын емдеу әдістерінің бірі. Қазір Қазақстанда шамамен 4800 адам бүйрек ауыстыру операциясына мұқтаж.

Бүйрек трансплантациясы тірі немесе қайтыс болған адамның (мәйіттік донордың) ағзасынан алынған мүшені науқасқа салу арқылы жасалады.

Қазақстан заңнамасына сәйкес тірі донор ретінде тек науқастың туыстық қатынасы бар адамы бола алады. Ал мәйіттік донордан алынған бүйрек ми өлімі тіркелген жағдайда, заңда көзделген келісім талаптары сақталып, трансплантация күту парағындағы науқастарға жасалады, – дейді Эльмира Наурызбаева.

Алайда донордың табылуы операция бірден жасалады деген сөз емес. Алдымен донор мен реципиент толық медициналық тексеруден өтеді. Дәрігерлер екі адамның да денсаулық жағдайын, мүшенің сәйкестігін және операцияға қатысты ықтимал қауіптерді бағалайды.

Ағза жаңа бүйректі қабылдамай қоюы мүмкін

Трансплантация кезіндегі негізгі қауіптердің бірі – ағзаның салынған жаңа мүшені қабылдамай қоюы. Бұл иммундық жүйенің бөгде мүшені танып, оған қарсы әрекет етуімен байланысты.

Адам ағзасына қандай да бір бөгде зат немесе бактерия түссе, иммундық жүйе оны жоюға тырысады. Сол сияқты ағзамыз жаңа мүшені де қабылдамай қоюы мүмкін. Бұл – трансплантациядан кейін кездесетін қауіпті асқынулардың бірі. Сондықтан операциядан соң науқастар дәрігердің тұрақты бақылауында болып, тағайындалған дәрілерді қабылдауы керек, – дейді нефролог.

Дегенмен трансплантация сәтті өткен жағдайда науқастардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарады. Олар диализге тәуелділіктен арылып, күнделікті тіршілігіне оралып, отбасын құрып, жұмыс істеп, саяхаттай алады.

Маманның айтуынша, бүйрек трансплантациясы науқастың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал бір бүйрекпен өмір сүретін адамдар үшін ең бастысы – қалған мүшенің саулығын сақтау және дәрігер бақылауын назардан тыс қалдырмау.

Оқи отырыңыз

{