Жаңалықтар

Бір айлық жалақыға қанша келі ет алуға болады? Жаңа статистика жарияланды

26.06.2026 11:19
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Елімізде орташа жалақы өсіп жатқанымен, оған сатып алуға болатын азық-түлік көлемі Еуразиялық экономикалық одақтың кейбір елдерінен айтарлықтай аз. Мәселен, қазақстандықтар бір айлық орташа жалақысына Беларусь тұрғындарына қарағанда екі есеге жуық аз сиыр етін сатып алады. Сарапшылар мұны жалақы өсімін инфляцияның «жеп қоюымен» байланыстырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Еуразиялық экономикалық комиссияның 2026 жылғы наурыз айына арналған орташа айлық атаулы жалақының сатып алу қабілетіне қатысты статистиканы жариялады. Бұл көрсеткіш халықтың нақты әл-ауқатын бағалауда маңызды саналады. Себебі ол валюта бағамының өзгерісіне тәуелді емес және бір айлық орташа жалақыға нақты қанша азық-түлік сатып алуға болатынын көрсетеді.

Сұраныстағы өнімдер

Статистикаға сәйкес, ең үлкен айырмашылық ет өнімдерінен байқалады. Қазақстандық азамат орташа айлық жалақысына 127 келі сиыр етін ғана сатып ала алады. Салыстырмалы түрде:

Осылайша, ЕАЭО елдері ішінде Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Беларусь пен Ресейден қалып келеді. Қазақстаннан төмен нәтиже тек Арменияда (79 келі) және Қырғызстанда (65 келі) тіркелген. Осындай үрдіс басқа ет түрлерінде де байқалады.

Ал жарма өнімдеріне келгенде жағдай біршама өзгеше. Қарақұмық бойынша Қазақстанның көрсеткіші 1 107 келіні құрап, Беларусьтен (1 067 келі) жоғары болды. Дегенмен Ресей бұл санатта да алда – 1 433 келі.

Күріштің сатып алу қабілеті бойынша Қазақстан Ресейге жақын нәтиже көрсетті. Қазақстандықтар орташа жалақысына 844 келі күріш сатып ала алса, Ресейде бұл көрсеткіш – 895 келі, ал Беларусьте – 710 келі.

Сатып алу қабілеті қалай есептеледі?

ЕЭК бұл индикаторды есептеу үшін елдегі орташа айлық атаулы жалақыны белгілі бір азық-түлік тауарының орташа бөлшек бағасына бөледі. Нәтижесінде бір адамның айлық табысына қанша килограмм өнім сатып алуға болатыны анықталады.

Айта кету керек, есептеу кезінде салықтар мен міндетті төлемдер ескерілмейді.

Жалақы өссе де, инфляция әсері сақталып отыр

2026 жылдың алғашқы тоқсанында ЕАЭО-ға мүше барлық елде атаулы жалақының өскені байқалды. Алайда инфляция бұл өсімнің едәуір бөлігін «жеп қойды».

Мысалы, Астанада 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында нақты жалақы индексі (инфляция әсерінен тазартылған көрсеткіш) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,1% болды. Бұл нақты жалақының 1,9%-ға төмендегенін білдіреді.

Сарапшылардың пікірінше, жалақы көлемінің өсуі халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғанын әрдайым білдіре бермейді. Егер азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы одан да жылдам өссе, азаматтардың нақты сатып алу мүмкіндігі төмендей береді.

Біз бұған дейін Forbes тізіміне енген отбасы Семейде ірі ет комбинатын іске қосатынын жазғанбыз. 

 

Оқи отырыңыз