Безеуге қарсы вакцина жасалуы мүмкін: ғалымдар жаңа әдіс ойлап тапты

Безеуге қарсы вакцина жасалуы мүмкін: ғалымдар жаңа әдіс ойлап тапты

Мадина Асылбекова
Фото: © pixabay.com

Безеу тек жасөспірімдерге тән мәселе емес. Одан ересек адамдар да зардап шегеді. Оның үстіне, қолданыстағы емдеу тәсілдерінің тиімділігі уақыт өте төмендеуі мүмкін, ал кейбір дәрілер ауыр жанама әсер туғызады. Енді бұл мәселеге қарсы вакциналар әзірленіп жатыр.

Фармацевтика алыбы Sanofi мен америкалық Armora Biosciences стартапы бактерияның өзін жоюды емес, оның бөлетін ақуыздарын залалсыздандыруды көздейді.

Безеудің пайда болуына не себеп? Швейцар ірімшігіне қандай қатысы бар?

2016 жылға дейін безеудің пайда болуына қатысы бар бактерия Propionibacterium acnes деп аталып келді. Алайда генетикалық зерттеулер теріде тіршілік ететін пропионибактериялардың сүт пен ірімшікте кездесетін туыстарынан едәуір ерекшеленетінін көрсетті. Сондықтан олар Cutibacterium деп аталатын жеке туысқа бөлінді. Бұл атау «тері бактериясы» деген мағынаны білдіреді.

Бір қызығы, бұрын безеудің пайда болуына жауапты деп есептелген бактериялар тобы швейцар ірімшігіндегі көзге көрінетін тесіктердің түзілуіне де қатысады. Сондай-ақ ірімшіктің өзіне тән дәмін қалыптастырады.

Ғалымдар безеу мен Cutibacterium acnes бактериясының байланысын бірнеше ондаған жылдан бері зерттеп келеді. Бұл микроағза шаш фолликулдарының оттегі аз терең қабаттарында тіршілік етеді. Алайда ол адамның терісінде, тіпті бетінде безеу мүлде жоқ адамдарда да кездеседі. Демек безеудің пайда болуына тек бактерияның болуы себеп емес.

imavita.com

Жыныстық жетілу кезеңіндегі гормондық өзгерістер де маңызды рөл атқарады. Бұл кезде тері майды көбірек бөледі, соның салдарынан бактериялардың көбеюіне қолайлы орта қалыптасады. Бұған қоса, аурудың пайда болуына генетикалық ерекшеліктер де әсер етуі мүмкін.

Калифорния университетінің Сан-Диегодағы бөлімшесінің профессоры Ричард Галлоның айтуынша, безеуді инфекция деп қарастыру дұрыс емес. Оның түпкі себебі – иммундық жүйенің жұмысы.

Кей жағдайда C. acnes бактериясының болуы шаш фолликуласының ішінде шамадан тыс иммундық реакция туғызады. Тері жасушаларының бір бөлігі май бөлетін жасушаларға айналып, қауіп туралы белгі беретін молекулалар мен микробтарға қарсы заттарды бөле бастайды. Мұндай қорғаныс реакциясы ағзаға нақты инфекция кезінде көмектескенімен, безеу жағдайында ол шамадан тыс күшейіп кетеді.

Ғалымдар болжамынша, мұндай реакцияны бактерия белгілі бір жағдайда бөлетін CAMP токсині қоздыруы мүмкін.

Ричард Галло бастаған зерттеу тобы тышқандарға CAMP токсиніне қарсы вакцина жасап көрген. Тәжірибе нәтижесінде вакцина безеудің алдын алуға да, оны емдеуге де көмектескен.

Осы зерттеуге сүйенген Sanofi компаниясы CAMP токсиніне қарсы мРНҚ-вакцина әзірледі. Оның безеуге қарсы тиімді болуы мүмкін деген үміт бар. Алайда АҚШ пен Канадада клиникалық сынақтарға қатысушыларды қабылдау әзірге басталған жоқ.

Armora Biosciences басқа ақуызды нысанаға алды

Америкалық Armora Biosciences стартапы басқа жолды таңдаған. Компания гиалурон қышқылын ыдырататын гиалуронидаза ферментіне қарсы вакцина әзірлеп жатыр. Бұл қышқыл жасушалар арасындағы кеңістікте орналасады.

universityofcalifornia.edu/news/vaccine-acne-uc-discovery-shows-promise

Гиалуронидаза ферментінің кейбір түрлері гиалурон қышқылын қарапайым қанттарға дейін ыдыратса, басқалары оны ірі бөлшектерге бөледі. Мұндай бөлшектер иммундық жүйеге қауіп туралы белгі беріп, қабыну үдерісін қоздыруы мүмкін. Соның салдарынан безеу пайда болады.

Зерттеушілер C. acnes бактериясының гиалуронидазаның екі түрін де бөлетін штамдары бар екенін анықтаған. Тышқандарға жүргізілген тәжірибеде «зиянды» штамдар қабынуды күшейтсе, «пайдалы» түрлері оны аздап бәсеңдеткен. Ал зиянды ферментке қарсы вакцина тышқандардағы безеудің азаюына ықпал еткен.

Ғалымдардың пікірінше, бұл антибиотиктердің безеуге қарсы неге әрдайым тиімді бола бермейтінін түсіндіреді. Антибиотиктер зиянды бактериялармен бірге пайдалы штамдарды да жояды. Бұған қоса, оларды жиі қолдану бактериялардың дәріге төзімділігін арттыруы мүмкін.

Изотретиноин препараты безеуді емдеуде тиімдірек болғанымен, оның ауыр жанама әсерлері бар, яғни жүктілік кезінде қолданылған жағдайда, ол ұрықтың дамуында ақаулар туғызуы мүмкін.

Ал бактерияның өзін емес, ол бөлетін ақуыздарды нысанаға алатын вакциналар мұндай кемшіліктерден ада болуы мүмкін. Ғалымдар екі вакцинаның да тиімділігі дәлелденсе, оларды біріктіріп қолдану мүмкіндігін де қарастырып отыр.

Оқи отырыңыз

{