Бес тіл білетін Іңкәр Кореядағы банкке қалай жұмысқа орналасты

Бес тіл білетін Іңкәр Кореядағы банкке қалай жұмысқа орналасты

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Кореяға магистратурада оқу үшін барған 29 жастағы Іңкәр Халиқызы бүгінде Gmoney Trans компаниясының Орталық Азиямен жұмыс бөлімінде қызмет етеді. Алайда бұл жұмысқа орналасқанға дейін ол қонақүйде тазалықшы болып, асханада, косметика компаниясында және поштада еңбек еткен. Бес тіл білуі мен аудармашылық тәжірибесі жаңа мүмкіндікке жол ашқан отандасымыз қазір қазақстандық тұтынушыларға қазақ тілінде қызмет көрсетуге атсалысып жүр. Үш қыздың анасы El.kz тілшісіне шетелдегі өмірі, жұмыс іздеудегі қиындықтары және елге оралу жоспары туралы айтып берді.

Қызылордадан басталған жол

Іңкәр Жетісайда дүниеге келгенімен, балалық шағы Қызылордада өткен. Оның Кореямен байланысы студенттік кезінен басталады. 2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне екі шет тілі ағылшын және корей тілі мамандығы бойынша оқуға түскен.

Үш жылдан кейін қос диплом бағдарламасының грантын жеңіп алып, Оңтүстік Кореядағы Кангнам университетіне аттанады. Онда корей тілі мен мәдениеті бағыты бойынша білім алған. Осылайша екі университеттің дипломын иеленіп, Қазақстанға оралады.

Елге келген соң №282 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімдігінде корей тілі аудармашысы болып жұмыс істеген. Шетелде алған білімі мен тілдік дағдысын осы қызметтерде қолданғанымен, уақыт өте келе басқа бағытта да өзін сынап көргісі келді.

Іңкәрдің айтуынша, Қызылордада корей тілінде алған біліміне сай тұрақты жұмыс табу оңай болмаған. Ал Астанаға немесе Алматыға көшіп, қызмет іздеу үшін де қаражат пен баспана мәселесін шешу қажет еді. Сол себепті ол білімін жалғастырып, жаңа мамандық меңгеру мүмкіндігін қарастыра бастаған.

Кореяға қайта келуімнің себебі Қызылордада корей дипломыма сай жұмыс табылмады. Астана мен Алматыда жұмыс істеу үшін де қаражат, баспана керек. Жаңа мамандық меңгеріп, заңды түрде жұмысқа орналасып, мақсатыма қол жеткізгім келді, – дейді Іңкәр.

Қазір ол Оңтүстік Кореядағы Йеуон өнер университетінде магистратурада оқып жатыр. Таңдаған бағыты – ойын-сауық индустриясындағы менеджмент. Өнер саласына бағытталған университеттегі сабақтары сенбі күні өтетіндіктен, қалған уақытын жұмысқа арнауды ұйғарған.

фото: Іңкәрдің жеке архиві

«Енем ақ батасын беріп шығарып салды»

Іңкәр 2021 жылы тұрмысқа шыққан. Жолдасы екеуі үш қыз тәрбиелеп отыр. Кіші қызы қазір бір жарым жаста.

Оның айтуынша, шетелге оқуға кету туралы шешім аяқ астынан қабылданбаған. Бұған дейін бірнеше жыл дайындалып, отбасы болып ақылдасқан. Білімге құштарлығын білетін жақындары ниетін қолдап, балаларға қарауға көмектескен.

Енем: «Барыңдар, ел көріңдер, жер көріңдер. Біз күш-қуатымыз барда балаларды қарап береміз», – деп ақ батасын беріп шығарып салды. Отбасым менің білімге құштар екенімді әу бастан біледі. Ешкім қарсылық білдірмеді, – дейді ол.

Іңкәр балалары дүниеге келгеннен кейін де аудармашылық қызметін жалғастырғанын айтты. Екінші қызына бір ай болғанда облыс әкімінің қатысуымен өткен кездесуге аудармашы болып барған кезі де бар. Осындай сәттерде ата-енесі қолдау көрсетіп, немерелеріне қараған.

Балаларының әжесімен жақын болуы оған жұмысын жалғастыруға, кейін оқу үшін шетелге баруға мүмкіндік берген. Дегенмен Іңкәр мұны аналық міндетін басқаға тапсыру деп ойлайды. Қыздарымен бірге өткізетін уақытқа, олардың әрқайсысына көңіл бөлуге мән береді.

Әр қызымның орны бөлек, мінездері де әртүрлі. Бірге қыдырамыз, тіл үйренеміз, дүкен аралаймыз. Балаларыма деген міндетімді өз орнымен орындауға тырысамын. Қазір WhatsApp арқылы күнде сөйлесіп тұрамыз. Уақытша алыстық бір-бірімізге деген махаббатымызды одан әрі арттырады деп сенемін», – дейді Іңкәр.

Ол қыздарын көктемде қасына алып баруды жоспарлап отыр. Өзінің түсіндіруінше, балаларын шақырту үшін алғашқы семестрді аяқтап, оқу үлгерімі мен тұрақты табысын көрсетуі қажет.

фото: Іңкәрдің жеке архиві

«Үйге жеткенше жылап келдім»

Іңкәрдің Кореядағы еңбек жолы бірден кеңседен басталған жоқ. Оқудан бос уақытында табыс табу үшін әртүрлі жұмысқа орналасып көрген. Қонақүйде тазалықшы, өзбек асханасында, тауық тағамдарын дайындайтын тамақтану орнында, косметика компаниясында және поштада еңбек еткен.

Бір жұмыстың жолы алыс болса, екіншісінде берілетін жұмыс сағаты аз болған. Сабақ пен емтиханға дайындықты да қатар алып жүру қажет еді. Сондықтан өзіне қолайлы кестесі әрі жеткілікті табысы бар жұмыс іздеуді жалғастырған.

Осы кезең оның өзіне де көп нәрсені қайта қарауға себеп болған.

Банкке дейін өз эгомды сындырумен болдым. Шетелде сенің оқырмандарыңның саны да, әкімге аудармашы болғаның да ешкімге керек емес. Заңды жұмысқа орналасқанша қара жұмыс істедім. Өйткені елде үш баламыз бар. Олардың балабақшасы, тамағы мен киімі біздің жағдайымызға қарап тұрмайды, – дейді ол.

Ең ауыр тигені – қонақүйдегі тазалық жұмысы. Іңкәрдің сөзінше, онда он екі сағат бойы үзіліссіз жұмыс істеуге тура келген. Тіпті сөмкесіндегі суды ішуге уақыт таппағанын еске алады.

Сөмкемде тұрған бір бөтелке судың бір тамшысын ішуге де мұрша болмады. Жұмысқа жегіп, адам құрлы көрмейтіндер де бар екен. Кетемін дегенде де жібергісі келмеді. Бір күндік еңбекақымды алмастан шығып кеттім. Шамамен 50 мың теңгем қалды. Үйге жеткенше жылап келгенім бар, – дейді Іңкәр.

Бұдан кейін де ол жұмыс іздеуді тоқтатпаған. Косметика компаниясындағы орта ұнағанымен, жұмыс сағаты аз болғандықтан табысы жеткіліксіз болыпты. Ал поштадағы түнгі ауысым өзіне қолайлы болғанын, еңбекақысы да көңілінен шыққанын айтады.

Сол аралықта мамандығы мен тілдік біліміне сай қызметтерге түйіндеме жіберіп жүрген.

фото: Іңкәрдің жеке архиві

Бес тілде өткен сұхбат

Іңкәр барлығы бес компанияға түйіндеме жолдаған. Олардың бірі сұлулық индустриясында тәжірибесі болмағандықтан бірден бас тартқан. Өзге өтініштері қаралып жатқанда Gmoney Trans компаниясынан сұхбатқа шақырту келеді.

Оның айтуынша, іріктеу үш кезеңге жоспарланған. Әр кезең бөлек күні өтуге тиіс болғанымен, алғашқы кездесуде бірден екі сұхбаттан өткен.

Жұмыс берушілер оның аудармашылық тәжірибесіне, тілдерді меңгеру деңгейіне және қазақ аудиториясына арналған блогына назар аударған. Түйіндемесінде көрсетілген тілдерінің бәрі сұхбат барысында тексеріліпті.

Сұхбатты үш адам алды, әрқайсысы әртүрлі ұлт өкілі болды. Корей, ағылшын, орыс, қазақ және өзбек тілдерінде сұрақтар қойылды. Өйткені түйіндемемде осы тілдерді көрсеткенмін. Барлығына жауап беріп, ойымды еркін жеткіздім, – деді.

Ол жұмысқа қабылдануына ең алдымен көптілділігі көмектесті деп есептейді. Бұған қоса адамдармен тез тіл табысуы, жаңа ортаға бейімделуі және аударма жасаудағы тәжірибесі де кәдеге жараған.

Бірнеше тіл білсеңіз, бірнеше адамның атқаратын жұмысын бір өзіңіз орындай аласыз. Жұмыс берушіге де сізді қабылдау тиімдірек болады, – дейді ол.

Бұл сұхбат бұрын жинаған тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік берген. Қазақстанда аудармашы болып істегені де, әлеуметтік желіде қазақ тілінде контент жасауы да жаңа қызметке орналасу кезінде маңызды болған.

Қазақстандық тұтынушыларға жауапты маман

Іңкәр жұмысқа орналасқан Gmoney Trans шетелдіктерге халықаралық ақша аудару қызметін ұсынады. Оның айтуынша, сервис арқылы Кореяда жұмыс істейтін азаматтар табысын өз еліне төмен комиссиямен жібере алады.

Ол Орталық Азиямен жұмыс бөлімінде қазақстандық тұтынушыларға қазақ тілінде қызмет көрсетуге жауапты. Оның міндетіне ақпаратты сапалы аудару, сервистің жұмысын түсіндіру және тұтынушылармен байланыс орнату кіреді.

Қаржылық есеп жүргізу оның қызметіне жатпайды. Бұл жұмыспен бөлек бөлім айналысады.

Менің міндетім – сапалы аударма жасап, қазақ тілінде қызмет көрсету. Қаржылық есеп-қисапқа қатысым жоқ. Аударымдардың қалай жасалатынын, қызметтің жұмыс істеу тәртібін түсінуім керек. Маған қойылған негізгі талап – Қазақстан бағытына жауапты маман ретінде сапалы жұмыс істеу, – дейді Іңкәр.

Жұмысқа қабылдау кезінде оның Кореяда алған дипломы мен визасы да сұралған. Ал тілдік білімі мен аудармашылық қабілеті қызметіне тікелей сай келген.

Іңкәр жаңа ұжымның өзін жылы қабылдағанын айтады. Мұнда әртүрлі елден келген қызметкерлер бар. Алғашқы күндері құжаттарын реттеп, әріптестерімен ақпарат алмасып, жұмыс барысымен танысқан.

Сұхбат берген кезде оның сабақтан тыс уақытын ескеретін жұмыс кестесі келісіліп жатқан. Негізгі кестесі желтоқсанда бекітіледі деп күтілуде. Әзірге сынақ мерзімінде болғандықтан, жалақысының көлемін жарияламауды жөн көрген.

фото: Іңкәрдің жеке архиві

«Қазақстан үшін не істей аласыз?»

Жаңа жұмыс орнында Іңкәрге қойылған маңызды сұрақтың бірі – «Қазақстан үшін не істей аласыз?» болған. Қазір ол осы бағытта идеялар ұсынып, қазақтілді тұтынушылармен байланысты дамытуды қолға алмақ.

Алғашқы міндеттің бірі – Instagram парақшасын қазақ тілінде жүргізу. Онда ақша аудару қызметін түсіндіретін қысқа бейнероликтер түсіріп, қазақстандықтар жиі қоятын сұрақтарға жауап беруді жоспарлап отыр.

Қазір жаңа идеялар іздеп жатырмын. Алғашқы жұмысым – Instagram парақшасын қазақ тілінде жүргізуді қолға алу. Қазақ тілінде рилстер түсіріп, тұтынушыларға бағыт-бағдар бергім келеді. Қазақстандықтар жиі қоятын сұрақтарға осылай жауап береміз, – дейді ол.

Осылайша оның әлеуметтік желідегі тәжірибесі де қызметінің бір бөлігіне айналмақ. Сұхбат кезінде назарға іліккен қазақ аудиториясымен байланысы енді тұтынушыларға түсінікті ақпарат жеткізуге көмектеседі.

Іңкәр бұл салада жүрген жалғыз қазақстандық емес екенін де атап өтті. Кореяның қаржы қызметтерінде еңбек етіп жүрген өзге қазақ қыздары бар. Ал өзі үшін мұндай қызметке қабылдануы – ұзақ ізденістен кейінгі маңызды жетістік.

Бұл салада менен басқа да қазақ қыздары көп. Бірақ өзім үшін осы жұмысқа орналасуымды үлкен жетістік деп білемін, – дейді ол.

фото: Іңкәрдің жеке архиві

«Қызымның қазақ мектебінде оқығанын қалаймын»

Кореяда білім алып, жұмысқа орналасқанымен, Іңкәр болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Оқуын аяқтаған соң елге оралып, жинаған білімі мен тәжірибесін бөліскісі келеді.

Бұл шешімде балаларының болашағы да маңызды орын алады. Қыздары көктемде қасына барғанымен, екі жылдан кейін үлкені мектеп жасына толады. Іңкәр оның Қазақстанда білім алғанын қалайды.

Оқуымды аяқтаған соң балаларыммен Қазақстанға оралып, біліміммен бөліскім келеді. Екі жылдан кейін үлкен қызым мектепке барады. Қызымның қазақ мектебінде оқып, оны тәмамдағанын қалаймын. Өз елінде емін-еркін, еркелеп өссе екен деймін, – дейді.

Оқи отырыңыз

{