Судан аумағындағы Сахара шөлінен археологтар осыған дейін белгісіз болып келген жүздеген көне жерлеу кешенін тапты.
Ғалымдардың бағалауынша, бұл қорымдардың жасы шамамен бес мың жылға жетеді, яғни олар Мысыр пирамидаларынан да көне болуы мүмкін.
Халықаралық археологтар тобы Суданның шығыс бөлігіндегі шөлді аймақта 260 бұрын белгісіз болған жерлеу орнын анықтаған. Қорымдар Ніл өзені мен Қызыл теңіздің аралығындағы шамамен мың шақырым аумаққа шашырай орналасқан.
Зерттеу барысында ғалымдар дәстүрлі қазба жұмыстарынан гөрі спутниктік түсірілім технологиясына сүйенген. Аустралиядағы Маккуори университетінің, Францияның HiSoMA зерттеу орталығының және Польша ғылым академиясының мамандары Атбай шөлінің суреттерін жан-жақты талдаған. Осылайша олар ежелгі өркениеттің іздерін құм астынан анықтаған.
Ғалымдардың айтуынша, бұл аймақты ежелгі Мысыр перғауындары пайда болмай тұрып-ақ көшпелі малшылар мекендеген.
Археологтар тапқан нысандар «сақиналы қорымдар» деп аталады. Олар диаметрі 80 метрге дейін жететін үлкен дөңгелек жерлеу құрылыстары. Қорымдардың ішінен адам сүйектерімен қатар ешкі мен қойдың қалдықтары да табылған.
Зерттеушілер болжамынша, мұндай кешендердің дәл ортасына негізгі мәртебелі адам жерленген. Оның айналасына басқа адамдардың сүйектері қойылған. Мамандар орталықтағы адамның тайпа көсемі немесе сол дәуірдегі элита өкілі болуы мүмкін екенін айтады.
Радиокөміртекті сараптама бұл қорымдардың біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдықтарға тиесілі екенін көрсетті. Бұл кезең Африкадағы ылғалды дәуір аяқталып, Сахара шөлге айнала бастаған уақытпен сәйкес келеді.
Сол уақытта жайылымдар азайып, көшпелі тайпалар жаңа қоныс іздеп, Нілге жақын аймақтарға көшуге мәжбүр болған. Сондықтан қорымдардың басым бөлігі ежелгі су көздері мен маусымдық өзен арналарының маңынан табылған.
Археологтар пікірінше, сол қоғамда мал ерекше құндылық саналған. Ғалымдар оны қазіргі замандағы қымбат спорткармен салыстырады. Яғни ол кезде үлкен мал табынына ие болу байлық пен мәртебенің белгісі болған. Сондықтан адамдар жануарларын өздерімен бірге жерлеген.
Мамандар бұл жаңалық Сахара туралы бұрынғы түсінікті өзгертуі мүмкін екенін айтады. Өйткені бүгінгі иен шөлдің орнында бір кездері әлеуметтік құрылымы қалыптасқан, өзіндік дәстүрі мен жерлеу рәсімдері болған дамыған қоғам өмір сүрген.
Алайда зерттеушілер көне ескерткіштерге қауіп төніп тұрғанын да ескертті. Заңсыз пайдалы қазба өндіру жұмыстары салдарынан көптеген тарихи орындар жойылып кетуі мүмкін. Кейбір археологиялық нысандар бірнеше күннің ішінде толықтай жоғалып кету қаупінде тұр.