Берет, бини, панама: биыл қандай бас киімдер сәнде?

Берет, бини, панама: биыл қандай бас киімдер сәнде?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Күзде бас киім жылытып қана қоймай, образды толықтыратын маңызды аксессуарға айналады. Биыл классикалық берет пен тоқылған биниден бастап, бауы бар чепчик пен жылы бейсболкаға дейінгі түрлі үлгі өзекті. Ерлер гардеробында да қарапайым тоқылған бас киімдер, кепка мен бейсболкаға орын бар.

Lady Mail және Elyts басылымдарының сәнге арналған материалдарына сүйене отырып, 2026 жылдың күзінде қандай бас киімдерге назар аударуға болатынын және оларды немен үйлестірген дұрыс екенін ұсынамыз.

Күнделікті образға арналған әмбебап таңдау

Бини – күз бен қысқа арналған ең ыңғайлы бас киімдердің бірі. Оны пальтомен, былғары күртешемен, бомбермен, тренчпен және көлемді тоқыма киімдермен үйлестіруге болады. Elyts басылымының мәліметінше, 2026-2027 жылғы күз-қыс маусымында төбесі сәл көтеріңкі, қайырмасы жоқ бини үлгілеріне назар аударған жөн. Мұндай бас киім заманауи әрі жинақы көрінеді. Ал Lady Mail басылымы жүн қосылған тығыз тоқылған үлгілерді суық күндерге қолайлы нұсқа ретінде ұсынады.

фото: Pinterest/Al 

Түсіне келсек, қара, сұр, қоңыр, сүт түс сияқты бейтарап реңктерді күнделікті киіммен оңай үйлестіруге болады. Ал образға ерекшелік қосқысы келетіндер бордо, қызыл, зәйтүн немесе қанық көк түсті таңдай алады.

Берет – образға француз шармын қосады

Берет бірнеше маусымнан бері сәннен түспей келеді. Ол классикалық пальтомен ғана емес, тренчпен, былғары күртешемен, джинсы және трикотаж киімдермен де жарасады. 2026 жылдың күзінде жүннен немесе кашемирден тігілген, көлемі сәл үлкендеу беретке назар аударуға болады. Оны бастың бір жағына қарай қисайтып немесе тура киюге болады.

фото: Pinterest

Егер күнделікті гардеробыңызда қара, сұр және қоңыр түстер басым болса, қызыл, көгілдір немесе өрнекті берет образды бірден жандандырады. Мұндай жағдайда сырт киім мен басқа аксессуарларды барынша қарапайым таңдаған дұрыс.

Чепчик пен капор – ерекше әрі жылы 

Биыл назар аударатын үлгілердің бірі – иектің астынан байланатын жұмсақ бас киім, яғни чепчик. Ол бас пен құлақты жауып, образға өзгеше сипат береді. Мұндай үлгілер пальтомен, көлемді күртешемен, жасанды тонмен және тоқылған киімдермен жақсы үйлеседі.

фото: Pinterest/Al 

Ашық түсті чепчикті қарапайым пальтомен немесе біртүсті сырт киіммен кисеңіз, бас киім образдың басты бөлшегіне айналады. Ал көзге түсе бермейтін нұсқа іздесеңіз, сүт түстес, сұр, қоңыр немесе қара түсті таңдауға болады.

Капор да күзгі гардеробқа лайық. Ол бас пен мойынды жауып, шарф пен бас киімнің қызметін қатар атқарады. Капорды пальтомен де, күнделікті күртешемен де киюге болады. Әсіресе, желді әрі салқын күндері қолайлы.

Бейсболка мен панама 

Бейсболка тек жазға арналған аксессуар емес. Күзде оның жүннен, вельветтен, фетрден немесе тығыз матадан тігілген үлгілерін таңдауға болады. Мұндай бас киім бомбермен, былғары күртешемен, тренчпен және кең пішімді пальтомен үйлеседі.

фото: Pinterest/Al 

Ал панаманың күздік нұсқасы бірнеше жыл бойы трендтен түспей жүр. Жүннен, фетрден, тығыз трикотаждан немесе жұмсақ, түкті материалдардан тігіледі. Оны пальто, тренч және көлемді тоқыма киімдермен киюге болады. Күнделікті стильді ұнататындарға бейсболка ыңғайлы болса, панама образға өзгеше реңк береді. Ең бастысы – бас киімнің материалы мен пішіні ауа райына және сырт киімге сәйкес болуы керек. 

Кепи мен докер – классикалық әрі еркін стиль

Кепи мен фуражка классикалық киімді ұнататындарға жарайды. Оларды тік пішімді пальтомен, тренчпен, жакетпен, шалбар және етікпен үйлестіруге болады. Күзге арналған вельвет, твид немесе замша фактуралы үлгілер ерекше көрінеді.

фото: Pinterest/Al 

Ал докер – шолақ бас киім. Ол құлақты толық жаппайтындықтан, күн жылы әрі құрғақ кезде киген дұрыс. Докерді былғары күртешемен, қысқа пальтомен және еркін стильдегі киімдермен үйлестіруге болады.

Ерлерге қандай бас киім таңдаған дұрыс?

Ерлер гардеробында да бини, тоқылған бас киім, бейсболка және кепи өзекті болып қала береді. Elyts басылымы биниді классикалық пальто және іскерлік киіммен үйлестіруге болатынын атап өтеді. Мұнда бас киімнің тым қалың болмауына және басқа қыспай, ыңғайлы отыруына мән берген жөн.

фото:  Fix Price

Салқын күзде тығыз матадан тігілген бейсболка немесе жүннен жасалған кепка таңдауға болады. Олар жемпірмен, кең пішімді пальтомен және күнделікті күртешемен жарасады. Ал қыс жақындағанда құлақты жауып тұратын жылы тоқылған бас киімге ауысқан дұрыс.

Қысқы маусымға құлақшын да қолайлы. Қазіргі үлгілердің арасында қысқа құлақты спорттық нұсқалар да, жүн немесе кашемирден тігілген классикалық түрлері де бар. 

Бас киімді таңдағанда нені ескеру керек?

Сәнді киіну адамға ерекше көңіл күй сыйлайды. Дегенмен солтүстік не орталық Қазақстанда тұратын адамдарға сұлуынан жылуы болғаны жақсы. Сондықтан мынадай ақыл-кеңестерді есте ұстаңыз. Алдымен, материалына мән беріңіз. Күздің басындағы жылымық күндері тығыз мақта, вельвет пен фетр жарасады. Суықта жүн, кашемир және тығыз трикотаждан тігілген үлгілер қолайлы.

фото: Pinterest

Бас киім таңдағанда басыңыздың формасы қандай екенін ескеріңіз. Бас киім маңдайды қыспауы, көзге түсіп кетпеуі және жүргенде сырғып кетпеуі керек. 

Одан кейін барынша сырт киіммен үйлестіріңіз. Классикалық пальтоға берет пен кепи жарасса, бини мен бейсболка күнделікті әрі еркін образға көбірек үйлеседі. Түсін дұрыс таңдаңыз. Есіңізде болсын, бейтарап реңктерді сырт киімдермен үйлестіру оңай. Ал қызыл немесе бордо түсті бас киім қарапайым образға ерекшелік қосады. 

Оқи отырыңыз

{