Бельгия королі Қазақстанға келеді: сапар бағдарламасы мен екі ел туралы қызықты деректер

Бельгия королі Қазақстанға келеді: сапар бағдарламасы мен екі ел туралы қызықты деректер

Асқар Таудай
Фото: Geert Vanden Wijngaert/Getty Images

11-14 қазан аралығында Қазақстанға Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда мемлекеттік сапармен келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтетін сапар барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, іскерлік және білім беру салаларындағы бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылады. 

Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия королі Филипппен және патшайым Матильдамен кездеседі. Тараптар «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесінің төртінші отырысына және екі ел жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысады. Сонымен қатар сапар бағдарламасында өзге де маңызды іс-шаралар қарастырылған.

Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Бельгия туралы қызықты деректер

Бельгия – Еуропадағы фармацевтика, биотехнология, логистика және жоғары технологиялық өндіріс салалары қарқынды дамыған мемлекеттердің бірі. Елде үш ресми тіл бар: нидерланд, француз және неміс тілдері.

Бельгияның мемлекеттік басқару жүйесі де өзіндік ерекшелігімен танымал. Елде алты парламент пен алты үкімет жұмыс істейді. Ал жеке тұлғалардың табысына салынатын салықтың ең жоғары мөлшерлемесі 50 пайызға жетеді. Бұл – Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Бельгия астанасы Брюссель халықаралық саясаттың маңызды орталықтарының бірі саналады. Мұнда Еуропалық одақтың негізгі институттары, НАТО штаб-пәтері, Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Энергетикалық хартияның хатшылықтары орналасқан. Сондай-ақ қалада Бельгия, Нидерланд және Люксембургті біріктіретін Бенилюкс ұйымының құрылымдары жұмыс істейді.

Бельгия тарихи және мәдени мұраға да бай. Ел сақталған қамалдар саны бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді. Сонымен қатар 2003 жылы электронды жеке куәлікті алғашқылардың бірі болып енгізген ел ретінде белгілі.

Музыка әлеміндегі маңызды жаңалықтардың бірі де Бельгиямен байланысты. 1840 жылы бельгиялық өнертапқыш Адольф Сакс саксофон аспабын ойлап тапқан.

Бельгия комикс өнерімен де танымал. Елде Еуропадағы ең белгілі комикс мектептерінің бірі қалыптасқан, ал Брюссель осы өнер жанрының әлемдік орталықтарының бірі саналады.

Антверпен қаласы болса, әлемдегі ең танымал алмас саудасы мен өңдеу орталықтарының қатарында. Мұнда халықаралық деңгейде белгілі алмас биржалары орналасқан.

Шоколад, картоп фри және сыра мәдениеті

Бельгияның гастрономиялық дәстүрлері бүкіл әлемге танымал. Әсіресе бельгиялық шоколад, картоп фриі және сыра мәдениеті елдің өзіндік ерекшелігіне айналған.

Картоп фриінің шығу тарихына қатысты түрлі пікір бар. Бельгияда бұл тағамның отаны Фландрия өңірі деген түсінік кең тараған. Дегенмен картоп фриінің нақты қай жерде алғаш дайындалғаны әлі де пікірталас тудырады.

Бельгия сыраның түрлері мен стильдерінің көптігімен ерекшеленеді. Елдің сыра жасау және тұтыну мәдениеті ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.

Шоколад өндірісі де ел экономикасы мен ұлттық бренді үшін маңызды. Бельгия жыл сайын 200 мың тоннадан астам шоколад өндіреді.

Бельгиялықтардың өз елдері туралы әзіл-шыны аралас айтатын танымал сөзі де бар. Олардың пікірінше, ел халқын біріктіретін үш нәрсе – король, футбол және сыра.

Қазақстан мен Бельгияны не байланыстырады?

Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың өзіндік тарихы бар. Екі ел саяси диалогты дамытып қана қоймай, экономика, білім, мәдениет және басқа да бағыттарда ынтымақтастық орнатып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қарашасында Бельгияға ресми сапармен барған. Ал 2026 жылдың маусымында Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштаның шақыруымен Брюссельге сапар жасады.

Бельгия королі Филипп те Қазақстанға бұрын келген. Ол тақ мұрагері болған кезеңде, атап айтқанда 2002, 2009 және 2010 жылдары елімізге үш рет сапар жасаған.

Екі мемлекетті ғарыш саласы да байланыстырады. Бельгиялық ғарышкер Франк де Винне 2002 және 2009 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған Халықаралық ғарыш станциясына бағытталған экспедицияларға қатысқан.

Өнеркәсіп саласында да ынтымақтастық мысалдары бар. Атап айтқанда, Қазақстан кәсіпорындарында бельгиялық Picanol компаниясының тоқыма жабдықтары пайдаланылады.

Брюссельдегі қазақстандық велошеру

2019 жылғы 3 мамырда Қазақстан географиялық қоғамының командасы «Beibitshilik Jane Birlik. Peace and Unity» халықаралық велошеруі аясында Брюссельде болды.

Қазақстан халқының бірлігі күні мен Жастар жылына арналған бұл бастама жеті қаланы қамтыды. Брюссель сол қалалардың бірі ретінде таңдалды.

Сол жылы Бельгия астанасы әлемдегі ең беделді веложарыстардың бірі – «Тур де Франстың» басталу нүктесіне айналды. 2019 жылғы 6 шілдеде Брюссельден басталған жарысқа қазақстандық Astana ProTeam велокомандасы да қатысты.

Бельгиялық брендтер Қазақстан нарығында

Екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың тағы бір көрінісі – бельгиялық компаниялардың Қазақстан нарығына шығуы.

Соның бірі – Le Pain Quotidien халықаралық наубайхана және мейрамхана желісі.

Аталған бренд Қазақстандағы жұмысын 2024 жылдың күзінде бастады. Алғашқы мейрамхана Алматы қаласындағы Forum Mall сауда-ойын-сауық орталығында ашылды.

2026 жылдың мамырында желінің екінші нүктесі Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында жұмысын бастады.

Le Pain Quotidien бренді 1990 жылы Брюссельде бельгиялық аспаз Ален Кумонның бастамасымен құрылған. Бүгінде желі әлемнің түрлі елдеріндегі 200-ден астам мейрамхананы біріктіреді.

Осылайша, Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Ал жоспарланған іскерлік кездесулер мен білім беру форумдары жаңа бірлескен бастамаларға жол ашуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{