30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыМеркіде 19 жастағы Мадина Авезованың қазасына қатысты жаңа мәліметтер айтылды. Журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берген марқұмның құрбылары қыздың денесіндегі жарақаттар оның өз-өзіне қол жұмсағанына күмән келтіретінін мәлімдеді. Ал Мадинаның анасы қызының қайтыс болғанын құда-жекжатынан емес, құрбысы Зейнептен естігенін айтты.
Құрбыларының сөзінше, Мадинаның денесінде түрлі жарақаттардың іздері болған. Олардың айтуынша, бұл жарақаттар қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы болжаммен сәйкес келмейді.
Шаштары сабан-сабан. Соған қарағанда, қорада ұрған сияқты. Басынан қан тоқтамай аққан. Құрсағындағы баласын да алып тастаған сияқты. Сабалған шыбықтың іздері бар, – дейді Мадинаның құрбысы.
Бұл – марқұмның жақындарының болжамы. Жарақаттардың нақты неден пайда болғанын және өлімнің себебін сот-медициналық сараптама мен тергеу нәтижелері анықтауы тиіс.
Анасы қызының өлімін құрбысынан естіген
Мадинаның анасы да қызының өліміне қатысты күмәні бар екенін айтты. Оның сөзінше, қызының жағдайы туралы оған күйеуінің немесе құдаларының ешқайсысы хабарламаған.
Қызым қайда дегенде, құдалар оны ауруханада деді. Ешқайсысы айтпады. Күйеу бала 23 жаста, жұмыссыз. 17 жасында қызымды алып қашқан. Екі-ақ ай сөйлескен. Интернет арқылы танысқан. Жаназаға да құда, құдағи, күйеу бала келмеді, – деді Мадинаның анасы.
Оның айтуынша, қызының қайтыс болғанын ол құдағиынан емес, қызының құрбысы Зейнептен естіген.
Өлер алдында видео жіберілген
Мадина қайтыс болар алдында анасының WhatsApp желісіне өз-өзіне қол жұмсайтыны туралы видео жіберілгені де айтылды.
Алайда видеода қыздың бет-жүзі мен денесі анық көрінбеген. Мадинаның туыстары бұл видеоны оның өзі түсіргеніне күмән келтіреді. Олардың болжамынша, видеоны күйеуі Мадияр әдейі түсірген болуы мүмкін.
Бұл дерек те әзірге ресми түрде расталған жоқ. Видеоны кім түсіргені, қашан және қандай жағдайда жазылғаны тергеу барысында анықталуы керек.
Бұған дейін не айтылған?
Бұған дейін Мадинаның құрбылары қыздың отбасындағы жанжалдар туралы айтып, оның күйеуінен зорлық көргенін мәлімдеген. Құрбысының айтуынша, ол Мадинаның денесіндегі көгерген жерлерді көріп, жарақаттарының суреттерін де алған.
Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға сатып алынған «Барни» тәттісіне байланысты болған. Айтуларынша, Мадина баласына алынған батончикті өзі жегені үшін күйеуі оны ұрып-соққан. Осыдан кейін қыз күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған.
Алайда бұл мәліметтердің барлығы әзірге марқұмның жақындары мен құрбыларының айтқандарына негізделген.
Полиция не дейді?
Жамбыл облысының полиция департаменті бұған дейін адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.
Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Мадинаның өліміне қатысты нақты қорытынды тергеу, сот-медициналық сараптама және басқа да процессуалдық әрекеттердің нәтижесінде белгілі болуы тиіс.
Артында сегіз айлық сәбиі қалған 19 жастағы қыздың өліміне қатысты қоғамда көптеген сұрақ туындап отыр. Ең бастысы – оның өліміне не себеп болғанын және қайғылы оқиғаның нақты қалай болғанын тергеу анықтауы қажет.
Еске салайық, бұған дейін Нұрай Серікбай ісі бойынша Шымкентте 28 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды