Кеше, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келедіФранцияның Мец қаласындағы Помпиду орталығында көпшілікке ұсынылған италиялық суретші Маурицио Каттеланның «Комедиант» инсталляциясы тағы да ұрланды. Бұл жолы ұры қабырғаға скотчпен жапсырылған кәдімгі бананды алып кеткен. Алайда мұндай әрекеттен пайда табу оңай емес: музейден тыс жерде бұл жемістің құны көрші супермаркеттегі бананнан артық емес.
Каттеланның туындысы бұған дейін де бірнеше рет шабуылға ұшыраған. 2019 жылы көпшілікке алғаш көрсетілгеннен кейін суретші Дэвид Датуна бананды қабырғадан алып, жеп қойған. Ол мұны өнер перформансы деп түсіндіріп, сот жауапкершілігінен құтылған. Кейін криптовалюта миллиардері Джастин Сан «Комедиантты» Sotheby’s аукционында 6,2 миллион долларға сатып алып, артынан бананды өзі жеген. Былтыр жазда Помпиду орталығының осы филиалында тағы бір келуші бананның бір бөлігін тістеп үлгерген. Енді инсталляция қайтадан ұрлық нысанына айналды.
Дегенмен музей қызметкерлері ұрыны іздеуге кіріспейді. Өйткені банан үш күнде бір рет жаңасымен ауыстырылып отырады. Оның үстіне, суретші алғаш пайдаланған скотч та әлдеқашан жаңартылған. Бұл туындының құндылығы жемістің өзінде емес. Оны сатып алған адамға берілетін түпнұсқалық сертификаты, орнату жөніндегі нұсқаулығы және, ең бастысы, суретшінің осы инсталляция арқылы жеткізгісі келген идеясы маңызды.
Музейлердегі ұрлық қай кезде де көпшілік назарында. Бұл тақырыпта талай детектив, боевик, тіпті комедия түсірілген. Өткен жылы Луврда болған ұрлық та ұзақ уақыт жаңалықтардың басты тақырыбына айналды. Ал тарихта киноның өзінде тым әсіреленгендей көрінетін, бірақ шын өмірде болған оқиғалар аз емес.
Стокгольмдегі «боевикке» бергісіз ұрлық
Егер осы оқиға желісімен фильм түсірілсе, көрермен оны шындыққа жанаспайды деп қабылдауы мүмкін. Алайда Стокгольмде болған ұрлық дәл осындай сценариймен жүзеге асқан.
2000 жылғы 22 желтоқсанда, жұма күні, қала тұрғындары Рождество мерекесіне арналған ұзақ демалысты асыға күтіп жүрген. Кенет қаланың екі жерінде көлік жарылып, өрт шықты. Оқиға орнына полиция мен өрт сөндірушілер шұғыл жетті, ал төтенше қызметтерге қоңырау қарша борады. Мұның бәрі музей тонаушылардың жоспары еді: олар осылайша құқық қорғау органдарының назарын басқа жаққа аудармақ болған.
Қалада абыр-сабыр басталған сәтте бетперде киген, қаруланған үш адам Ұлттық музейге басып кірді. Олар үш шағын картинаны – Рембрандттың автопортретін, сондай-ақ Ренуардың «Әңгіме» және «Жас париждік» туындыларын алып шықты. Артынша қайыққа мініп, із суытқан.
Ұрылар қашып кеткен жолдарға шеге шашып кеткені де кейін белгілі болды. Соның салдарынан полиция көліктерінің дөңгелектері тесіліп, қозғалыссыз қалған.
Алайда өнер туындысын ұрлау бір бөлек те, оны сату – мүлде басқа мәселе. Қылмыскерлер картиналарды музейдің өзіне қайта сатпақ болған. Бірақ ұсынысты жеткізген делдалдар ұсталып, олардың көмегімен полиция ұрылардың ізіне түсті.
Қылмыскерлер картиналардан құтылып үлгергенімен, туындылардың бәрі кейін табылды. Бір картина 2001 жылы есірткі саудасына қарсы операция кезінде кездейсоқ анықталды. Қалған екеуі 2005 жылы полиция олардың сатылмақ болғанын білгеннен кейін қайтарылды.
Ұлыбританиядағы ерекше ұрлық
Франсиско Гойяның «Веллингтон герцогінің портреті» суретшінің ең үздік туындыларының бірі саналмауы мүмкін. Бірақ британиялықтар үшін оның орны бөлек. Себебі портретте бейнеленген қолбасшы елдің ұлттық батыры саналады. Оның құрметіне ескерткіштер көзі тірісінде-ақ орнатыла бастаған.
1961 жылы картинаның иесі оны Sotheby’s аукционына шығарғанда үлкен дау туды. Америкалық мұнай магнаты Чарльз Райтсмен туындыға ең жоғары баға ұсынып, 140 мың фунт беруге дайын екенін мәлімдеді. Ол кездегі өлшеммен бұл қомақты қаражат еді. Портреттің АҚШ-қа жіберілуіне жол бермеу үшін Ұлыбритания үкіметі мәмілені уақытша тоқтатты. Ақырында картинаны иесінен тікелей сатып алу туралы шешім қабылданды. Wolfson Foundation қайырымдылық қоры 100 мың фунт жинап, мемлекет бюджетінен тағы 40 мың фунт бөлінді.
1961 жылғы 2 тамызда портрет Лондондағы Ұлттық галереяға салтанатты түрде қойылды. Алайда арада небәрі 19 күн өткенде картина ізім-ғайым жоғалды. Оның қалай ұрланғанын ешкім түсіне алмады. Бір жыл бойы үнсіздік орнағанымен, кейін белгісіз біреуден ақша талап еткен хаттар келе бастады.
Ұры ақшаны қайырымдылық ұйымын құруға жұмсайтынын айтқан. Тіпті бір кезде картинаны қайтарудың шартын да ұсынды: портрет жеке залда қойылып, оны көруге келгендер бес шиллинг төлеуі керек. Жиналған қаражат қайырымдылық қорын құруға жұмсалуы тиіс болған.
Билік бұл талаптарды елемеді. Ақырында картина ешқандай төлемсіз қайтарылды. 1965 жылғы мамырда ұры портретті теміржол вокзалындағы сақтау камерасына қалдырып, түбіртегін Daily Mirror газетіне хатпен жіберген. Маусым айында қылмыскер өз еркімен Жаңа Скотленд-Ярдқа келіп, кінәсін мойындады.
Ұрының 61 жастағы зейнеткер, бұрын автобус жүргізушісі болған Кемптон Бантон екені анықталды. Ол картинаны наразылық білдіру үшін ұрлағанын айтты.
Ол кезде Ұлыбританияда теледидары бар әрбір тұрғын BBC қоғамдық телерадиокомпаниясын қаржыландыру үшін жыл сайын бес фунт көлемінде алым төлеуге міндетті еді. Қазір бұл төлем 180 фунтқа дейін өскен. Бантон мұндай міндеттеме кедей адамдарға ауыр салмақ салады деп есептеген. Алым төлеуден бас тартқаны үшін ол үш рет түрмеге қамалып, жалпы алғанда он апта жазасын өтеген.
Үкіметтің бір картинаға мыңдаған фунт жұмсағанын естігенде, ол қатты ашуланған. Оның ойынша, бұл ақшаны халыққа тегін теледидар көрсетуге жұмсауға болатын еді. Музейге барған кезде ерлер дәретханасының терезесі құлыпталмағанын, ал ғимарат қабырғасында құрылысшылар қалдырған баспалдақ тұрғанын байқаған. Бұған қоса, таңғы сағат 5:50-де тазалықшыларға кедергі келтірмес үшін дабыл жүйесі өшірілетінін білген соң, ұрлық жоспарын құрған.
Көптеген басылым Бантонды халық қамын ойлаған адам ретінде көрсетті. Сот оны картинаны ұрлағаны үшін кінәлі деп танымады: ол жеке пайда көздемеген әрі туындыны бастапқыда қайтаруды жоспарлаған. Алайда картина жақтауын лақтырып жібергені үшін үш айға бас бостандығынан айырылды.
Бірақ бұл оқиғаның соңы мұнымен біткен жоқ. 1969 жылы Бантонның ұлы Джон картинаны өзі ұрлағанын, мақсаты байып кету болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әкесі ұрлық жасалғаннан кейін ғана хабардар болған. Қоғамда шу көтеріліп, картинаны сату мүмкін болмайтыны белгілі болған соң, Бантон әкесі қайырымдылық қоры туралы әңгімені ойлап тауып, кінәні өз мойнына алған.
Бұл нұсқаның шындыққа жанасатын тұстары да бар еді. Салмағы 110 келі зейнеткердің терезеден сығалап кіруі оңай болмағаны анық. Алайда бас прокурор Джон Бантонның сөзін өзіне қарсы жалған мойындау деп бағалап, жаңа іс қозғаудан бас тартты. Бәлкім ол теледидар алымына қатысты қоғамдық даудың қайта өршуінен қауіптенген болар.
Ең көп ұрланған өнер туындылары
Рембрандттың «Якоб де Гейн III» картинасы Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең көп ұрланған сурет ретінде енген. Оны тіпті «алып кетуге ыңғайлы Рембрандт» деп атап кеткен. Бұған картинаның шағын өлшемі де себеп болуы мүмкін: небәрі 30×25 сантиметр. Туынды Ұлыбританиядағы Далич көркемсурет галереясынан 1966, 1973, 1981 және 1983 жылдары ұрланған.
«Якоб де Гейн III» картинасы / Dulwich Picture Gallery
Ал өнер туындыларының ішінде ең көп қолды болғаны – XV ғасырда ағайынды Хуберт пен Ян ван Эйктер салған Гент алтарі. «Құдайдың Тоқтысына табыну» деген атпен де белгілі бұл туындының 12 панелі түгелдей немесе жекелеген бөліктері жеті рет ұрланған.
Тарихтағы «ең табысты музей ұрысы» деген атақ көбіне француз Стефан Брайтвизерге беріледі. Ол 1995-2001 жылдар аралығында Еуропаның 172 музейінен 200-ден астам жәдігер ұрлаған. Орта есеппен әр екі апта сайын бір затты қолды қылған. Брайтвизер музейлерге жұмыс уақытында, келушілердің арасында кіретін. Қажетті затты ешкімге байқатпай алып, асықпай шығып кететін.
Мұндай оқиғалар басқа елдерде де болған. Мәселен, 2019 жылғы қаңтарда Третьяков галереясында келушілердің бірі Архип Куинджидің «Ай-Петри. Қырым» картинасын қабырғадан шешіп алып, музейден шығып кеткен. Айналасындағылар оны музей қызметкері деп ойлағандықтан, ешкім күдіктенбеген. Ұрлық дабылы тек бір жарым сағаттан кейін қағылды. Ал полиция ұрыны да, картинаны да келесі күні тапты.
Брайтвизер ұрлаған заттарын сатпаған. Ол қарапайым өмір сүріп, жәдігерлерді өз үйінде сақтаған әрі жеке коллекциясын тамашалаған. Ақыры Швейцарияның Люцерн қаласындағы музейден көне аңшылық мүйізін ұрламақ болғанда қолға түсті. Ол өзге қылмысын да мойындады. Алайда ұлының әрекетінен хабарсыз болған анасы дәлелдерді жоюға кіріскен. Ол 70-ке жуық картинаны өртеп, қалған заттарды жақын маңдағы каналға тастаған. Кейін негізінен күміс пен піл сүйегінен жасалған жүзге жуық бұйым табылып, қалпына келтірілді.
Брайтвизер түрмеде 26 ай отырды. Бостандыққа шыққан соң естеліктерін жариялап, тіпті музейлер оны қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметіне шақыра бастаған. Алайда ұрлық жасауға деген құштарлығы қайта оянды. Кітабын таныстыру үшін Парижге барған ол әуелі бутиктен киім ұрлап, кейін қайтадан өнер туындыларына қызыға бастаған. Көп ұзамай әшкереленіп, тағы да сотталды. Дегенмен Брайтвизердің ұрлыққа деген табандылығы қолды болған заттардың санын 300-ге, ал олардың жалпы құнын екі миллиард долларға жеткізген.
Музей ішіндегі ұрлық: өз қызметкерлерінен күдіктенген мекемелер
2006 жылғы шілдеде Санкт-Петербургтегі Эрмитажда жоспарлы тексеріс жүргізілді. Алайда тексерушілер күтпеген жайтқа тап болды: музей қорынан 221 жәдігер жетіспеген. Олардың басым бөлігі зергерлік бұйымдар еді, жалпы құны шамамен 130 миллион рубльге бағаланған. Тергеу нәтижесінде жәдігерлерді музей қызметкері Лариса Завадская мен оның күйеуі Николай ұрлағаны анықталды.
2007 жылы Николай бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Лариса тексеріс жүріп жатқан күні жұмыс орнында кенеттен қайтыс болды.
Мұндай оқиғалар бұған дейін де болған. Мәселен, 1980-жылдары Павел Филоновтың картиналарына қатысты күмән туындады. Оның туындылары Ресей музейінде сақтаулы болғанымен, Париждегі Помпиду орталығында да дәл сондай картиналар бар деген әңгіме тарады.
Тергеу барысында Ресей музейінің кейбір қызметкерлері түпнұсқа картиналардың көшірмесін жасатып, кейін олардың орнын ауыстырып, түпнұсқаларын шетелге сатып отырғаны анықталды. 2000 жылы Помпиду орталығы Ресейге жеті картинаны қайтарды.
Британ музейі де 2023 жылғы тамызда өз қорындағы жәдігерлердің бірнеше жыл бойы жоғалып келгенін хабарлады. 2021 жылы сарапшы Иттай Градель музей басшылығына коллекциядағы бағалы бұйымдардың eBay платформасында сатылып жатқанын ескерткен. Бірақ ол кезде басшылық бұл дабылға мән бермеген. Арада екі жыл өткенде музей шамамен 2 мың жәдігердің ұрланғанын мойындады. Осыдан кейін Жерорта теңізі мәдениеттері бөлімінің 30 жылға жуық уақыт кураторы болған Питер Хиггс жұмыстан босатылды. Дегенмен оған әлі күнге дейін ресми айып тағылған жоқ.
«Мона Лиза» қалай әлемге әйгілі болды?
Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасы 1911 жылға дейін аса танымал туынды болған жоқ. Оның атағы Луврдан жұмбақ жағдайда жоғалғаннан кейін кеңінен тарады.
Полиция Париждің түкпір-түкпірін тінтіп, іздеу жұмыстарын бүкіл Еуропаға жайды. Тергеушілер тіпті ұры кемеге мініп, Америкаға қашып кетуі мүмкін деген болжаммен трансатлантикалық кемелердің жолаушыларын да тексерді. Бірақ нәтиже болмады. Картинаның жоғалуы жұртты дүрліктіріп, басылымдар оқиғаның әрбір дерегін жарыса жазды. Адамдар Луврға барып, бұрын «Мона Лиза» ілініп тұрған бос қабырғаны көруге ағылды.
«Мона Лиза» (Леонардо да Винчи) / Bo Zhang / Unsplash
Ұрлықтың сыры арада екі жыл өткенде, белгісіз біреу картинаны сатуға әрекет жасаған кезде ашылды. Қылмыскер Луврда сегіз ай бойы қосалқы жұмысшы болып істеген суретші-декоратор Винченцо Перуджа болып шықты. Музей келушілер үшін жабық тұрған күні ол картинаны қабырғадан шешіп, жақтауынан шығарып, үйіне алып кеткен. Жоғалғаны тек келесі күні белгілі болды. Картинаның көшірмесін салу үшін музейге келіп жүрген суретшілердің бірі оның орнында жоқ екенін байқаған.
Перуджа картинаны Наполеон ұрлап әкеткен шедеврді тарихи отанына қайтару үшін алғанын айтқан. Алайда «Мона Лизаны» Францияға Наполеон емес, Леонардо да Винчи өзі алып келген. Бұл кезде Наполеон әлі дүниеге де келмеген еді.
Италияда Перуджа халық қаһарманына айналды. Сөйтіп ол түрмеден жеті айдан кейін мерзімінен бұрын босап шықты. Осы оқиғадан соң «Мона Лиза» Италия қалаларын аралап, көрмеге қойылды. Кейін картина Парижге қайтарылды.
Кеше, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келедіКеше, 12:12
Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар2 Қараша, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожелі2 Қараша, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік