Жаңалықтар

Балқаштың Ақбақайы Ыстамбұлда жұлдызға айналды

29.05.2026 14:15
Көктем Қарқын
Фото: ЖИ арқылы өңделді

Балқаштық Ақбақай есімді қазақы тазы Ыстамбұлда өткен халықаралық этноспорт фестивалінде көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

Алғаш рет шетелге шыққан иттің сымбаты мен сабырлы мінезі көрермендерді тәнті етіп, оған арнайы медаль табысталды. Тіпті фестиваль қонақтарының арасында Ақбақайды сатып алуға ниет білдіргендер де болған.

Аңшылыққа да, жарысқа да дайын

Ақбақайдың иесі Ағыбай Жасанбеков ұлттық ит тұқымдарын өсірумен 20 жылдан бері айналысады. Ол тазымен қатар төбет баптайды. Ақбақай Маңғыстау өңірінен бір айлық кезінде әкелінген.

Иесінің айтуынша, қазақы тазы шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған.

Қазақтың тазыларын әлем көрді. Ақбақайдың ұнағаны сонша, оны сатып алғысы келгендер де болды, – дейді ол.

Қазір Ақбақай екі жаста. Ол қоян мен түлкі аулауға жаттықтырылған. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінің бірі – «Шырға тарту» жарысына арнайы дайындықтан өткен. Бұл сайыс қазақы тазының жылдамдығы мен ептілігін сынауға арналған.

Фото: gov.kz

Ұлттық мұраны сақтаудың маңызы

Ағыбай Жасанбеков пен Айбат Төлеуов иттерін Балқаш әуежайы маңындағы алаңда жаттықтырады. Алайда қазір ол жердің тарлық ете бастағанын айтады. Себебі олардың қолында тазылардан бөлек, ұлттық спортқа қажетті жылқылар да бар.

Тазы баптаушының пікірінше, соңғы жылдары қазақы тазыға деген қызығушылық артып келеді. Сондықтан ұлттық мұраның бір бөлігі саналатын бұл асыл тұқымды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу маңызды.

Ыстанбұлдағы фестиваль бір иттің ғана емес, тұтас қазақы тазы тұқымының танылуына мүмкіндік берді. Ақбақайдың халықаралық шарада көзге түсуі қазақтың байырғы аңшы итіне әлем назарын аудартқан маңызды оқиға болды.

Оқи отырыңыз