Балқашты жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі: 46 жастағы заңгер 21 шақырымды қалай еңсерді?

Балқашты жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі: 46 жастағы заңгер 21 шақырымды қалай еңсерді?

Диана Орынбасар
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

46 жастағы заңгер Жаннат Қатарбаева Балқаш көліндегі 21 шақырымдық ультрақашықтықты бағындырып, бұл межені жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі атанды. Алайда оның спорттағы жолы бала кезден басталған жоқ. Жаннат бассейнге алғаш рет 40 жасында, дәрігердің кеңесімен денсаулығын жақсарту үшін барған. Ал небәрі алты жылдан кейін ашық суда бірнеше сағат тоқтаусыз жүзетін деңгейге жетті.

Жүзуге денсаулығына байланысты келген

El.kz тілшісіне берген сұхбатында Жаннат Қатарбаева жүзуге қалай келгенін, ашық судағы алғашқы қорқынышын, Балқаштағы ең ауыр сәттерді және 40 жастан кейін спорттың өмірін қалай өзгерткенін айтып берді.

Жаннат Қатарбаева – Жаңаөзеннің тумасы. Бала кезінде кәсіби спортпен айналыспаған. Мектепте волейбол, баскетбол ойнап, біраз уақыт шотокан каратэге қатысқан.

Жаңаөзен шағын қала еді, спорт секцияларының таңдауы да көп болған жоқ. Мектепте волейбол, баскетбол ойнадым, біраз уақыт шотокан каратэге қатыстым. Балалық шағым сол кездегі балалардың бәрінікі сияқты өтті: мектеп, ал бос уақытта достарымызбен аулада ойнайтынбыз, – дейді Жаннат.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Жүзу оның өміріне әлдеқайда кейін келді. 40 жасында дәрігерлер омыртқа жарығына байланысты бассейнге баруға кеңес берген. Бастапқыда ол мұны уақытша емдік жаттығу ретінде ғана қабылдаған.

Жүзуге денсаулығымды жақсарту үшін келдім. Дәрігерлер омыртқа жарығына байланысты бассейнде жаттығуды ұсынды. Жүзумен ұзақ уақыт айналысамын деген мақсат болған жоқ. Біраз уақыт жаттығып, кейін қоямын деп ойладым. Сондықтан алғашқы сабағым да есімде қалмапты. Судан қорыққан жоқпын, – дейді ол.

Бірақ уақытша басталған жаттығу бірте-бірте өмір салтына айналады.

Алғашқы 4,5 шақырымды қорқынышпен жүзіп өткен

Жаннатты бассейннен ашық суға алып шыққан – алғашқы жаттықтырушысы Махамбет Ерсаинов. Ол Жаннатқа Бурабай көліндегі 4,5 шақырымдық Burabay Swim жарысына қатысуды ұсынады. Бассейнде жаттығып жүргенімен, ашық судағы алғашқы үлкен қашықтық оңай болмаған.

Махамбет Ерсаинов маған Бурабай көлін 4500 метр жүзіп өтуді ұсынды. Жаттықтырушым жанымда бірге жүзгеніне қарамастан, бүкіл қашықтық бойы қатты қорықтым. Кейін ол Алматыға көшкен кезде мені Oceanman Kapchagay Qazaqstan жарысының 10 шақырымдық қашықтығына тіркеп, Дмитрий Деревянкоға жаттығуға жіберді, – дейді спортшы.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Осы сәттен бастап ұзақ қашықтықтар Жаннат үшін жаңа мақсатқа айнала бастайды. Кейін ол Қазақстандағы 8 және 10 шақырымдық ашық су жарыстарына қатысып, бірнеше рет жүлдеге ие болды. Италиядағы Орта көлінде 14 шақырымдық ультрақашықтықты да бағындырды. Ал келесі үлкен меже – Балқаштағы 21 шақырым еді.

«Толқынды көргенде қорқынышым күшейе түсті»

Жаннат бұл жарысқа бір жыл дайындалған. Соған қарамастан, стартқа жақындағанда қобалжу пайда болғанын жасырмайды.

29 тамызда таңертең әдеттегіден де сабырлы ояндым. Жақсылап тамақтанып, старт өтетін жерге шықтым. Бірақ сол жерге жақындаған сайын қорқыныш пайда болып, ішім түйіле бастады. Көлдегі толқынды көргенде тіпті мазасыздана түстім, – дейді ол.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Жарыс күні Балқашта жел күшейіп, толқын спортшыларға қосымша қиындық туғызған. Жаннаттың айтуынша, ашық суда қандай жағдай болатынын алдын ала толық болжау мүмкін емес.

Бассейн мен ашық судың айырмашылығы өте үлкен. Ашық су – тосын мінезді. Жел, толқын, судың температурасы – бәрі әсер етеді. Кез келген ауа райына толық дайындалу қиын. Бірақ тәжірибе көбейген сайын мұндай жағдайда абдырамай, қиындықпен күресуді үйренесің, – дейді ол.

«12-16 шақырым аралығында бірнеше рет жарысты тоқтатқым келді»

21 шақырымның ең ауыр бөлігі Жаннат үшін қашықтықтың ортасынан асқан тұста басталған.

Шамамен 12-16 шақырым аралығы өте ауыр өтті. Бірнеше рет жарысты тоқтатып, қашықтықтан шығып кеткім келді, – дейді ол.

Бірақ спортшы жүзуді жалғастырған. Бірнеше сағат ашық суда болғанда физикалық шаршаумен бірге психологиялық қысым да күшейеді. Жаннат сол уақытта жанындағы қайықты көзден жоғалтпауға тырысқанын айтады.

Бүкіл қашықтық бойы қайықты көзден таса қылмауға тырыстым. Ойыма неше түрлі нәрсе келді, арасында жағымсыз ойлар да болды. Бірақ мәреге жеткендегі қуаныш оның бәрін ұмыттырды, – дейді ол.

«Бірінші ойым – енді мұндайға араласпау»

Бір жылдық дайындық, бірнеше сағаттық күрес пен шаршаудан кейін мәреге жеткен сәт спортшының есінде ерекше қалған.

Қуанышымда шек болмады. Сол сәтте бәріне алғыс айтып, көзіме көрінген адамдардың бәрін құшақтағым келді. Ал ең алғашқы ойым: «Енді мұндай жарыстарға араласпау керек» болды, – дейді Жаннат күліп.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Алайда бұл нәтижеге жету үшін ол бір жыл бойы жүйелі дайындалған. Аптасына үш рет Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен бассейнде, тағы екі рет Виталий Павловпен күштік жаттығу жасаған. Жарысқа алты ай қалғанда бассейндегі жаттығу саны аптасына төрт ретке дейін артқан. Бір жаттығудағы ең ұзақ қашықтық 6 шақырымнан аспаған.

Сонымен қатар Виталий Павлов спортшыға теңгерімді тамақтану тәртібін құрып берген. Жаннат дайындық кезінде денсаулығын да бақылауда ұстап, эндокринологқа тұрақты қаралып отырған.

Дмитрий Деревянко сияқты өз ісінің маманына жолыққаным – үлкен сәттілік. Соңғы алты жылдан бері сол кісімен жаттығамын. Ол жүзу техникамды қалыптастырып қана қоймай, күш пен төзімділікті дамытуға көмектесті. Жарыстарға қатысуыма да үнемі мотивация береді. 21 шақырымға баруыма да жаттықтырушым себепкер болды, – дейді Жаннат.

Жарыс кезіндегі тамақтану да алдын ала жоспарланған. Спортшы бастапқыда әр аялдамаға 30 секундтан артық уақыт жұмсамауды көздегенімен, іс жүзінде оған көбірек уақыт кеткен.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

«Қыздарым туралы ойлаған сайын күш пайда болды»

Жаннат кәсіби спортшы емес. Ол заңгер болып жұмыс істейді, екі қыз тәрбиелеп отыр. Соған қарамастан, аптасына бірнеше рет жаттығып, ұзақ қашықтықтағы жарыстарға дайындалуға уақыт табады. Оның сөзінше, сүйікті ісіңе айналғанда уақыт табу да соншалық қиын емес.

Өзің жақсы көретін Derevyankos Swim Power клубында, жақсы адамдармен бірге жаттықсаң, бәрін қатар алып жүру қиын емес, – дейді ол.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Балқаштағы ауыр сәттерде оған қыздары туралы ой да күш берген.

Қыздарым мені үнемі қолдайды. Бұл жолы да қатты уайымдады. Жүзу кезінде оларды ойлау маған күш берді, – дейді Жаннат.

40 жастан кейін басталған жаңа өмір

Алты жыл бұрын бассейнге тек денсаулығын жақсарту үшін келген Жаннат бүгінде спорттың адамның денесін ғана емес, ойлау жүйесін де өзгертетініне сенімді.

Меніңше, жүзу ғана емес, кез келген спорт адамның ойлау жүйесін өзгертеді. Тәртіп қалыптастырады, өзіңе деген сенімді арттырады, мақсатқа қарай жүруге үйретеді. Сәтсіздікті де басқаша қабылдай бастайсың. Өйткені әр жеңістің артында жеңілістер бар. Ал жақсы көңіл күй мен мықты денсаулық – соның жағымды нәтижесі, – дейді ол.

Балқаштағы жарыстан кейін Жаннат өзінің мүмкіндігіне басқаша қарай бастаған.

Адамның мүмкіндігі өте үлкен екенін түсіндім. Шектеудің көбі – өз ойымызда. Қойған мақсаттарымның бәріне жете алатынымды білемін. Тек әр мақсатқа кететін уақыт пен күш әртүрлі, – дейді ол.

Қазір Жаннат келесі ультрақашықтықты жоспарлауға асықпайды. Бір жыл бойы көздеген 21 шақырымдық межесін бағындырған соң, біраз демалып, әзірге нәтижені қумай, жүзуді өз қалауынша жалғастырмақ. Ал осыдан алты жыл бұрын жүзуді енді бастаған 40 жастағы өзіне бүгін бір ауыз сөз айту мүмкіндігі берілсе, Жаннаттың жауабы қысқа:

«Спортпен айналыс. Ешкімді тыңдама. Мақсатыңа қарай жүр» дер едім.

40 жасында денсаулығы үшін бассейнге келген Жаннат Қатарбаева алты жылдан кейін Балқаштағы ультрақашықтықты бағындырды. Оның өзі айтқандай, жас пен мүмкіндікке қойылатын шектеудің көбі адамның ойынан басталады.

Оқи отырыңыз

{