Балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналар көбейді – мектеп директоры

Балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналар көбейді – мектеп директоры

Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар

Бүгін Астанада мыңдаған бала үшін жаңа өмір кезеңі басталды. 1 қыркүйек – Білім күніне орай елорда мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар жаңа оқу жылына кірісті. Биыл қалада 33 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданды. Олардың арасында мектепке алғаш қадам басқан баласын жетектеген ата-ана да, немере-шөбересінің қуанышына ортақтасқан ата-әже де бар.

El.kz тілшісі Білім күнінде Астанадағы №93 мектеп-лицейге барып, жаңа оқу жылының алғашқы күніндегі ахуалды көріп қайтты. Мектеп басшылығы білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтса, мұғалімдер, ата-аналар мен оқушыны мектепке әкелген әжей өз әсерімен бөлісті. 

Елорда мектептерінде 337 мыңнан астам бала оқиды

Жыл сайын халқы көбейіп келе жатқан Астанада оқушы саны да артып келеді. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында елордадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алады.

Соның 33 мыңға жуығы – мектепке алғаш қадам басқан бірінші сынып оқушылары. Оқушы саны артқан сайын жаңа мектептерге деген қажеттілік те көбейіп отыр. Соңғы үш жылдың өзінде Астанада 100 мыңнан астам оқушы орнына арналған 44 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 23-і «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.

Ал мектептегі басты тұлға – мұғалім. Қазір елорданың білім беру ұйымдарында 31 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Биыл жоғары оқу орындарын тәмамдаған 500 жас маман Астана мектептерінде еңбек жолын бастады.

Фото: Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар

1200 орындық мектепте 3700 бала білім алады

№93 мектеп-лицейдегі Білім күні де таңнан басталған қарбаласпен өтті. Мектеп ауласында қолына гүл ұстаған оқушылар, балаларын жетектеген ата-аналар мен немересінің қуанышына ортақтасқан ата-әжелер жүр. Бұл мектептегі оқушы санының өзі елордадағы білім беру ұйымдарына сұраныстың қаншалықты жоғары екенін аңғартады.

№93 мектеп-лицейдің директоры Бексұлтан Полатбекұлының айтуынша, білім ордасы бастапқыда 1200 балаға есептелген.

Мектебіміз 1200 оқушыға арналған. Қазір 3700 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Оқушылардың жартысы бірінші, қалған жартысы екінші ауысымда оқиды, – дейді директор.

Фото: Диана Орынбасар

Мектептегі бірінші сыныптардың саны да жыл сайын көбейіп келеді. Былтыр мұнда 15 1-сынып болса, биыл 16 сынып ашылған. Мектеп басшысын қуантатын тағы бір тенденция бар. Ол – ата-аналардың баласын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығы.

Соңғы жылдары мектебімізге бірінші сыныпқа келетін балалар саны артып келеді. Әсіресе ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетіні ерекше қуантады. Біздің мектеп – толықтай қазақтілді білім ордасы, – деді ол.

Фото: Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар

Оқушы саны 3,7 мыңға жеткен мектеп үшін кадр мәселесі де маңызды. Дегенмен директордың айтуынша, жаңа оқу жылында педагог тапшылығы жоқ.

Қазір мұғалім тапшылығы жоқ. Педагогтерді конкурс арқылы, тиісті заңнамалық талаптарға сәйкес қабылдадық. Бұл жұмыс аяқталды. Жаңа оқу жылына сақадай сай дайынбыз деп айтуға болады, – дейді Бексұлтан Басықара.

Фото: Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар

«Оқулыққа қосымша қорымен бірге тапсырыс береміз»

Жаңа оқу жылы басталғанда ата-аналарды алаңдататын мәселелердің бірі – оқулық. Әсіресе оқушы саны көп мектептерде кітаптың барлығына жетуі маңызды. №93 мектеп-лицей басшылығы бұл мәселе алдын ала ескерілетінін айтады.

Қазір оқулық тапшылығы жоқ. Тамыз айының ортасынан бастап қажетті кітаптар мектепке жеткізілді. Қанша бала келуі мүмкін екенін алдын ала болжап, оқулықтарға қосымша қорымен бірге тапсырыс береміз, – дейді директор.

Фото: Диана Орынбасар

Оның айтуынша, білім басқармасы мектеп берген сұраныс бойынша қажетті кітаптарды жеткізген.

Астана қаласының білім басқармасы сұранысымызға сәйкес оқулықтармен толық қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан жаңа оқу жылында бұл жағынан мәселе жоқ, – деді ол.

Фото: Диана Орынбасар

Алғашқы бірінші сынып, алғашқы жауапкершілік

Білім күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршін үшін ғана емес, оны қарсы алған ұстаз үшін де ерекше. Бастауыш сынып мұғалімі Ақмаржан Сафарова үшін биылғы 1 қыркүйектің жөні бөлек. Себебі ол еңбек жолында алғаш рет бірінші сыныпқа жетекшілік етіп отыр.

Биыл 1-сыныпты қабылдап отырмын. Бұған дейін үшінші және төртінші сыныптарға сабақ бердім, – дейді мұғалім.

Фото: Диана Орынбасар

«1-сыныпты алғаш рет қабылдап отырсыз ба?» деген сауалымызға ұстаз күлімсіреп:

Иә, бірінші рет, – деп жауап берді.

Фото: Диана Орынбасар

Бірнеше жыл бастауыш сынып балаларымен жұмыс істеген мұғалім қазіргі оқушылардың мінезі мен ақпаратты қабылдауында да өзгеріс барын байқайды.

Қазіргі балалардың бұрынғы балалардан айырмашылығы бар. Олар көбіне телефонға әуес, зейін қойып тыңдай бермейді. Алдағы уақытта бірге жұмыс істеп, балаларды жақынырақ тани түсеміз, – дейді ұстаз.

Демек, бүгін мектепке алғаш келген бүлдіршіндер әріп танып, есеп шығарумен қатар, жаңа ортаға бейімделіп, зейін қоюды, мұғалімді тыңдауды және өздігінен білім алуды да үйренеді.

Фото: Диана Орынбасар

«Балаларымызды басқа тілде оқытуды елестету қиын»

Мектеп ауласындағы қарбаластың ортасында жүрген ата-аналардың да жаңа оқу жылынан күтері көп. Төрт баланың анасы Нұргүл Абилова үшін мектеп таңдау кезінде оқыту тілі маңызды болған.

Балаларымызды қазақ тілінде оқытамыз. Біз үшін олардың басқа тілде білім алуын елестету қиын. Сонымен қатар ағылшын тілін де міндетті түрде үйренгенін қалаймыз, – дейді ол.

Фото: Диана Орынбасар 

Нұргүлдің айтуынша, үлкен балаларының білім алуындағы нәтижені отбасы қазірдің өзінде байқап отыр.

Үлкен балаларымыз жақсы білім алып келеді. Әсіресе тілдер мен математиканы жақсы меңгеріп жатыр, – дейді ата-ана.

Фото: Диана Орынбасар 

Дегенмен мектептегі алғашқы жылдары баланы тек ұстазға тапсырып қою жеткіліксіз деп есептейді.

Алғашқы төрт жылда ата-ананың көмегі қажет. Баланың жанында отырып, сабағына көмектесу керек. Одан кейін олар біртіндеп өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады. Үлкен балаларымыз қазір тапсырмаларын өздері орындай алады, – дейді Нұргүл Абилова.

Фото: Диана Орынбасар 

Сексен жастағы әжей шөбересін мектепке жетектеп келді

Білім күнінің ең әсерлі көріністерінің бірі мектеп ауласында кездесті. Баласының қолынан ұстаған жас ата-аналардың арасында шөбересін жетектеп келген 80 жастағы Жамбылкүл Қарақойшықызы да бар. Бір әулеттің бірнеше буынын көрген әжей үшін биылғы алғашқы қоңыраудың орны ерекше.

Иә, шөберемді алып келдім. Тәубе, шүкір! Оқу жылы басталып, балалар мектепке қуана келіп жатыр. Шөберемді мектепке әкеліп, мен де қуанып отырмын, – дейді ол.

Фото: Диана Орынбасар 

Жамбылкүл әжей биыл сексеннің сеңгіріне шыққан. Мерейлі жасында шөбересінің мектеп табалдырығын аттағанын көруді ол үлкен бақыт санайды.

Биыл сексен жасқа толдым. Сексенге келген шағымда шөберемді мектепке жетектеп әкеліп отырғаным – үлкен қуаныш, – дейді әжей.

Фото: Диана Орынбасар
Фото: Диана Орынбасар 

Ал бүлдіршіндерге айтқан тілегі тұтас бір буынның ақ батасындай естілді.

Балаларымыз білімді болсын! Тарыдай болып кіріп, таудай болып шықсын, өсіп-өнсін. Білім алған жақсы ғой. Балаларымыз шетелде де, жан-жақта да білім алып жүр. Тәубе! Жақсылық көп болсын, халқымыз, еліміз аман болсын. Осындай бейбіт күндерде кездесе берейік! – деді Жамбылкүл Қарақойшықызы.

Фото: Диана Орынбасар

33 мың баланың 33 мың жаңа тарихы

Бүгін Астанада 33 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп есігін ашты. Бұл – ресми статистикадағы бір көрсеткіш қана емес. Оның артында 33 мың баланың толқынысы, мыңдаған отбасының үміті мен ұстаздардың жауапкершілігі тұр.

Фото: Диана Орынбасар

Соңғы үш жылда қалада 44 жаңа мектеп салынып, жеті білім ордасына қосымша ғимарат берілді. Бірақ елорда халқы мен оқушылар саны өскен сайын білім беру инфрақұрылымын кеңейту де күн тәртібінен түспек емес.

Оқи отырыңыз

{