14.05.2026
15:55
216
Жаңалықтар

«Балаларымның өскенін телефоннан көремін»: 156 мың қазақстандық шетелде жұмыс істеп жүр

Қазақстандағы еңбек миграциясы тек табыс табу жолы емес, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының басты индикаторына айналды. 2025 жылғы статистика бойынша 156 мың отандасымыз шетелде еңбек етіп жүр: бірі Шотландия алқаптарында капитал жинаса, бірі Еуропа зауыттарында тәжірибе шыңдауда.

Бұл үдеріс ел экономикасына қаржы ағынын әкелгенімен, «білікті кадрлардың жылыстауы» мен отбасы институтының әлсіреуі сияқты күрделі сын-қатерлерді де ала келді. Мемлекет миграцияны «кету» емес, ел дамуына қызмет ететін «айналым» сипатына қалай көшірмек?

Қазақстанның еңбек нарығы бүгінде ел шекарасымен ғана шектелмейді. Отандастарымыздың шетелге жаппай ағылуы – тек табыс табудың жеке жолы емес, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың кең индикаторы ретінде қарастырыла бастады. Соңғы жылдары көші-қон үдерісі тұрақтала түскендей көрінгенімен, ол күрделеніп, сапалық өзгерістерге ұшырап отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы +7 700 адамды құраған: елге 11,3 мың адам келіп, 3,5 мың адам кеткен. Ұлттық статистика бюросы деректері мен мемлекеттік органдардың мәлімдемелері сырттай оптимистік көрініс ұсынғанымен, бұл статистиканың астарында маңызды бір тенденция бар: елге көбіне ТМД елдерінен келушілер басым болса, еңбекке қабілетті, жас және білімді қазақстандықтар керісінше дамыған еңбек нарықтарына қарай бет алып жатыр.

2025 жылдың тоғыз айлық қорытындысы бойынша шетелде ресми және бейресми түрде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар саны 156 мыңға жеткен. Бұл – бір шағын қаланың халқымен тең көрсеткіш. Географиялық бөлініске қарасақ, негізгі бағыт Ресей Федерациясы болып отыр, онда шамамен 128 мың қазақстандық еңбек етеді. Одан кейін тізімді Оңтүстік Корея, Польша және Ұлыбритания сияқты елдер жалғаған. Бұл тек көші-қон емес, жұмыс күшінің жаһандық еңбек нарығына бейімделу процесі екенін көрсетеді.

Осы процестің түпкі себебі қандай деген сұрақ қоғамда жиі қойылады. Бұл тек «шетел көріп келу» ме, әлде ел ішіндегі әлеуметтік лифтілердің баяу жұмыс істеуінің салдары ма? Жастардың бір бөлігі үшін бұл тәжірибе жинау, кәсіби дамуға жол ашу болса, екінші бөлігі үшін бұл – экономикалық қысымнан шығудың амалы. Яғни миграция бір себеппен түсіндірілетін құбылыс емес, ол бірнеше әлеуметтік фактордың жиынтығынан тұрады.

Бұл сандардың артында жеке тағдырлар тұр. Мысалы, шардаралық Тұңғышбек Шотландияда құлпынай теріп, 6 айда шамамен 10 миллион теңге табыс тапқанын айтты. Ол бұған дейін Алматыда медициналық қоймада жұмыс істеген. Жұмысты делдалсыз, жұмыс берушілердің ресми сайттары арқылы тапқан. Бірнеше кезеңнен тұратын сұхбаттан өтіп, физикалық қабілеті тексеріліпті. Құжат рәсімдеуге шамамен 4 ай кеткен.

Суреттер @tungyshbekkk инстаграм парақшасынан алынған

Шотландияда аптасына 6 күн, күніне 8-12 сағат жұмыс істеп, аптасына 300-450 мың теңге аралығында табыс тапты. Оның айтуынша, бұл жұмыс қиын болғанымен, қысқа уақытта қарыздарын жауып, капитал жинауға мүмкіндік берді.

Алайда миграцияның екінші жағы да бар. Гүлайым есімді қазақстандық әйел Англиядағы жылыжай шаруашылығында 3 жылдан бері еңбек етіп жүр. Оның балалары Қазақстанда өсіп жатыр. Ол үшін миграция тек табыс емес, сонымен бірге ауыр эмоционалдық жүк.

Біз ақша тауып жүрміз, үй салдық. Бірақ мен Англияға 6 айға келгенде балаларымның өскенін тек телефон экранынан көремін. Бұл – біздің төлеп жатқан ең үлкен құнымыз, - дейді ол.

Бұл сөздер еңбек миграциясының тек экономикалық емес, отбасы институтына әсер ететін әлеуметтік мәселе екенін айқын көрсетеді.

Еңбек миграциясын ұйымдастыру нарығы

Қазақстандағы еңбек миграциясын ұйымдастыратын агенттіктер саны бүгінде шамамен 400-ге жеткен. Бұл сала ұзақ уақыт бойы бақылаусыз нарық ретінде қалыптасты. Соңғы жылдары ғана мемлекет тарапынан реттеу күшейіп, лицензиялау мен бақылау тетіктері енгізіле бастады.

Осы орайда отандастарымызды шетелге жұмысқа жіберетін мамандардың да пікірін білуді жөн көрдік. Осындай агенттіктің негізін қалаған Әйгерім Иззатулланың айтуы бойынша, қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие бағыттар – Польша мен Словакия. Бұл елдер қарапайым жұмысшыларға жұмыс визасын салыстырмалы түрде қолжетімді береді. Қазақстандықтар көбіне өндіріс, қойма, орау, маркировка сияқты салаларда жұмыс істейді. Сонымен қатар құрылысшы, электрик, дәнекерлеуші және жүк тасымалдау салаларында да сұраныс жоғары екен.

Фото агенттік негізін қалаушыдан алынды

Соңғы жылдары мигранттардың әлеуметтік портреті де өзгерген. Бұрын бұл көбіне орта жастағы жұмысшылар болса, қазір жастардың үлесі айтарлықтай артқан. Олардың бірі шетелге тұрақтап қалу үшін барса, бірі тәжірибе жинап, ақша табу және әлем көру үшін барады. Тілдік тұрғыдан алғанда, қарапайым жұмыс орындарында негізгі коммуникация көбіне орыс тілі арқылы жүзеге асады, ал жұмыс процесін жеңілдету үшін кураторлар жүйесі қолданылады. Бұл миграцияның белгілі бір деңгейде институционалдана бастағанын көрсетеді.

Дегенмен тәуекелдер де сақталып отыр. Туристік визамен барып, заңсыз жұмысқа орналасу тәжірибесі әлі де кездеседі. Мұндай жағдайда адамдар тұрақты табыс пен әлеуметтік қорғаудан айырылады, кейде елге нәтижесіз қайтуға немесе депортацияға ұшырауға мәжбүр болады. Ал жұмыс визасының артықшылығы – ресми келісімшарт, тұрғын үймен қамтамасыз ету және заңды еңбек шарттары. Яғни заңды жол мигранттың қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады, бірақ оған уақыт пен шыдамдылық қажет.

Бұл процестің тағы бір маңызды қыры – еңбек нарығының жаһандануы. Соңғы жылдары үкімет тарапынан Катар, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия және Еуропаның бірнеше елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар migration.enbek.kz платформасы арқылы бос жұмыс орындарын цифрлық форматта ұсыну бастамасы іске қосылған. Бұл қадамдар еңбек миграциясын көлеңкелі аймақтан шығарып, ашық және реттелетін жүйеге айналдыруға бағытталған.

Соған қарамастан Оңтүстік Корея сияқты кей елдерде заңсыз миграция мәселесі әлі де толық шешілмеген. Кейбір азаматтар туристік визамен барып, заңсыз жұмыс істеуді таңдайды, бірақ мұндай жол көбіне тұрақсыз өмірге алып келеді. Агенттік тәжірибесіне сүйенсек, заңсыз жүрген адамдардың бір бөлігі тұрақты жұмыс таба алмай, қиын жағдайға түседі немесе елге қайта оралады.

Шетелде еңбек етіп жүрген 156 мың қазақстандық тек жеке табыс табушылар ғана емес, сонымен бірге ел экономикасына ақша аударып отырған ремитенттер. Бірақ бұл жерде екінші маңызды аспект бар: олардың арасында білікті кадрлардың елден кетуі де байқалады. Бұл құбылыс «brain drain» деп аталады және ұзақ мерзімде елдің кадрлық әлеуетіне әсер етуі мүмкін. Бұл процесті тек жоғалту ретінде қарастыру да біржақты болар еді, себебі шетелдегі диаспора ел үшін әлеуметтік капиталға айнала алады. Егер олар елмен байланысын үзбей, тәжірибе мен инвестиция әкелсе, бұл керісінше дамудың қосымша ресурсы бола алады.

Жалпы қазіргі еңбек миграциясы Қазақстан үшін тек экономикалық емес, терең әлеуметтік трансформацияның көрінісі болып тұр. Бір жағынан ол азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан ішкі жүйелік мәселелерді көрсетеді. Миграцияның түпкі себебі тек жалақыда емес, мүмкіндіктердің теңсіздігінде жатыр. Сондықтан бұл құбылысты тоқтату емес, оны дұрыс басқару маңызды. Мемлекеттің міндеті – шетелдегі азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, олардың елге қайта оралуына және мамандардың жылыстауын (brain drain) болдырмау үшін жағдай жасау. Сонда ғана миграция «кету» емес, «айналым» сипатына ие болып, қоғам үшін қауіп емес, ресурсқа айнала алады.

Авторы: Назерке Ерлікқызы