23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Қазақстанда балалардың дұрыс тамақтануы мен денсаулығына қатысты мәселе қоғам назарын аударып келеді. Фастфуд пен энергетикалық сусындардың зияны туралы пікірталас күшейіп, оларды жарнамалауға шектеу қою да ұсынылып жүр.
Ranking.kz мәліметінше, елдегі балалар арасында артық салмақ, семіздік және зат алмасу бұзылыстарының таралуы алаңдатарлық деңгейге жеткен. Мамандар бұл мәселеге тек тамақтану тұрғысынан емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен медициналық жүйеге түсетін салмақ тұрғысынан да қарау қажет екенін айтады.
Зиянды тағам жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін
Қазақстанда балаларға фастфуд пен энергетикалық сусындардың зияны туралы қоғамдық пікір соңғы уақытта жиі көтеріліп жүр. Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, құрамында трансмайлар мен қант мөлшері шамадан тыс көп өнімдердің агрессивті жарнамасын реттеуді тапсырған болатын.
Қыркүйек айында Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамалық ұсыныстар әзірленгенін хабарлады. Әзірге әңгіме құрамында тұз, қант және трансмайлар көп тағамдарды теледидар, радио, әлеуметтік желілер мен сыртқы жарнама арқылы ілгерілетуге шектеу қою туралы болып отыр.
Ал қараша айының соңында «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салуды ұсынған петиция жариялады. Ұсыныс балалармен қатар ересектерге де қатысты.
Бұл бастамалардың астарында балалар арасында артық салмақ пен ас қорыту жүйесі ауруларының көбеюіне қатысты алаңдаушылық жатыр.
Әр алтыншы баланың салмағы шамадан тыс
Ranking.kz келтірген Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы эндокриндік аурулар, тамақтану бұзылыстары және зат алмасу проблемалары бойынша медициналық есепте 125,7 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала тұрған. Бір жылдың ішінде олардың саны 20,6 пайыз артқан.
Бұдан бөлек, 2025 жылы ас қорыту жүйесінің ауруларына байланысты медициналық бақылауда болған балалар мен жасөспірімдер саны 599,5 мыңға жеткен.
Дүниежүзілік семіздікті зерттеу федерациясының (World Obesity Federation) 2024 жылғы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 16,5 пайызы артық салмақтан зардап шеккен, яғни әр алтыншы балада салмақ мәселесі бар. Ал 6,5 пайызында семіздік анықталған.
Ұл балалар арасында бұл көрсеткіш жоғарырақ. Олардың 19,6 пайызында артық салмақ, 7,2 пайызында семіздік болған. Қыздардың 13,4 пайызының дене салмағы шамадан тыс болса, 5,6 пайызында семіздік тіркелген.
Жасөспірімдер арасындағы жағдай алаңдатады
Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы бес жылдағы статистикасы балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік көрсеткішінің әркелкі өзгергенін аңғартады.
14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздікке шалдығу көрсеткіші 2021 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 44 болса, 2025 жылы 36,9-ға дейін төмендеген. Осылайша, бес жыл ішінде көрсеткіш 16,1 пайызға азайған. Былтыр бұл жас тобында семіздікке шалдығу деңгейі соңғы бірнеше жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткен.
Алайда 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында жағдай әлдеқайда күрделі. 2025 жылы осы жас тобындағы семіздікке шалдығу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 82,1 болған. Бұл ересектер арасындағы көрсеткіштен екі есе жоғары. Ересектерде бұл деңгей 37,5-ті құраған.
Жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш те бірқалыпты төмендемеген. 2021 жылы 101,2 болса, 2023 жылы 76,1-ге дейін азайған. Бірақ кейін қайта өсіп, 2024 жылы 95,5-ке жеткен. 2025 жылы 82,1 деңгейіне түскенімен, тұрақты оң өзгеріс туралы айту әзірге қиын.
Мұндай ауытқулар жасөспірімдердің денсаулығындағы нақты өзгерістерді де, профилактикалық тексерулердің қамтылуы мен диагноз қою мүмкіндіктеріндегі айырмашылықтарды да көрсетуі мүмкін.
Қаладағы жасөспірімдер семіздікке жиі шалдығады
Статистика қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты да көрсетеді. 2025 жылы 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу көрсеткіші қалада 100 мың адамға шаққанда 100,6 болса, ауылдық жерде 52,5 болған, яғни қаладағы көрсеткіш ауылмен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары.
Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Қалада фастфуд қолжетімділігі, дайын тағам жеткізу қызметтерінің кең таралуы, дұрыс тамақтанбау және қозғалыстың аздығы артық салмақтың пайда болуына ықпал етеді. Бұған қоса, зиянды тағамдардың жарнамасы да балалардың таңдауына әсер етуі ықтимал.
Жастардың физикалық белсенділігіне қатысты сауалнама нәтижелері де осы мәселені растайды. «Жастар-2025» баяндамасына сәйкес, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға қатысқан қазақстандық жастардың 47 пайызы қимыл-қозғалыстың аздығын өзекті проблема деп таныған.
Ал респонденттердің 14,9 пайызы бұл мәселеге алаңдамайтынын айтса, 13,2 пайызы жағдайды өзгерту үшін қандай да бір әрекет жасауға дайын емес екенін білдірген.
Өңірлердегі көрсеткіш біркелкі емес
Қазақстан бойынша орташа статистика өңірлер арасындағы елеулі айырмашылықтарды толық көрсете бермейді.
2025 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздікке шалдығу көрсеткіші Павлодар облысында 100 мың тұрғынға шаққанда 5,4 болса, Шығыс Қазақстан облысында 171,7-ге жеткен. Бұл – 30 еседен астам айырмашылық.
Шығыс Қазақстандағы көрсеткіш республикалық орташа деңгейден шамамен бес есе жоғары болған. Маңғыстау облысында 77,8, ал Шымкентте 64,8 жағдай тіркелген.
15-17 жастағы жасөспірімдер арасында өңірлік айырмашылық бұдан да көп.
Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш небәрі 18,9 болған.
Мұндай алшақтықтың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Халықтың жас құрылымы, балалар үлесі, медициналық тексерулердің қолжетімділігі мен ауруларды анықтау деңгейі статистикаға әсер етеді.
Мәселен, Шымкентте семіздік көрсеткіші өте жоғары болса, көршілес Түркістан облысында, керісінше, төмен. Бұл айырмашылықты тек өмір салтымен түсіндіру қиын. Сондықтан мамандар өңірлердегі диагностика мен профилактикалық тексерулердің тиімділігін де ескеруі қажет.
Жасөспірімдердің 42,6 пайызы энергетикалық сусын ішеді
Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған «Балалар» тұжырымдамасында келтірілген деректерге сәйкес, елдегі жасөспірімдердің 42,6 пайызы энергетикалық сусын тұтынады.
Әр бесінші жасөспірім энергетикті аптасына кемінде бір рет ішсе, 3 пайызы күн сайын пайдаланады.
Мамандар энергетикалық сусындардың бірнеше қауіп-қатерін атап өтеді. Біріншіден, олар көбіне қант мөлшері жоғары тағамдармен және фастфудпен бірге тұтынылады. Бұл ағзаға түсетін көмірсу жүктемесін арттыруы мүмкін.
Екіншіден, энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен таурин жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етеді. Оларды жиі тұтыну зат алмасу бұзылыстары мен жүрек-қан тамырларына қатысты қауіптерді күшейтуі ықтимал.
Бес жылда балалар арасында диабет көрсеткіші өскен
Артық салмақ пен дұрыс тамақтанбауға қатысты алаңдаушылықты қант диабетінің статистикасы да күшейте түседі.
2021 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында қант диабетімен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 15 болса, 2025 жылы 22,9-ға жеткен, яғни бес жылда 1,5 есе өскен.
15-17 жастағы жасөспірімдер арасында да көрсеткіш артқан. 2021 жылы 24,8 болған деңгей 2025 жылы 37,1-ге дейін көтеріліп, 49,6 пайыз өскен.
«Балалар» тұжырымдамасының авторлары балалар арасында бұрын сирек кездесетін 2-типті қант диабетінің үлесі артып келе жатқанына назар аударады. Бұл ауру көбіне зат алмасудың бұзылуымен, артық салмақпен және қант мөлшері жоғары тағамдарды шамадан тыс тұтынумен байланысты.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық диабет көрсеткішінен де байқалады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында қалада 100 мың адамға шаққанда 26,9 жағдай тіркелсе, ауылда 16,3 болған. Ал 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында қаладағы көрсеткіш 47,8, ауылда 22,1-ді құраған.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік