30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыБалаңыз айтқан нәрсені бірнеше рет қайталауды сұрай ма? Үй тапсырмасын бастап, ортасында басқа нәрсеге алаңдап кете ме? Оң мен солды шатастыра ма немесе кеше үйренгенін бүгін ұмытып қала ма? Мұндайда ата-ана «зейіні жоқ», «тыңдамайды», «сабаққа қызықпайды» деп ойлауы мүмкін. Алайда кей жағдайда мұның артында баланың зейін, есте сақтау, жоспарлау немесе өзін-өзі бақылау қабілеттеріне қатысты қиындықтар жатуы ықтимал.
Соңғы жылдары ата-аналар арасында нейропсихолог маманы туралы жиі айтыла бастады. Бірақ нейропсихолог нақты немен айналысады? Оған қандай жағдайда бару керек? Баланың жай ғана қимылы көп екенін маман көмегін қажет ететін жағдайдан қалай ажыратуға болады?
Осы сұрақтарды психолог әрі нейропсихолог Айгүл Бесембаеваға қойдық.
Айгүл Бесембаева – психолог, арт-терапевт және нейропсихолог. Психология саласында 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол Ақтөбе қаласындағы Мәскеу университетінің психология факультетін тәмамдаған. Кәсіби тәжірибесінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен, түрлі диагнозы бар балалармен, сондай-ақ ата-аналар және ересектермен жұмыс істейді.
Маманның негізгі бағыттары – балалардың психологиялық және нейропсихологиялық дамуы, арт-терапия, мазасыздық, қорқыныш, эмоционалдық қиындықтар мен қарым-қатынас мәселелері. Ол транзактілік талдау бағыты бойынша да білім алған. Арт-терапияны Украина мамандарынан және ҚР балалар психологтары нейропсихологтар қауымдастығының президенті Айнұр Алдаштан оқып, бірнеше кәсіби курсты аяқтаған. Қазіргі уақытта «Нейроакадемияда» қызмет етеді.
Нейропсихологтың психологтан айырмашылығы неде?
Балада белгілі бір қиындық байқалса, ата-ана қай маманға жүгінерін білмей қалуы мүмкін. Психолог па, логопед пе, дефектолог па, әлде нейропсихолог па?
Айгүл Бесембаеваның айтуынша, бұл мамандардың жұмыс бағыттары бір-бірімен тоғысқанымен, негізгі міндеттері бөлек. Психолог баланың эмоционалдық жағдайымен, мінез-құлқымен, қорқынышы, мазасыздығы, өзін бағалауы және өзіне деген сенімділігімен жұмыс істейді. Логопедтің негізгі бағыты – сөйлеу тілін дамыту және ондағы қиындықтарды түзету. Ал дефектолог дамуында немесе оқуында ерекшелігі бар балалардың оқу, жазу, санау және басқа да дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Нейропсихолог болса баланың зейін, есте сақтау, қабылдау, ойлау, кеңістікті бағдарлау, жоспарлау және өзін-өзі бақылау секілді танымдық қабілеттерін бағалап, дамытуға көмектеседі.
Нейропсихолог баланың зейіні, есте сақтауы, қабылдауы, кеңістікті бағдарлауы, жоспарлауы, өзін-өзі бақылауы, ойлау және оқу қабілеті секілді функциялармен жұмыс істейді, – дейді Айгүл Бесембаева.
Сондықтан «балам сабақ оқымайды» деген бір ғана шағымның артында әртүрлі себеп жатуы мүмкін. Бір балаға психологтың көмегі қажет болса, екіншісіне логопед немесе дефектолог, ал үшіншісіне нейропсихологиялық бағалау қажет болуы ықтимал.
Тапсырманы аяқтамау – жалқаулықтың белгісі ме?
Нейропсихологқа жүгінуге себеп болатын ең жиі белгілердің бірі – баланың зейінін тұрақты ұстай алмауы.
Айгүл Бесембаеваның айтуынша, ата-аналардың бір бөлігі маманға мектептен ескерту алғаннан кейін келеді. Мәселен, бала сабақ үстінде тапсырманы бастап, соңына дейін жеткізбейді. Мұғалім сөйлеп жатқанда орнынан тұрып кетеді немесе сынып ішінде жүріп кетуі мүмкін. Нұсқауды бірден қабылдамай, бірнеше рет қайталауды сұрайды. Бір іске кірісіп отырып, екіншісіне ауысып кетеді. Маман мұндай жағдайда бірден қорытынды шығармай, алдымен баланың жасын ескеру керегін айтады.
Мектепке дейінгі баланың ұзақ уақыт бір тапсырманы орындап отыра алмауы қалыпты болуы мүмкін. Бірақ бала өскен сайын тыңдау, бастаған жұмысын аяқтау, зейінін белгілі бір уақыт ұстап тұру секілді дағдылары да жасына сай қалыптасуы керек, – дейді нейропсихолог.
Яғни баланың бір күні үй тапсырмасын орындауға зауқы болмауы немесе анда-санда алаңдауы маманға жүгінуге негіз бола бермейді. Ал қиындық тұрақты қайталанып, оның оқуына және күнделікті әрекетіне кедергі келтірсе, себебін анықтаған жөн.
«Не әкел деген едіңіз?» Бала неге айтқанды тез ұмытады?
Ата-аналар жиі айтатын тағы бір шағым – баланың жаңа ғана айтылған нәрсені ұмытып қалуы. Мысалы, анасы баласына бөлмеден белгілі бір затты алып келуді тапсырады. Бала орнынан тұрып кетеді де, бірнеше секундтан кейін қайта келіп: «Не әкел деген едіңіз?» деп сұрайды. Бір қарағанда бұл есте сақтау қабілетінің нашарлығына ұқсайды. Бірақ мәселе тек есте сақтауда болмауы мүмкін.
Мұндай жағдайда есте сақтаумен қатар зейіннің тұрақтылығын да қараймыз. Өйткені бала ақпаратты бастапқыда толық қабылдамаса, кейін оны есіне түсіруі де қиын болады, – дейді Айгүл Бесембаева.
Бір нәрсені бірден есте сақтамау – қалыпты жағдай. Бірақ бірнеше рет түсіндірілген ақпаратты меңгеру үнемі қиындық туғызса, маман баланың есте сақтауымен қатар зейін, қабылдау секілді басқа да қабілеттерін бағалайды.
Әріпті шатастыру, оң мен солды ажырата алмау нені білдіреді?
Нейропсихологқа тек зейін мәселесімен бармайды. Маманның айтуынша, оқу мен жазудағы кейбір тұрақты қиындықтарға да назар аударған жөн. Мысалы, бала дәптерге жазған кезде жолдан шығып кетуі, диктантта әріптерді жиі шатастыруы, кеңістікте бағдарлаудан қиналуы немесе оң мен солды ажырата алмауы мүмкін. Мұндай белгілердің болуы өздігінен қандай да бір диагнозды білдірмейді. Бірақ олар тұрақты қайталанып, баланың оқуына кедергі келтірсе, себебін анықтау қажет.
Нейропсихолог мұндай жағдайда баланың бір ғана қатесіне емес, тапсырманы қалай орындағанына қарайды. Нұсқауды түсіне алды ма? Қатесін өзі байқады ма? Бір ережені тапсырма соңына дейін сақтай алды ма? Кеңістіктегі байланысты қалай қабылдайды? Осындай ерекшеліктер кешенді түрде бағаланады.
Бала жиі ашуланса, нейропсихологқа бару керек пе?
Бала тапсырма орындай алмай қалғанда ашуланады, жылап жібереді немесе жұмысты жалғастырудан бас тартады. Бұл да ата-ананы алаңдатуы мүмкін.
Айгүл Бесембаеваның айтуынша, кей жағдайда мұндай реакциялар баланың өзін-өзі тежеуі, әрекетін басқаруы немесе бір тапсырмадан екіншісіне ауысуы секілді функциялармен байланысты болуы ықтимал.
Алайда әрбір ашулануды нейропсихологиялық қиындық деп түсіндіруге болмайды.
Баланың эмоциясын басқара алмауына әртүрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Отбасындағы жағдай, стресс, мазасыздық немесе ұйқысының дұрыс болмауы да ескерілуі керек, – дейді маман.
Сондықтан баланың жиі жылауы немесе ашулануының себебін тек бір бағыттан іздеу дұрыс емес. Мәселен, балабақшаға барғанда анасынан ажырай алмай жылау, жаңа ортадан қорқу немесе басқа балалармен қарым-қатынас орнатуда қиналу эмоционалдық мәселелермен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда психологтың көмегі қажет болуы ықтимал. Ал бала нұсқаулардың ретін түсінуден, зейінін ұстап тұрудан, оқу, жазу, санаудан немесе кеңістікті бағдарлаудан тұрақты қиналса, нейропсихологиялық бағалау қарастырылуы мүмкін.
Нейропсихолог баланы қалай тексереді?
Нейропсихологқа алғаш барған кезде жұмыс әдетте ата-анамен әңгімелесуден басталады. Маман баланың даму тарихын, ата-ананы нақты не алаңдататынын және қиындықтың қашан, қандай жағдайда байқалатынын сұрайды. Содан кейін баланың жасына сәйкес арнайы тапсырмалар беріледі.
Диагностика кезінде есте сақтау, зейін, қабылдау, ойлау, кеңістікті бағдарлау, қол қимылдары секілді бағыттарды қараймыз, – дейді Айгүл Бесембаева.
Мұнда баланың тапсырманы дұрыс орындауы ғана емес, оны қалай орындағаны да маңызды. Мәселен, ол нұсқауды бірден түсінді ме, әлде бірнеше рет қайталау қажет болды ма? Тапсырма барысында ережені ұмытып қалды ма? Қателескенін өзі байқады ма? Тез шаршады ма? Бір тәсілден екіншісіне ауыса алды ма? Осының барлығы маманға баланың қай тұста қиналып жүргенін түсінуге көмектеседі.
Бір қабылдаудан кейін қорытынды шығаруға бола ма?
Бірінші кездесудің өзінде маман белгілі бір ерекшеліктерді байқауы мүмкін. Бірақ бір ғана қабылдау барлық жағдайда баланың қиындықтары туралы толық түсінік бере бермейді. Айгүл Бесембаева алғашқы кездесуде зейін, есте сақтау, кеңістікті қабылдау немесе өзін-өзі бақылау бағытында қиындық болуы мүмкін деген бастапқы болжам қалыптасатынын айтады. Егер бала кейін нейрокоррекция сабақтарына қатысса, маман оның нәтижесін әрі қарай бақылап, жұмыс бағытын өзгертіп немесе толықтырып отырады.
Бір рет диагностика жасап, тек сол қорытынды бойынша жұмыс істей беру дұрыс емес. Сабақ барысында баланың басқа да қиындықтары байқалуы мүмкін. Соған қарай тапсырмаларды қосып, жұмысты жалғастырамыз, – дейді маман.
Нейропсихолог диагноз қоймайды
Ата-аналар үшін ең маңызды ақпараттың бірі – нейропсихологтың құзыретін дұрыс түсіну. Нейропсихолог медициналық диагноз қоймайды. Ол баланың зейінінің тұрақтылығы, есте сақтауы, кеңістікті бағдарлауы, жоспарлауы немесе өзін-өзі бақылауы секілді функцияларда байқалған ерекшеліктерді сипаттап, қорытынды бере алады.
Медициналық диагнозды тиісті медициналық мамандар ғана қояды. Нейропсихолог өз құзыретінен тыс диагноз қоймауы керек, – дейді Айгүл Бесембаева.
Қажет болған жағдайда нейропсихолог ата-анаға невролог, психиатр, логопед, психолог немесе басқа маманға жүгінуді ұсынуы мүмкін.
Нейрокоррекцияда баламен қандай жұмыс істейді?
Диагностика барысында белгілі бір функцияларды дамыту қажеттігі анықталса, баламен нейропсихологиялық түзету жұмыстары жүргізіледі. Мұндай сабақ барлық балаға бірдей жаттығу орындатудан тұрмайды.
Айгүл Бисенбаеваның айтуынша, алдымен баланың нақты қай тұста қиналып жүргені анықталып, содан кейін соған сәйкес жұмыс бағыты құрылады. Мысалы, зейінді дамыту үшін белгілі бір белгіні табу, қателерді анықтау, берілген ережені есте сақтап отырып тапсырманы орындау ұсынылуы мүмкін. Есте сақтау қабілетімен жұмыс кезінде сөздер мен суреттерді есте сақтау, ақпаратты белгілі бір белгісі бойынша топтастыру секілді тапсырмалар беріледі. Ал кеңістікті бағдарлау бағытында оң мен солды, жоғары мен төменді ажырату, заттардың кеңістіктегі орналасуын түсіну секілді жаттығулар қолданылуы мүмкін.
Нейропсихологиялық түзету – жай ғана жаттығулар жиынтығы емес. Маман баланың нақты қай функциясында қиындық барын анықтап, соған сәйкес жеке жұмыс жүргізуі керек, – дейді нейропсихолог.
«Жалқау» деп бағаламас бұрын себебін іздеу керек
Бір бала тапсырманы тез орындайды, екіншісіне көбірек уақыт қажет. Бірі ұзақ уақыт кітап оқып отыра алады, екіншісінің назары жиі бөлінеді. Мұның өзі баланың дамуында міндетті түрде мәселе бар дегенді білдірмейді. Ата-ана үшін маңыздысы – қиындықтың қаншалықты жиі қайталанатынына және баланың күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететініне назар аудару. Егер бала жасына сай тапсырмаларды үнемі аяқтай алмаса, бірнеше рет айтылған нұсқауды қабылдау қиын болса, оқу мен жазуда тұрақты қиындықтар байқалса немесе зейін мәселесі оның сабағына елеулі кедергі келтірсе, маманмен кеңескен дұрыс.
Ең бастысы, мұндай белгілерді бірден диагнозға айналдырмау керек. Баланың тапсырманы орындамауын «жалқаулық», қайта-қайта сұрауын «тыңдамау», ал сабақ үстінде қозғала беруін «тәртіпсіздік» деп қабылдау оңай. Бірақ кей жағдайда бала әдейі істемей отырған жоқ, керісінше оған белгілі бір әрекетті орындау шынымен қиын болуы мүмкін. Сондықтан баладан талапты күшейтпес бұрын, «Неге ол мұны істемейді?» дегеннен гөрі «Оған мұны істеуге не кедергі болып тұр?» деген сұрақ қойған маңызды болмақ.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды