Бакалавриат енді 3 жыл бола ма? Қазақстанда оқу мерзімі қысқаруы мүмкін мамандықтар аталды

Бакалавриат енді 3 жыл бола ма? Қазақстанда оқу мерзімі қысқаруы мүмкін мамандықтар аталды

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда еңбек нарығына қажетті білікті мамандар тапшылығын азайту мақсатында бакалавриаттың оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға қысқарту ұсынылды. Бұл бастаманы Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов көтерді.

Депутаттың айтуынша, 2035 жылға қарай Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет болады. Оның ішінде 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Қазірдің өзінде көптеген кәсіпорын білікті кадрлардың жетіспеушілігін сезініп отыр. Соның салдарынан қызметкерлерге қосымша жүктеме түсіп, компаниялар мамандарды өздері даярлауға және қайта оқытуға мәжбүр.

Қандай мамандықтар бойынша оқу мерзімі қысқаруы мүмкін?

Махамбет Хасенов үш жылдық бакалавриат жүйесін, ең алдымен, еңбек нарығы жылдам өзгеретін және мамандарға сұраныс жоғары салаларда енгізуді ұсынды.

Атап айтқанда:

Депутат барлық мамандықты үш жылдық оқыту жүйесіне көшіру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан әр бағыттың ерекшелігі, жұмыс берушілердің сұранысы, кәсіби стандарттар мен қажетті құзыреттер ескерілуі тиіс.

«Үш жылдық формат – білім беру бағдарламасын жай ғана қысқарту емес. Бұл қажетті білім мен құзыреттерді тиімді білім беру траекториясы арқылы меңгеру мүмкіндігі. Нарық пен технологиялар төрт жыл күтпейді. Білім беру жүйесі де экономикадағы өзгерістерден қалып қоймауы керек», – деді Махамбет Хасенов.

Қазақстанда үш жылдық бакалавриат тәжірибесі бар

Депутаттың сөзінше, еліміздегі кейбір жоғары оқу орындары бұл жүйені қазірдің өзінде қолданып келеді.

Мәселен, Almaty Management University және Astana IT University студенттері 240 академиялық кредитті үш жыл ішінде меңгереді.

Махамбет Хасенов бұл тәжірибе білім сапасын төмендетпей, мамандарды қысқа мерзімде даярлауға болатынын көрсететінін айтты.

Депутат қандай ұсыныстар жасады?

Махамбет Хасенов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, үш негізгі шараны ұсынды.

Біріншіден, үш жыл ішінде сапалы білім беруге болатын мамандықтардың нақты тізімін анықтау қажет.

Екіншіден, осы бағыттар бойынша пилоттық жобаларды іске қосу ұсынылды. Ол үшін триместрлік оқыту жүйесін, жазғы семестрді, дуалды білім беруді және кәсіпорындардағы өндірістік тәжірибені кеңінен қолдану керек.

Үшіншіден, салалық министрліктер еңбек нарығына қандай мамандар қажет екенін анықтауға қатысып, түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына ықпал етуі тиіс.

Үш жылдық оқудың қандай артықшылықтары бар?

Депутаттың пікірінше, жаңа формат жастарға еңбек нарығына бір жыл ерте шығуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде түлектер кәсіби тәжірибені ертерек жинақтап, табыс таба бастайды.

Сонымен қатар бұл тәсіл кәсіпорындарды қажетті кадрлармен жылдамырақ қамтамасыз етуге және экономикадағы маман тапшылығын азайтуға көмектесуі мүмкін.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те Қазақстанда бакалавриаттың оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға қысқарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.

Алайда үш жылдық бакалавриат барлық студентке және барлық университетке бірдей енгізілмейді. Әзірге бұл – жекелеген мамандықтар бойынша жүзеге асыру ұсынылған бастама. Нақты бағыттар мен оны іске асыру тәртібі тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін белгілі болады.

Оқи отырыңыз

{