7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?Елордада еліміздің түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілер, қолөнершілер, спортшылар, өнер ұжымдары, шетелдік қонақтар мен мыңдаған көрермен бас қосқан BaiQymyz–2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өз жұмысын жалғастырып жатыр, деп жазады Еl.kz интернет порталы.
Фестиваль – қымызды насихаттайтын қарапайым шара ғана емес. Ол қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, ат спорты өнерін, қолөнерін және шығармашылық индустрияларын бір алаңға тоғыстырған ауқымды мәдени-туристік жоба. Ұйымдастырушылардың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, BaiQymyz фестивалін Қазақстанның халықаралық деңгейде танылатын жыл сайынғы мәдени брендіне айналдыру.
56 тонна қымыз – жаңа рекордқа бастар қадам
Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – келушілерге 56 тонна қымыздың ұсынылуы. Бұл көлем Қазақстан тарихындағы ең ірі көрсеткіштердің бірі саналып отыр. Ұйымдастырушылар осы нәтижені Қазақстанның рекордтар кітабына (КИнЭС) енгізуді жоспарлаған.
Фестиваль аясында еліміздің барлық өңірлерінен және Ресей Федерациясынан келген 59 қымыз өндіруші бас қосып, «Үздік қымыз өндіруші» атағы үшін бақ сынауда. Әрбір қатысушы өз өңірінің қымыз дайындау дәстүрін, өнім сапасын және ұлттық сусынның ерекшелігін көпшілік назарына ұсынып жатыр.
Бұл байқау тек жеңімпазды анықтаумен шектелмейді. Ол қазақтың дәстүрлі сусынын өндіретін кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, ұлттық өнімнің сапасын арттыруға және отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық мәдениет пен этнотуризмнің үлкен алаңы
Фестиваль аумағында екі күн бойы этноауылдар жұмыс істейді. Мұнда келушілер қазақтың дәстүрлі тұрмысымен танысып, ұлттық қолөнер шеберлерінің еңбектерін тамашалай алады.
Сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, жәрмеңкелер, гастрономиялық аймақтар, ұлттық тағамдар көрмесі келушілерге халқымыздың бай мәдени мұрасын жан-жақты таныстыруда.
Сонымен қатар шеберлік сабақтары, интерактивті бағдарламалар, ұлттық ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылып, қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін жақыннан сезінуге мүмкіндік алуда.
Көкпардан квиддичке дейін: ат спортының ерекше шоуы
BaiQymyz–2026 бағдарламасының ең тартымды бөлімдерінің бірі – ASIA KOKPAR LEAGUE және ER QANATY ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық ат спорты шоуы.
Бұл бағдарламада ұлттық ат спортының үздік үлгілері көрсетілуде. Атап айтқанда:
салтанатты жылқы шеруі;
- көкпар додасы;
- шөген ойыны;
- аударыспақ;
- жауынгерлік аттардың көрсетілімі;
- кәсіби шабандоздардың өнері;
- ұлттық ат ойындары элементтерімен үйлестірілген ат үстіндегі квиддич.
Бұл көріністер көрермендерді қазақ халқының атқа міну мәдениетімен, көшпенділер өркениетінің жауынгерлік дәстүрлерімен жақынырақ таныстырып, ұлттық спорттың ерекше сән-салтанатын паш етуде.
Балаларға арналған ерекше этноалаң
Фестивальде жас қонақтарға да ерекше көңіл бөлінген. BaiQymyz Qulynshaq этноалаңы бүлдіршіндердің сүйікті орнына айналды.
Мұнда балалар:
- ұлттық ойындарды ойнайды;
- садақ атуды үйренеді;
- панна-футболда бақ сынайды;
- лабиринттер мен ойын алаңдарында уақыт өткізеді;
- дәстүрлі «Алтыбақан» алаңында көңіл көтереді.
Фестивальдің ең қызықты бағдарламаларының бірі – BaiQymyz Qoshaqan балалар родеосы. Ал екінші күні жас шабандоздар арасында конкур жарыстары ұйымдастырылып, болашақ чемпиондардың шеберлігі сыналады.
Ұлттық сусын ғана емес, ұлттық бренд
Фестиваль барысында келушілер тек қымызбен ғана шектелмейді. Қазақтың дәстүрлі тағамдары мен сусындарының кең таңдауы ұсынылып, өңірлік ерекшеліктер таныстырылуда.
Ұлттық тағам өндірушілер үшін бұл – өз өнімдерін кеңінен насихаттайтын үлкен мүмкіндік. Ал келушілер үшін – еліміздің әр аймағына тән дәмдерді бір жерде татып көруге таптырмас алаң.
Осындай бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін, ұлттық тағам өндірісін және гастрономиялық туризмді дамытуға серпін береді.
Мыңдаған адамның басын қосқан халықаралық фестиваль қазақтың бай мәдени мұрасын жаңа қырынан таныстырып, ұлттық құндылықтарды әлемге дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?