Азия ойындары: Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева алтын медаль иеленді

Азия ойындары: Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева алтын медаль иеленді

Асқар Таудай
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бірқатар спорт түрінен жүлделі нәтижелер көрсетті. Жеңіл атлетикадан Ясмина Тоқсанбаева алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Жеңіл атлетикадан Ясмина Тоқсанбаева марафон қашықтығындағы спорттық жүрістен топ жарды. Қазақстандық спортшы жарысты 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен аяқтап, Азиада-2026 чемпионы атанды.

Екінші орынды Қытай өкілі Даньцзэн Цюйцзун 3:26:09 нәтижесімен иеленсе, тағы бір қытайлық Ма Ли 3:32:26 көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.

Ясмина Тоқсанбаеваның алтын медалі Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы тоғызыншы алтын жүлдесі болды.

Ал әртістік жүзуден Наргиза Болатова мен Ясмин Тұякова жұптық сайыста қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық жұп жарыс қорытындысында 286,0826 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.

Алтын медаль 322,8468 ұпай еншілеген Қытай спортшылары Линь Яньцзюнь мен Сюй Хуэйянға бұйырды. Күміс жүлдені 291,7134 ұпай жинаған Жапония өкілдері Моэ Хига мен Томока Сато иеленді. Қазақстандықтар күміс жүлдегерлерден 5,6308 ұпайға қалып қойды.

Батуттағы гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасының өкілдері де финалға жолдама алды. Іріктеу кезеңінде Роман Барков 56,64 ұпай жинап, алтыншы орынмен ақтық сынға өтті. Ерлан Тасмағамбетов 54,93 ұпаймен жетінші орынға тұрақтап, финалға шықты.

Финалдық сайыстың қорытындысы бойынша суперфиналға өтетін гимнастар анықталады.

Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы да жарысты сәтті бастады. Шпага сайысының 1/8 финалында отандастарымыз Қатар құрамасымен кездесіп, 45:27 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы сапында бұл бәсекеде Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Руслан Курбанов өнер көрсетіп жатыр.

Оқи отырыңыз

{