Азия ойындары - 2026: Қазақстан академиялық ескек есуде тарихи жеңіске жетті

Азия ойындары - 2026: Қазақстан академиялық ескек есуде тарихи жеңіске жетті

Аян Қайырбаев
Фото: ҰОК

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Жапонияның Айчи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстандық экипаж академиялық есуден ерлер арасындағы рульшісіз қос қайық (M2−) бәсекесінде алтын медаль жеңіп алды.

А финалында Владислав Яковлев пен Иван Чернухин мәреге бірінші болып жетіп, басты қарсыластары Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды.

Қазақстандық спортшылар бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда да жүлделі нәтижелер көрсеткен. 2025 жылы Яковлев пен Чернухин ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында алтын медаль жеңіп алды. Азия ойындарындағы жеңіс олардың халықаралық аренадағы табысты нәтижелерінің жалғасы болды.

Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Қазақстандық спортшылар байдарка мен каноэде есу жарысында әйелдер арасындағы 500 метрлік қашықтықта байдарка-екілік сайысында өнер көрсетті. Финалдық бәсекеде Шмелева мен Токарницкая екінші нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір күміс медаль салды.

Соңғы жылдары Қазақстанда есу спортын дамытуға, соның ішінде заманауи спорт инфрақұрылымын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістанда салынған халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы. 2025 жылы пайдалануға берілген кешеннің аумағы шамамен 100 гектарды, ұзындығы 2,2 шақырымнан асады. Заманауи нысан спортшылардың толыққанды жаттығуына, оқу-жаттығу жиындарын ел аумағында өткізуге және есу спортынан ірі халықаралық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа спорт инфрақұрылымы ұлттық құраманың сапалы дайындығына жағдай жасап, Қазақстанда есу спортын одан әрі дамытуға қосымша серпін беріп отыр.

Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкаяның күміс жүлдесі Қазақстан құрамасының XX жазғы Азия ойындарындағы кезекті медалі болды.

Осыған қоса Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Сергей Емельянов пен Тимофей Емельянов Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ерлер арасындағы 500 метрлік каноэ-екілік сайысының финалында қазақстандық экипаж үшінші болып мәреге жетіп, қола медаль иеленді.

Айта кетейік, осыдан бірнеше минут бұрын қазақстандық ескекшілер алтын және күміс медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, Қазақстан құрамасы қысқа уақыт ішінде есу спортынан бірден үш жүлдеге қол жеткізді.

Бұл нәтижелердің маңызын арттыра түсетін тағы бір жайт – бұған дейінгі жазғы Азия ойындарында Қазақстан осы есу дисциплиналарында бірде-бір медаль иеленбеген еді.

Оқи отырыңыз

{