12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікҚазақстан ажырасу саны бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орында деген ақпарат бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Алайда ресми статистика бұл мәліметті растамайды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздегі ажырасу деңгейі халықаралық рейтингтерде көрсетілгеннен екі еседен астам төмен. Сонда Қазақстан әлемде нешінші орында және қай елдерде ажырасу жиі тіркеледі? El.kz ақпарат агенттігі деректерге шолу жасады.
Қазақстанды әлемде екінші орынға кім шығарды?
Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында деген ақпарат отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 2023 жылдың ақпан айынан бері таралып келеді. Бұл мәлімет алғаш рет 2023 жылдың ақпанында Норвегияның Advokatsmart заң компаниясы жариялаған шолуда кездескен. Онда Қазақстанда әр мың тұрғынға шаққанда 4,6 ажырасу тіркелетіні және еліміздің Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұрғаны жазылған.
2024 жылдың наурызында осы деректі АҚШ-тың Petrelli Previtera заң компаниясы мен World Population Review статистикалық сайты да таратқан. Алайда жарияланған тізімдерде 4,6 көрсеткішінің қай жылға тиесілі екені және оның бастапқы дереккөзі көрсетілмеген.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдың наурызында бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, World Population Review сайтының авторларына ресми хат жолдаған. Қазір аталған сайтта Қазақстанның 2023 жылғы көрсеткіші әр мың тұрғынға 2 ажырасу деп берілген. Бұл дерек бойынша еліміз шамамен 15-орында тұр.
Қазақстанда ажырасу көбейіп жатыр ма?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 40,2 мың неке бұзылған. Бұл әр мың тұрғынға шаққанда 2 ажырасудан келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы елде 59,8 мың ажырасу тіркелген. Бұл – 1991 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Соның өзінде әр мың адамға шаққандағы ажырасу деңгейі 3,2 болған. Ал кейінгі жылдары ажырасу саны қайта өсе бастаған.
2025 жылы Қазақстанда 45,7 мың жұп ажырасқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,7 пайыз көп. Әр мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 2,2-ге жеткен.
Өсу үрдісі 2026 жылдың алғашқы жартысында да байқалды. Қаңтар мен маусым аралығында 22,5 мың ажырасу тіркелді. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 21,5 мың болған. Яғни бір жылда ажырасу саны 4,5 пайыз артқан.
Осылайша, Қазақстанда ажырасу санының өсіп отырғаны рас. Бірақ бұл еліміз әлемде екінші орында тұр дегенді білдірмейді.
Әлемде қай елдерде ажырасу көп?
Елдердегі ажырасу деңгейін салыстырғанда халықтың жас ерекшелігін де ескеру қажет. Өйткені әр мың тұрғынға шаққандағы жалпы көрсеткішті есептегенде балалар да халық санына қосылады. Ал балалар заңды некеге тұрып, ажыраса алмайды.
Мәселен, Қазақстан халқының 29 пайызын 15 жасқа толмаған балалар құраса, Еуропалық одақ елдерінде олардың үлесі шамамен 15 пайыз. Сондықтан елдер арасындағы айырмашылықты нақтырақ бағалау үшін 15 жастан асқан әр мың тұрғынға шаққандағы ажырасу саны салыстырылған.
Зерттеуге, Қазақстанды қоса алғанда, 66 елдің ресми деректері алынған. Негізгі салыстыру 2023 жылдың статистикасына сүйенеді. Ал сол жылғы мәліметі жоқ мемлекеттер үшін 2021 немесе 2022 жылдың көрсеткіштері пайдаланылған.
БҰҰ-ның Демографиялық жылнамасы, Eurostat және ұлттық статистика органдарының деректеріне негізделген есеп бойынша Қазақстан 66 елдің ішінде 14-орынға тұрақтаған.
Елімізде 15 жастан асқан әр мың тұрғынға шаққанда 2,9 ажырасу тіркелген.
Ажырасу деңгейі ең жоғары елдер:
Ал Қазақстанға жақын көрсеткіштер Литвада (3), АҚШ-та (2,9), Әзербайжанда (2,8), Қырғызстан мен Түркияда (2,6) тіркелген.
Германияда бұл көрсеткіш 1,8, Италияда 1,5, Оңтүстік Кореяда 2, Жапония мен Мексикада 1,7 болған. Яғни Қазақстан салыстырылған 66 елдің алғашқы төрттен бір бөлігіне кіреді. Дегенмен ажырасу деңгейі ең жоғары мемлекеттерден едәуір төмен.
Бұл тізімді әлемнің барлық елін қамтитын толық рейтинг деп қабылдауға болмайды. Өйткені ресми деректері жеткіліксіз мемлекеттер, соның ішінде Африка мен Оңтүстік Азия елдерінің басым бөлігі салыстыруға енгізілмеген.
Қазақстанда ажырасу деңгейі Солтүстік Еуропа елдерімен шамалас
Ажырасу статистикасын бағалаудың тағы бір тәсілі бар. Ол – некеде тұрған әр мың әйелге шаққанда қанша ажырасу тіркелгенін есептеу.
Бұл көрсеткіштің маңызы зор. Себебі халықтың жалпы саны бірдей болғанымен, некеде тұрған адамдардың үлесі елдерде әртүрлі.
Мысалы, Қазақстанда 2021 жылғы халық санағы бойынша 15 жастан асқан 3,7 миллион әйел ресми некеде тұрған. Бұл – осы жастағы әйелдердің 52,4 пайызы.
Ал басқа елдердегі көрсеткіш мынадай:
Ресейге қатысты көрсеткіш 2021 жылғы санақта отбасылық жағдайын көрсеткен 16 жастан асқан әйелдердің үлесіне негізделген. Осы айырмашылықтарды ескергенде, Қазақстандағы ажырасу деңгейі Еуропаның бірқатар елінен төмен болып шыққан.
2023 жылы Қазақстанда ресми некеде тұрған әр мың әйелге шаққанда шамамен 10,8 ажырасу тіркелген.
Салыстыру үшін:
Демек, бұл есеп бойынша Қазақстандағы ажырасу деңгейі Ресейден шамамен екі есе, ал Балтық жағалауы мен Солтүстік Еуропаның аталған елдерінен төмен. Сонымен бірге Чехия мен Венгрияда бұл көрсеткіш – 9,4, Мексикада – 9,3, Түркияда – 8,4, Оңтүстік Кореяда – 7,5, Германияда – 7,3, Жапонияда – 6,1, Италияда 6 болған. Яғни некеде тұрған әйелдердің үлесін есепке алғанда, Қазақстанның көрсеткіші Солтүстік Еуропа және Балтық елдерінің деңгейімен салыстыруға келеді. Дегенмен бұл әдістің де шектеуі бар. Некедегі әйелдердің саны туралы салыстыруға жарамды ресми мәліметтер тек 22 ел бойынша қолжетімді болған.
Қазақстанның қай өңірінде ажырасу көп?
Еліміздің өңірлері арасындағы айырмашылық та айтарлықтай.
2025 жылғы деректер бойынша 15 жастан асқан әр мың тұрғынға шаққанда ажырасу деңгейі ең жоғары өңірлер:
Ал ең төменгі көрсеткіштер:
Ажырасудың жалпы саны бойынша Алматы мен Астана алда.
2025 жылы Алматыда 5 мың, ал Астанада 4,2 мың ажырасу тіркелген.
Алайда бұл екі қаланың ажырасу деңгейі ең жоғары өңірлер екенін білдірмейді. Өйткені мұнда халық саны да көп. Сондықтан өңірлерді салыстырғанда ажырасудың жалпы санымен қатар тұрғындар санына шаққандағы көрсеткішті де ескеру керек.
Ресми статистикаға қандай ажырасулар кірмейді?
Тағы бір маңызды жайт – Қазақстанның ресми статистикасында тек заңды түрде тіркелген некелер мен олардың бұзылуы есепке алынады. Яғни АХАТ органдарында немесе сот шешімімен рәсімделген ажырасулар ғана статистикаға енгізіледі. Ал ресми некеге тұрмай бірге өмір сүрген жұптардың екі жаққа кетуі есепке алынбайды.
2021 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 460 мың әйел некесін ресми тіркемей бірге тұрған. Мұндай отбасылардың ажырасуы ресми көрсеткішке кірмейтіндіктен, статистика елдегі барлық жұптың қарым-қатынасының аяқталуын толық қамтымайды.
Қазақстан әлемде екінші орында емес
Қазақстанда ажырасу саны соңғы жылдары өсіп келеді. Дегенмен еліміз әлемде ажырасу деңгейі бойынша екінші орында деген тұжырымды ресми деректер растамайды.
2023 жылғы статистика бойынша әр мың тұрғынға 2 ажырасу тіркелген. Ал 15 жастан асқан тұрғындар санына шаққанда Қазақстан салыстырылған 66 елдің ішінде 14-орында болған.
Некеде тұрған әйелдер саны ескерілген есепте еліміздің көрсеткіші бірқатар Солтүстік Еуропа және Балтық елдерінен төмен.
Сондықтан Қазақстанды ажырасу деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұрған ел деп көрсету дұрыс емес. Дегенмен кейінгі жылдардағы өсім отбасылық қатынастарға қатысты статистиканы жүйелі талдаудың маңызын көрсетеді.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер