Аза тұту күні: қаралы хабарды қалай естіртеміз, қалай аза тұтамыз?

Аза тұту күні: қаралы хабарды қалай естіртеміз, қалай аза тұтамыз?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

25 қыркүйек – елімізде жалпыхалықтың аза тұту күні. Осымен тәуелсіздік тарихында 14 Аза тұту күні жарияланды. Жалпы, аза тұту дегеніміз не? Қазақ өлімді қалай естірткен, боздағын қалай жоқтаған? 

Қазақ өлімді қалай естірткен?

Арыда қазақ естірту үшін топ ішіндегі ділмарды, мысы бар көсемді таңдап алған. Мысалы, атақты жырау Кетбұға Шыңғысханға ұлы Жошының өлімін «Ақсақ құлан» күйі арқылы жеткізген. «Қан мен терде» қалың ел қаралы үйге барып, басу айтқан. «Дайағашшы» кітабында әкесіне жалғыз ұлының өлімін естіртуге ауыл болып жиналып, кеңес құрған. Ішінен бір шешен ақсақалды жіберіп, «алтынының» иесіне қайтқанын тұспалдап айтқан. 

Қайғыны бөлісе білу, қаралы үйдің отын өшірмей, демеу болу – бізді ұлт ретінде сақтап қалған қасиеттер. Тіпті, ең ауыр қайғының өзінде ауылдың үлкендері, сөзге шешен, ел сыйлайтын ақсақалдары жиналып баратын. Суық хабарды бірден айтпай, алдымен сабырға шақырып, «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», «Құдайдың ісіне шара бар ма?» деп, артында қалған жандарға рухани тірек, басу болатын, – дейді этнограф Тұрар Саттарқызы. 

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан естірту мәдениеті мен адами құндылықтары ұмытылып бара жатыр. Жиренше шешеннің жары Қарашаш қайтыс болғанда хан Жәнібектің өзі естірткені тарихтан белгілі. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген мақал да естірту әдебімен байланысты. Әкесі Шыңғысқа ұлы Шоқанның қазасын естірту үшін үйіне үш адам барып, мұңлы да зарлы күй төккен деседі.

Кенен Әзірбаев жарына інісінің өлімін естірту үшін «Жалғыз қайным» дейтін қаралы өлең жазған. Демек, әр істің әдебін білген қазақ өлімді де арулаған. Сол сияқты Отан алдындағы борышын өтеп, қыршыннан қиылған ұлдардың ата-анасына биліктегілердің басу айтпағаны, өкінішті...

Естірту, сауын айту, бақұлдасу, жаназа ... бәрінің мәйекті мазмұнын қалдырып, заманға бейімдеп айналысқа салу қажет. Ол үшін қазықтың мәдени-рухани құндылықтар тізбесін  жасақтау керек. ЮНЕСКО-ға беріп қойып жайбарақат отырмау керек. Қазақтың тіпті айқын құндылықтары бұрмаланып жатыр, солай айналымға түсіп кетті, – дейді белгілі тарихшы, этнограф Серік Ерғали. 

Журналист Қайнар Олжай бұған дейін «Қазаға қатысты наза» мақаласында беріге дейін жалғасқан естірту дәстүрі әлеуметтік желі тұсында бірден жоғалып кеткенін жазған. Ал жазғаны қарулы күштердің кешегі ұятты әрекетін сипаттап бергендей.

Қайтыс болған адамға еш қатысы жоқ, қатысы болса, онысы бірер рет көріп, бірер рет суретке түсумен тынғандар «пәленше қайтыс болыпты» деп жалаулататын әдет пайда болды, – деліген мақалада. 

Аза тұту деген не?

Қазақ халқының дәстүрлі танымында да, қазіргі заманғы мемлекеттік жүйеде де аза тұтудың өзіндік жазылмаған заңдылықтары мен ресми ережелері бар. Дәстүрлі қазақ қоғамында аза тұту – марқұмға деген құрмет пен туыстардың қайғысын бөлісудің көрінісі. Қазақта аза тұтудың негізгі белгілері мен жолдары болған.

Ертеде адам қайтыс болған үйдің шаңырағынан не белдеуінен сыртқа қарай қаралы ту шығарылған. Марқұм жас болса – қызыл, орта жаста болса – қара, егде жаста болса – ақ ту ілінген. Ол ту марқұмның асы (жылы) берілгенше тұрған. Қайтыс болған адамның әйелі, қыздары мен келіндері сәнді киімдерін шешкен, ақ орамал ораған. Ер азаматтар белдерін бекем буып, қайғыға қабырғасы қайысқанын білдірген.Әйелдер жағы марқұмның жақсы қасиеттерін, өмірдегі орнын жырмен айтып жоқтау айтқан. Ер адамдар көрісуге келгендермен құшақтасып, дауыс қылып көріскен, – дейді этнограф Тұрар Саттарқызы. 

Қарт Каспийде суға батып кеткендер – отан алдындағы борышын өтеп жүрген бүгінгі күннің батырлары еді. 

Аза тұту кезеңінде (әсіресе алғашқы қырық күнде) сол әулетте ешқандай қуаныш, той, ойын-сауық өткізілмеген. Мұндайда халық не істеуі керек? Қаралы күндері халықтан үлкен этикалық нормалар мен сыйластық талап етіледі. Ұлттық таным-түсінік деңгейінде айтсақ, көңіл айту және демеу болу керек. Жақынынан айырылған шаңыраққа барып «Арты қайырлы болсын!», «Топырағы торқа болсын!» деп көңіл айтады. Қайғыдан қан жылап отырған жандарды сабырға шақырып, рухани қолдау көрсетеді. Көмек қолын созған. Жылу жинаған. Қазақта қаза болған үйге туыстары мен көрші-көлемі «демеу» ретінде мал, ақшалай немесе азық-түліктей көмек (жылу) береді. Жерлеу рәсімінің барлық бейнетін (көр қазу, мал сою, қонақ күту) туыстары мен ауыл адамдары өз мойнына алады, – дейді этнограф Тұрар Саттарқызы. 

Аза тұта білу – әр адамның ішкі руханиятының белгісі. Мәселен, концерт не той қаралы күнмен тұспа-тұс келсе, кейінге қалдырыңыз. Билетті өткізіңіз, әлеуметтік желідегі ойын-сауық контентінен бас тартыңыз. Қоғамдық орындарда тыныштық сақтап, қара жамылған отбасына демеу болыңыз. Өйткені бүгін адам ғана емес, табиғат та шейіт болған сарбаздардың рухына түнеріп тұр. 

Қаралы үйдің жанынан өткенде қатты күлмейді, айқайламайды, ән салмайды. Атпен не көлікпен өтіп бара жатса, жылдамдықты бәсеңдетіп, құрмет көрсетеді. Мемлекеттік деңгейде де аза тұтылады. Ұлттық немесе халықаралық деңгейдегі ірі трагедиялар, табиғи апаттар немесе мемлекет қайраткерлері қайтыс болғанда Ұлттық аза тұту күні жарияланады. Бұл кезде Ту төмен түсіріледі. Бүкіл ел аумағындағы және шетелдегі елшіліктердегі Мемлекеттік Ту ресми түрде флагштоктың ортасына дейін төмен түсіріледі (немесе тудың жоғарғы жағына қара таспа байланады). Ойын-сауықты тоқтатылады. Телеарналар мен радиостанциялар өз бағдарламаларынан ойын-сауық, комедиялық хабарлар мен жеңіл музыканы алып тастайды. Театрлар мен концерт залдарындағы шаралар кейінге шегеріледі, – дейді этнограф. 

Оқи отырыңыз

{