Қазақстандық кішкентай жұлдыздар

6 Қыркүйек 2016, 06:48

Танымал вайндардың авторы, кішкентайынан сән подиумында өнер көрсетіп жүрген балақайлар кімдер?

Қазақ түсінігінде қан қасиетті ұғым. Тектілік пен дарын қаннан дариды деп жатады. Бірақ айдай әлемді аузына қаратқан небір талантты жастардың бәрі бірдей ханның балалары емес. Қарадан туып, хан болып жатқандар көп. Оның басты құпиясы – баланы сауатты тәрбиелеу, бала бойындағы талантты аша білу. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақ нақылы осыған саяды. Ғалымдардың дәлелдеуінше бала бойындағы талантты 2 жастан бастап дамытуды қолға алу керек. Одан кеш қалуға әсте болмайды. Сәби әлемдегі құбылыстарды көру және есту арқылы қабылдайды. Сондықтан айналадағы әрбір құбылысты олардың назарынан тыс қалдырмай түсіндіріп отыруда еріншектік танытпасаңыз талантты бір бала сіздің үйден де өсіп шығуы бек мүмкін. Ендеше әңгімемізге арқау болған талантты балақайларды өздеріңізге таныстырып өтсек.

Әмина Рамазанқызы бар болғаны 5 жаста. «Google» іздеу жүйесіне аты-жөнін теріп қалсаңыз-ақ болғаны жас жұлдыз туралы небір мәліметке қарық боласыз да қаласыз. Әминаның анасы Арай құдай берген үш баланы тәрбиелеп, үй шаруасында отырған қарапайым әйел. Ал әкесі жекеменшік фирмада заңгер болып қызмет етеді.

5 жасар қызының актриса болуға деген құлшынысын көрген анасы былтыр instagram әлеуметтік желісіне Әминаның (aminokka) ойнауымен шағын видеороликтерді жүктей бастайды. Аз уақыт ішінде бүлдіршіннің қатысуымен түсірілген күлкілі, қызықты видеолар Қазақстан көрермен сегментін жаулап алды. Олардың «Сіңліңнен планшетті тартып алудың жолы» атты бейнеролигі Youtube ресурсынан 6 миллионнан астам қаралған. Осыдан соң Әминаны Ресейлік Андрей Малахов «Пусть говорят» шоу бағдарламасына арнайы қонақ ретінде шақырды. Бағдарламаның 2015 жылғы 8 желтоқсандағы шығарылымында Instagram желісінің кішкентай жұлдыздары ретінде Әмина мен анасы танымал атанудың, қызықты видео түсіріп көреремен жинаудың қыр-сыры туралы көрермендерге айтып берген болатын.

Бұдан соң Әминаның танымалдылығы тіпті арта түсіп, әртүрлі бағдарламаларға, киноға түсуге шақыру ала бастаған. Қазір Әминаның Instagram желісіндегі @aminokka парақшасында 387 мың оқырманы бар. Бұл танымал отбасы қазіргі күні Алматы қаласында тұрады.

«Қазір Әмина цирк әртісі Мұрат Мұтырғановпен бірге циркте өнер көрсетіп жүр. Әрі актерлық шеберлігін шыңдау мақсатында театрға да барады. Мұншалықты танымал боламыз деп әсте ойламадық. Қызымыздың өнерге жақын болуының себебі үйдегі тәрбиеден. Өйткені біздер, әкесі мен шешесі әзілқой жандармыз, қызымыз бізге ұқсаған» дейді Әминаның анасы Арай Малғаждар.

Елдана Кеңес 2006 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан ән мен күйге, жыр мен биге әуес болған Елдана қатарының алды десек артық айтпаймыз. Өзі модель, өзі биші, өзі әнші, қысқасы сегіз қырлы бір сырлы жас дарын. Бес жасында-ақ подиумда жүріп сән көрсеткенді, камерамен жұмыс істегенді ұнатқанын анасы байқап, «Fashion baby» сән мектебіне оқуға береді.

Жас бүлдіршін мектепте жиған тәжірибені ескерусіз қалдырмай осы күндері EXPO көрмелерінде өткен сән көрсетілімдеріне қатысып келеді. Әжесі мен атасының өнегесін көріп өскен Елдана қазір Астана қаласындағы № 66 мектеп лицейінің 3 «в» сыныбын үздік аяқтады. Сабақтан тыс уақытта математикадан қосымша дәріс алып, ағылшын тілінің курсына қатысады.

Одан бөлек Елдана «Шашу» халықтық би ансамбілінде 1 сыныптан бері өнер көрсетіп жүр. Мысалы, 2015 жылы мамыр айында Түркияда өткен халықаралық art фестивалінде бірінші орынға ие болған. Жас дарынның мұндай талапшыл, өнерге бейім болуына анасы Арайдың ықпалы көп тиген. Сонымен бірге ҚР мәдениет қайраткері Тәуіржан Рахатұлы би сабағынан көркемдік жетекші ретінде тәрбиелеп келеді.

«Би адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер. Оқушылардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше. Сабақтарда меңгерген жұптық, жеке, топтық жұмыстарының нәтижесінде мектепішілік мерекелерге, концерттерге, салтанатты жиындарға және аудан, облыс, республика көлеміндегі байқауларға қатысып, өз шеберліктерін шыңдап, жүлделі орындардан көрінуде» дейді Т.Рахатұлы.

Би өнері оқушының эстетикалық мәдениетін дамыту арқылы жас баланың бойына адамгершілік негіздерін қалыптастырып қана қоймай, өркениеттің көшіне ілесер жан-жақты етіп тәрбиелейтіні рас. Астанадағы оқушылар сарайындағы «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшесі Елдана көркем сөз оқу саласынан да қара жаяу емес.

"Сүйіп оқитын ақындарым – Сәкен Сейфуллин, Мұқағали Мақатаев.  Сонымен бірге мен әнші, актриса Ариана Грандені үлгі тұтамын. Ол түскен барлық фильмдерді көріп шықтым. Болашақта мен де актриса, тележүргізуші болғым келеді" дейді өзі. Елдана 2016 жылы 31 мамырда өткен «Тілім менің тірлігімнің айғағы» атты ХVІ ауызша Республикалық олимпиаданың I орын иегер атанды. Анасы Арай қазіргі күні «Kazzinc Holdings» ЖШС-де жұмыс істесе, әкесі Ертуған Кеңесұлы жеке кәсіпкерлікпен айналысады.


Ая ӨМІРТАЙ

Суреттер отбасылық архивтен алынды

Бөлісу: