13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызҚазақстанның еңбек нарығы біртіндеп өзгеріп келеді. Сұранысқа ие дағдылардың маңызы артып, жұмыс берушілер мен кадр даярлау жүйесінің өзара байланысы күшейіп, цифрлық құралдар лайықты жұмыс табу мүмкіндігін жеделдетіп отыр. Бұл үдерістердің орталығында адам тұр. Яғни мамандық таңдаудан бастап біліктілік алуға, жұмысқа орналасуға және лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етуге дейінгі барлық кезең қамтылады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Адам үшін жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, кәсіби қабілетін жүзеге асыруға, дамуға және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Сондықтан еңбек нарығының жағдайын жан-жақты бағалау қажет. Экономикаға қандай мамандар қажет, кадр даярлау жүйесі осы сұранысқа қаншалықты сәйкес келеді, азаматтар жұмысты қалай табады және қандай жағдайда еңбек етеді деген мәселелердің барлығы маңызды.
2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштер елдегі еңбек нарығының жалпы жағдайын сипаттайды. Сонымен бірге жұмыспен қамтудың тұрақтылығы, жалақы деңгейі, еңбек құқықтарының сақталуы және қауіпсіздік секілді мәселелер де маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік жұмыспен қамту саясатының негізгі бағыттарының бірі – сапалы жұмыс орындарының санын арттыру. Еңбек нарығын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай олардың санын 3,8 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай жұмыс орындарының саны шамамен 2,9 млн болған.
Сапалы жұмыс орындарына жылына кемінде алты ай жұмыспен қамтуды, өңірдегі медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақыны, қауіпсіз еңбек жағдайын және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін жұмыс орындары жатады. Демек, мәселе тек жаңа жұмыс орындарын ашуда емес, олардың сапасы мен тұрақтылығын арттыруда да болып отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға дейін экономикаға шамамен 2,9 млн маман қажет болады. Мұндай болжам салалар мен өңірлердің кадрларға деген болашақ қажеттілігін алдын ала анықтап, оны кадр даярлау жүйесін қалыптастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтарға да ерекше назар аударылып отыр. Заманауи өндіріс құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын, күрделі технологиялық операцияларды орындайтын және жаңа өндірістік технологияларды меңгеретін мамандарды талап етеді.
Жұмыс берушілердің қазіргі сұранысы да осы бағытты көрсетеді. 2026 жылдың тамызында Enbek.kz порталында орналастырылған бос жұмыс орындарының 42,3 пайызы қызмет көрсету және сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы білікті жұмысшы мамандықтарға, сондай-ақ жабдық операторлары мен машинистеріне тиесілі болды.
Еңбек нарығын дамытуда жұмысшы мамандықтардың беделін арттырудың да маңызы зор. 1 305 адамның қатысуымен жүргізілген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 76,2 пайызы жұмысшы мамандарға деген көзқарасын жоғары немесе өте жоғары деңгейде бағалаған.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 47,7 пайызы жұмысшылар қоғамда лайықты құрметке ие деп санайды. Ал 41,2 пайызы жұмысшы мамандық иелері тиісті деңгейде мойындалмайды деген пікір білдірген. Елдің дамуы үшін ең маңызды мамандықтар мен салаларды атаған кезде респонденттер құрылысшыларды – 20,3 пайыз, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін – 16,7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі мамандарын – 14,8 пайыз және электр мамандарын – 14,4 пайыз көрсеткен.
Білім беру мен кәсіптік даярлау жүйесі жұмыс берушілердің талаптарына сай болуы үшін кәсіби стандарттар қолданылады. Олар белгілі бір жұмысты орындау үшін маманға қажетті білім, білік және дағдыларды айқындайды. Осы стандарттар негізінде колледждердегі білім беру бағдарламалары мен ересектерге арналған кәсіптік оқыту курстарының мазмұны жаңартылады.
Қазақстанда 4,5 мыңға жуық мамандықты қамтитын 864 кәсіби стандарт бекітілген. Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырғандықтан, технологиялар мен өндірістік процестердің дамуына қарай кәсіби стандарттардың мазмұны да жаңартылып отырады.
Бұл бағытта мамандықтар туралы ақпаратты талдауға және біліктілікке қойылатын талаптардың жобасын әзірлеуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да қолданылады. Сонымен қатар кәсіби стандарттардың мазмұнын бағалауға салалық ұйымдар мен жұмыс берушілер қатысады. Өйткені нақты жұмыс орнында қандай дағдылардың қажет екенін ең алдымен солар айқындайды.
Қазіргі еңбек нарығында жаңа дағдыларды тек еңбек жолын бастамай тұрып емес, жұмыс барысында да меңгеруге мүмкіндік бар. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша, соның ішінде тікелей жұмыс орнында және онлайн форматта жүргізіледі.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Skills Enbek платформасында 99,5 мың адам оқуды аяқтаған. Оның ішінде 38,2 мың адам тіркелген жұмыссыздар қатарында.
Бұл ретте оқудың аяқталғаны ғана емес, оның нақты нәтижесі де маңызды. Яғни алынған білімді іс жүзінде қолдану және жұмыс орнында орнығу мүмкіндігі ескеріледі. Мәселен, 2025 жылы жұмыс берушілердің өтінімі бойынша тікелей жұмыс орнында оқудан өткен 2,5 мың адамның 1,8 мыңы жұмысқа орналасты. Ал кәсіпорындардың өтінімі бойынша білім беру ұйымдарында даярлықтан өткен 5,7 мың түлектің 3,4 мыңы жұмысқа орналасты. Сұранысқа ие біліктіліктің болуы адамның бірден лайықты жұмыс табатынын білдірмейді. Жұмыс таңдауға өңір, жалақы деңгейі, жұмыс берушінің талаптары, тәжірибе және кәсіби дағдылар әсер етеді. Сондықтан жұмыспен қамту қызметінің міндеттерінің бірі – азаматтың біліктілігі мен мүмкіндігін жұмыс берушілердің қазіргі сұранысымен сәйкестендіруге көмектесу, ал қажет болған жағдайда қосымша оқуға бағыттау.
Осы мақсатта Қазақстанда азаматтың білімі мен дағдылары туралы мәліметтерді пайдаланып, оған сәйкес бос жұмыс орындары мен қолдау шараларын ұсынатын Цифрлық жұмыспен қамту қызметі дамып келеді. Жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске қосылды. Цифрлық шешімдердің дамуына қарай басты нәтиже ұсынылған бос жұмыс орындарының саны ғана емес, олардың азаматтың кәсіби бейініне қаншалықты сәйкес келетіні және тұрақты жұмыспен қамтылуына қаншалықты ықпал ететіні болып отыр.
Жұмысқа орналасу – еңбек жолының бір ғана кезеңі. Бұдан бөлек, азамат өз құқықтары мен еңбек жағдайларын нақты білуі маңызды. Оған еңбекақының мөлшері мен төлену тәртібі, жұмыс және демалыс уақытының режимі, әлеуметтік кепілдіктер мен қауіпсіздік талаптары жатады.
Еңбек қатынастарының негізгі құжаты – жұмыс беруші мен қызметкердің құқықтары мен міндеттерін бекітетін еңбек шарты. Қосымша талаптар ұжымдық шартта да қарастырылуы мүмкін. Оның ішінде еңбекақы төлеу, оқыту және еңбекті қорғау мәселелері қамтылады. 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 19 683 ұжымдық шарт цифрландырылған.
Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізіледі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3,6 мыңнан астам тексеру жүргізіп, нәтижесінде 36 мыңға жуық қызметкердің құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар қабылдады.
Бұл ретте қазіргі тәсіл тек орын алған заң бұзушылықтарға жауап берумен шектелмейді. Олардың алдын алуға да басымдық беріледі. Ықтимал еңбек тәуекелдерін ерте анықтау үшін Еңбек тәуекелдерінің картасы қолданылады. Бұл құрал, атап айтқанда, кадрлардың тұрақтамауы және міндетті зейнетақы мен әлеуметтік аударымдардың уақытылы жүргізілуі секілді көрсеткіштерді талдауға мүмкіндік береді.
Жиналған мәліметтер еңбек инспекторлары тарапынан қосымша назар аударуды қажет ететін кәсіпорындарды анықтауға пайдаланылады. Ал жұмыс берушілер анықталған тәуекелдер туралы ақпарат алып, оларды дер кезінде жоюға мүмкіндік алады.
> Еңбек қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 969 қызметкер зардап шеккен. Бұл көрсеткіш өндірістік жарақаттанудың алдын алу және әрбір жұмыс орнында қауіпсіз жағдай жасау мәселелеріне тұрақты назар аударуды талап етеді. Кәсіби тәуекелдерді бағалау, қызметкерлерді қауіпсіздік талаптарына оқыту, еңбекті қорғау ережелерін сақтау және міндетті сақтандырудың әрқайсысының өзіндік міндеті бар. Алайда олардың барлығының ортақ мақсаты – өндірістік жарақаттың алдын алу және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау.
Қазіргі еңбек нарығын тек бос жұмыс орындарының саны немесе жұмыссыздық деңгейі арқылы бағалау жеткіліксіз. Әр көрсеткіштің артында нақты адам тұр. Оның білімі, кәсіби дағдылары, жұмыс іздеуі, табысы мен еңбек жағдайы бар.
Сондықтан жұмыспен қамту нарығын дамыту өзара байланысты бірнеше кезеңнен тұратын жүйе ретінде қалыптасып келеді. Экономика кадрларға деген қажеттілікті айқындайды, білім беру және даярлау жүйесі қажетті дағдыларды қалыптастырады, жұмыспен қамту қызметі лайықты жұмыс табуға көмектеседі, ал еңбек заңнамасы қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етеді.
Осындай өзара байланыс жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету міндетінен тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын қалыптастыруға көшуге мүмкіндік береді. Мұндай ортада адам өзінің кәсіби мүмкіндігін жүзеге асырып, тұрақты табыс тауып, қауіпсіз жағдайда еңбек ете алады.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды