19.05.2026
16:45
655
Жаңалықтар

Айыппұлмен шектелмейді: жүргізушілерге жаңа бақылау механизмі енгізілмек

Қазақстанда жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты жаңа балдық жүйе сынақтан өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда пилоттық жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тестіленуде.

Жаңа жүйе бойынша жүргізушілерге ереже бұзғаны үшін тек айыппұл ғана емес, арнайы балл да есептеледі. Егер бір жыл ішінде жүргізуші 20 балл жинаса, ол бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

ІІМ мәліметінше, жүргізушілердің жол ережесін бұзуы туралы ақпарат Бас прокуратураның әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінен алынады. Сол деректер негізінде жүргізушілерге балл есептеледі.

Әрбір құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай 1-ден 3 баллға дейін беріледі. Алайда нақты қандай ережеге қанша балл есептелетіні әзірге жарияланған жоқ.

Маңыздысы – балл тек әкімшілік қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есептеледі. Бұл жүргізушілердің шешіммен келіспеген жағдайда оны сот арқылы немесе заң аясында шағымдануына мүмкіндік береді.

20 балл – бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылу

Жаңа жүйеге сәйкес, жүргізуші бір күнтізбелік жыл ішінде 20 балл жинаса, ол бірден бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл мерзімді қысқарту немесе куәлікті ерте қайтару қарастырылмаған.

Дегенмен жүргізуші куәлігін қайта алу үшін емтиханды қайта тапсыру талап етілмейді.

Балдық жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да әсер етуі ықтимал.

Әзірге бұл – пилоттық жоба

ІІМ өкілдері қазіргі кезеңде жүйе толық енгізілмегенін атап өтті. Әзірге басты мақсат – жаңа механизмнің техникалық жұмысын тексеру.

Жүйе толық іске қосылуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп, пилоттық кезеңнің нәтижелері талданады.

Автосарапшылардың пікірінше, жаңа балдық жүйе жол ережесін үнемі бұзатын жүргізушілерге бақылауды күшейтуге көмектесуі мүмкін. Қазіргі таңда кей жүргізушілер ондаған айыппұл арқаласа да, оларды төлеп, ереже бұзуды жалғастыра береді.

Қазір кей жүргізушілер үшін айыппұл – тек формальді төлемге айналып кеткен. Олар 30-40 хаттама алса да, көлік жүргізу мәнерін өзгертпейді. Сондықтан мәселені тек айыппұл арқылы шешу қиын, – дейді Алексей Алексеев.

Сарапшы жүргізуші куәлігінен айыру мәселесінде де икемдірек тәсіл қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, алғашында жүргізушіні қысқа мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырып, қайталанған жағдайда ғана жазаны күшейткен дұрыс.