«Айыппұл емес, қамау керек»: Бектенов түнгі уақытта шулайтын жүргізушілерді аямауды тапсырды

«Айыппұл емес, қамау керек»: Бектенов түнгі уақытта шулайтын жүргізушілерді аямауды тапсырды

Диана Орынбасар
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов түнгі уақытта қатты дыбыс шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мотоцикл және автокөлік жүргізушілеріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырды.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен бұл мәселе бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Қатты шулайтын мотоциклдер мен автокөліктер мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға қатысты өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Түн ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жүр. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – деді Премьер-министр.

Ержан Сәденовтің сөзінше, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауға бейнебақылау камералары көмектеседі. Сонымен қатар тұрғындар да 102 нөміріне хабарласып, полицияға мәлімет береді.

Жыл басынан бері осындай 372 дерек тіркелді. Барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 55-і қамауға алынды. Көліктер мен мотоциклдер айып тұрағына қойылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз, – деді Ішкі істер министрі.

Министрдің жауабынан кейін Үкімет басшысы айыппұлмен шектелмей, тәртіп бұзушыларға қатаң жаза қолдану қажет екенін айтты.

Оларға айыппұл емес, қамау қажет, – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін Астана мен Алматыда дрифт жасаған жүргізушілер 10 тәулікке дейін қамауға алынған еді. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері жүргізілген рейдтер барысында 226 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Олардың арасында қауіпті көлік жүргізуге қатысты фактілер де бар.

Оқи отырыңыз

{