12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікҚазақ руханияты мен төл өнері орны толмас қазаға ұшырады. Белгілі айтыскер ақын, сөз өнерінің майталманы, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын жырлаған Әсия Беркенова 76 жасында өмірден өтті.
Әсия Әйіпқызы Беркенова – қазақтың дәстүрлі айтыс өнерін қайта жаңғыртып, ұлттық сөз өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол сахна төрінде суырыпсалма өнерімен, тапқырлығымен, терең парасатымен және елдік мәселелерді қозғаған өткір жырларымен халықтың ықыласына бөленді. Ақынның өлеңдерінен ана тілінің тағдыры, ұлттық салт-дәстүр, қоғамның өзекті мәселелері мен елдің мұң-мұқтажы айқын көрініс тапты.
Ақын 1950 жылғы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. 1980 жылдардан бастап айтыс өнеріне белсене араласып, республикалық және халықаралық жыр додаларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бірінші орын иеленді. Ал 1990 жылы оған Қазақстанның халық ақыны атағы берілді.
Әсия Беркенова айтыскерлікпен қатар ұстаздық қызметті де қатар алып жүрді. Талай жас ақынға бағыт-бағдар беріп, ұлттық өнердің жаңа буынын тәрбиелеуге атсалысты. Өнер мен қоғам алдындағы еңбегі үшін «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды. 2025 жылғы қарашада Қостанайда ақынның 75 жылдық мерейтойына арналған «Айдын жырдың аққуы» атты республикалық айтыс ұйымдастырылған болатын.
«Айтыс жұтаған тіліміздің, өгейсіген дініміздің жағдайын ортаға алып шықты»
Әсия Беркенова үшін айтыс тек сөз сайысы немесе өнер додасы болған жоқ. Ол халықтың көкейіндегі мұңды жеткізетін, қоғамдағы кемшіліктерді ашық айтатын мінбер деп білді. Ақын ана тілі мен ұлттық құндылықтардың тағдырына әрдайым алаңдап, сөз өнерінің қоғамдық міндетіне ерекше мән берді.
Ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтыстың қайта жандануына түрткі болған себептерді былай түсіндірген еді:
«Тіл – құрал» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, айтыс қоғамдағы кемшіліктерді сынаудың, одан арылудың құралы болған ғой. Сондықтан қоғамда жарылмаған жарадай мәселелер пісіп-жетілген кезде айтысқа да қажеттілік туады. Хас өнердің алмастай жарқылдайтын сәттері де сондай кезде келеді.
Сексенінші жылдары айтысқа қоғамда қажеттілік туды. Манап, Көкен, Тәушен секілді аға-апаларымыздың соңынан ерген Әселхан, Қатимолла, Қонысбай сияқты біздің буынға саясат пен уақыттың шаңына көміліп қалған айтысқа жан бітіру, оны жаңа деңгейге көтеру бақыты бұйырды.
Айтысқа қажеттілік туды дейтінім, өткен ғасырдың сексенінші жылдары жұтаған тіліміздің, өгейсіген дініміздің, аяқасты болған салт-дәстүріміздің жайы халықтың жүрегінде қатталып, шемен болып қатып қалған еді. Айтыс осының бәрін жанартау секілді жарып, ортаға алып шықты. Біз жырлаған мәселелердің бүгінде қоғамда өз орнын тауып, шешімін тапқандары бар. Мысалы, Наурызды алайық. Қазір бұл мереке елімізді қойып, халықаралық деңгейге көтерілді.
Ақынның бұл сөзінен оның айтысты ұлттың үнін жеткізетін үлкен мінбер деп танығанын аңғаруға болады. Ол сахнаға тек өнер көрсету үшін емес, елдің көкейіндегі мәселелерді айту үшін шықты.
«Айтыс ақыны болу бір әйелге оңай жүк емес»
Әсия Беркенова айтыс өнерінің әйел адамға артатын жауапкершілігі мен ауыртпалығын да жасырмаған. Ақындық жолдың қуанышы мен қиындығын қатар сезінген ол өзінің өмірдегі және өнердегі орнын былай сипаттаған:
Жармын, анамын, ақын болып еліме танылдым. Осының барлығы да бір әйелге аз бақыт емес. Бірақ айтыс ақыны болу бір әйелге оңай жүк емес. Ұлтымыздың, халқымыздың қамын жеген ойларымды ашық айтып тастаймын. Ойыңды бүкпелемей, ашық әрі кесіп айтуыңнан жергілікті билік те, замандастар да кейде жақтырмай қалуы мүмкін. Қазір айтысқа көп шықпасам да, көңілімдегі ойды өлеңге түсіремін.
Шынында да, Әсия ақынның айтыстағы болмысы оның батылдығымен, шындықты бүкпесіз айтуымен ерекшеленді. Ол көптің көңіліндегі сөзді тауып айтып, қоғамдағы түйткілдерді жырға қосып отырды. Сахнадан алыстаған шағында да өлеңнен қол үзбей, көңіліндегі ойды қағазға түсіруді жалғастырды.
«Әдебиет – тәрбиенің құралы»
Ақынның әдебиетке, сөз өнеріне деген көзқарасы да терең еді. Ол ақындықты жай ғана ұйқас құрау немесе танымал болудың амалы деп қабылдамаған. Әсия Беркенова үшін шынайы әдебиет адамның парасатына, ар-ұятына және ішкі тазалығына тікелей байланысты болған.
Бұл туралы ол бір сұхбатында былай деген:
Өмірде әркім өзінің ұстанымы мен парасатына қарай әрекет етеді. Ақын да – адам. Оның арын қаншалықты таза ұстауы ақыл-ойы мен интеллектісіне байланысты. Бір нәрсені жарнамалау үшін «атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен жүретін адамдарды әдебиетші деп айтуға болмайды. Бойындағы азғантай талантын кез келген нәрсеге жұмсайтындарды да әдебиетке қатысы бар деу қателік.
Мысалы, мұғалім мен ұстаздың айырмашылығын алайық. Арнайы оқу орнын бітірген маман мұғалім атануы мүмкін. Бірақ одан шын мәніндегі ұстаз шыға ма, шықпай ма – мәселе осында. Сол сияқты, өлең мен сөзді қастерлей білетін, білімі мен ақыл-парасаты келіскен, сөз өнеріне ерекше құрметпен қарайтын адамды ғана әдебиетші деу керек.
Әдебиет – тәрбиенің құралы. Егер поэзиядан немесе прозалық шығармадан адами қағидаттардың иісі аңқып тұрмаса, оны әдеби шығарма деп атауға болмайды. Меніңше, нағыз суреткер сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі көрсетуі керек. Оның шығармасынан тазалық сезіліп тұруы тиіс. Осы мәселелерді түсінген адам кімнің адал, кімнің ары кірлегенін ажырата алады деп ойлаймын.
Бұл пікірінен ақынның сөз өнеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарағаны байқалады. Ол үшін ақынның биігі – атақ пен даңқта емес, адамдық болмысында, шығармасының тәрбиелік мәні мен шынайылығында.
«Балаңды тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле»
Әсия Беркенова өнердегі ұстанымымен қатар, отбасы тәрбиесіне де ерекше мән берген. Ол балаға ақыл айтудан бұрын, ата-ананың өзі үлгі бола білуі керек деп санаған. Ақынның пікірінше, баланың мінезі мен дүниетанымы отбасындағы күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады.
Бұл туралы ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, былай деген еді:
Мынадай бір ақылды сөз бар: «Балаңды тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле». Баланың бағдаршамы – ата-ана. Үйде орынды сөз сөйлеп, адал еңбек етсең, ұрпағың да солай өседі. Күнің қыдырумен өтсе, телефонды құлағыңа қыстырып алып, өсек айтсаң, балаң да өсекші, сайранқұмар болып шыға келеді. Отбасындағы беделің де төмендейді.
Жеткіншекке «былай істе» деп айтсаң, ол сөзіңді ұқпауы мүмкін. Бірақ сенің көрсеткен үлгіңді қайталайтыны анық. Нақыл айтудан гөрі, нақты өнегең маңызды. Біздің отбасындағы ұстаным да осындай болды. Өзіміздің адал еңбегімізбен, адамдық қарым-қатынасымызбен балаларымызға тәрбие бердік.
Кішкентай кездерінде біреудің ойыншығына қызығып, үйге алып келсе, «ертең осындай ойыншық алып беремін, бірақ сен мынаны алған жеріңе апар» деп, оны қайта орнына қойғанша қарап тұратынмын. Тәрбие осындай ұсақ-түйектен басталады.
Ақынның бұл сөздері оның бала тәрбиесіне де үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Ол ұрпаққа өнеге берудің ең тиімді жолы – өзіңнің күнделікті іс-әрекетіңмен үлгі болу екенін өмірлік ұстанымына айналдырған.
Өшпес мұра, ұмытылмас есім
Әсия Беркенова – қазақ айтысының қайта түлеп, жаңа белеске көтерілуіне үлес қосқан, ұлттық сөз өнерінің қадірін биік қойған біртуар тұлға. Ол жыр додаларында елдің мұңын айтып, ана тілінің тағдырын толғап, ұлттың рухани құндылықтарын қорғады. Өнердегі өрнегімен ғана емес, өмірдегі ұстанымымен де кейінгі буынға үлгі бола білді.
Ақынның айтыс өнеріне, әдебиетке, тіл мен тәрбиеге қатысты айтқан ойлары бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Оның жырлары мен тағылымды сұхбаттары, шәкірттеріне қалдырған өнегесі – ұлт руханиятының қазынасы.
«Жақсының аты өлмейді». Әсия Беркенованың жарқын бейнесі, өр мінезі мен өрелі жырлары халқының жадында сақтала бермек.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша өнерсүйер қауымға қайғырып көңіл айтамыз. Иманы саламат, топырағы торқа болсын!
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер